Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

САЗ ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҒЫ

САЗ ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҒЫ
ашық дереккөз
САЗ ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҒЫ
1970 жыл. Облыс орталығы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы Химиктер сарайында пролетариаттың ұлы көсемі В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған мектеп оқушылары көркемөнерпаздарының байқауы өтіп жатыр. Барлық аудандардан келген жас таланттар кезекпен өнер көрсетуде. Зал ортасындағы ұзынша үстелде – қазылар алқасы. Қазылар алқасының талабы жоғары: қай жанрда болсын орындалатын шығарма саяси тақырыпта болуы керек. Ленин туралы болса, тіптен жақсы! Осы талаптан шыққандар республикалық фестивальда бақ сынауға бармақ. Реті келіп тұрғанда айтпасқа амал жоқ, әрі бір мақтанып қалайын, осы байқауда осы жолдар авторының да бағы жанып, республикалық фестивальға қатысу бақытына ие болған. 1970 жылы маусым айында Алматыда өткен байқау қорытындысында үздіктер қатарынан көрініп, «В.И.Лениннің 100 жылдығына арналған республикалық фестивальдің лауреаты» атанып қайтты. Айтайын дегенім, Химиктер сарайында өткен облыстық байқауда Садыхан Әубәкіровтің есімін бірінші рет естігенім туралы. Өйткені ол есімді ерекше есте қалатындай жағдайда естігенмін. Сарысу ауданының өнерпаздары концерт қойып жатқанбыз. Сахнада ұлт аспаптар оркестрі күй орындаған. Құрманғазының «Ақбай» күйі. Осы шығарманы қазылар алқасы мүшелерінің бірі қайта орындатты. – Сұлтанбек, менің фрагімді киіп, дирижерлік жаса! – деген әлгі кісі зор дауыспен айқайлап. Қазылар алқасынан ешкім қарсы болған жоқ. Сірә, соған қарағанда сыйлы, беделді кісілердің бірі-ау, шамасы? Әлгі кісінің талабымен күй қайта орындалды. Сонда маңайымдағы үлкен кісілердің «Садыхан ғой, Садыхан Әубәкіров» дегенін құлағым шалып қалған. Онша мән берген жоқпын. Мән беретіндей, ол кісіні танымаймын да. Бірақ сол жолы ол кісі өзінің ерекшелігін көрсетіп қалған еді. Осы оқиғадан көп кейін, университетті бітіріп келіп, Жамбыл аудандық газетінде қызмет атқарып жүргенімде ол туралы ел құлағын елең еткізген сенсациялық жаңалық хабар естідім. «Композитор Садыхан Әубәкіров белгісіз жағдайда жоғалып кетіпті» деген. Қазір саралап отырсам, 1984 жылдың шілде айы екен ғой. Бұл жолы алғашқыдағыдай емес, әлгі елең еткізер жаңалыққа әжәптәуір мән бергендеймін. Мүмкін, аты-жөніне «композитор» деген анықтама қосылып айтылғандықтан шығар? Ол кісінің біз «культпросвет» атап кеткен Жамбыл мәдени-ағарту училищесінде ұстаздық қызмет атқаратынын осы хабардан білдім. Менің талай талантты өнер саңлақтарын тәрбиелеп, түлетіп ұшырған осы оқу орнына құрметім ерекше. Бұл, бәлкім, мамандығыма қарай сол кісілердің кейбіреулерімен сұхбаттасқанда естігендерімнің, сахнадан өнерлерін тамашалаған кездерімнің, кейбіреулерімен аралас-құралас болғанымның әсерінен де шығар, мүмкін? «Бұл менің шығармашылық адамы болғандығымнан, өнерді өлердей сүйетіндігімнен болуы да мүмкін» деп ойлаймын өзіммен өзім қалғанда. Қалай дегенде де жаныма жақындығы бар. Осы оқу орны өнер колледжіне айналғанда қатты қуанғандардың, оңтайландырудың оң жамбасына ілігіп, гуманитарлық колледж құрамына енгізіп жібергенде қатты өкінгендердің бірімін. Қалай дегенмен де өнердің жеке өз оқу орны болуы керек. Болашақта болатын шығар. Бірді айтып бірге кетіп қалдым-ау, «культпросветтің» із-түзсіз жоғалып кеткен оқытушысы Садыхан Әубәкіров туралы еді ғой әңгіме. Ол кісінің тума талант, ерен өнерпаз, шебер ұйымдастырушы, керемет сазгер екенін кейін біліп жатырмын. Досым Мұхтар Рахманқұлов Жамбыл аудандық «Аса сазы» халықтық фольклорлық ансамбліне көркемдік жетекші болып жүргенінде ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында Садыхан Әубәкіровтің «Өрлеу» күйін сахнаға шығарған. Беріле тыңдадым. Алған әсерім керемет! Рухани жандүнием байып, тұма бұлақтың тұнығынан сусындағандаймын. Шөлім қанғандай. Басында білмегеннен кейін Мұхтардан сұрағанмын кімнің күйі екенін. – Бұл – менің ұстазым Садыхан Әубәкіровтің «Өрлеу» күйі, – деді Мұхтар мақтанышпен. «Мақтануға да, мақтауға да тұратын тұлға екен-ау» деген бір ой түйгенмін сонда ішімнен. Сол түйілген ойдың түйінін шешу мақсатында біраз журналистік зерттеу жүргізіп көрдім. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген қорытынды жасап отырмын сол зерттеулерімнен. Иә, Садыхан Әубәкіров белгісіз жағдайда із-түзсіз жоғалып кетті. Алғашында ағайын-туыстары, жақын жанашырлары, кейін құзырлы құқық қорғау органдары қанша іздестірсе де таппай қойды. Қылмыс әлемінің небір құпияларын ашатын құқық қорғау органдарының өзі дәрменсіздік танытқан соң әбден күдер үзген отбасы, туыстары он жылдан кейін еске алу асын берген. Осымен бітті. Анда-санда жақындарының, көзін көргендердің ол туралы сөз арасында айтып қоятындарын есептемегенде, Садыхан Әубәкіровтей талант иесі, өнерпаз, сазгер, ұтқыр ұйымдастырушы, ұлттық өнердің насихаттаушысы, арда азамат, ақкөңіл адам мына өмірде болмағандай. Еске алып жатқан ешкім жоқ. Ал анығына келсек, Садыхан ел ұмытатындай адам ба еді? Мына заман, адамдар не болып барады өзі?! Жорғаны жабыдан, жақсыны жаманнан ажырата алмайтындай жағдайға жетіппіз ғой. Бүйте берсек, адамгершіліктен жұрдай болып, елдігімізден де айырылып қаламыз-ау! Ұлтымызға ұят келетіні өз алдына, ішкі-сыртқы жаулардың жымысқы әрекеттерінен жойылып кетпесек болғаны! Бір адамның төңірегінде әңгіме қозғай отырып, осынша күйінуімнің жөні бар. Бізді қоғамның әрбір мүшесінің тағдыры ойландыруы керек. Біз әрбір адамның болашағын ойлауға, оған қамқорлық жасауға тиіспіз. Онсыз ел болуымыз екіталай. Осыны отаншыл азамат ретінде адамгершілік тұрғысында ойлайықшы! Ойлаған боламыз. Оңдырып жатқан ештеңеміз жоқ. Қазір талай тума таланттың шетел асып кетіп жатқаны, кезінде талайларының лайықты бағаланбағаны осыған дәлел. Менің Садыхан Әубәкіров туралы айтып отырғаным – соның бір мысалы ғана. Арғы өмір тарихын қазбалап қайтейік, Садыхан Әубәкіров Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясында оқып жүргенінде-ақ өзінің өнер әлеміндегі өзгешелігін көрсеткен екен. 1957 жылы консерваторияның ұлт аспаптары факультетін домбыра класы бойынша бітіріп тұрып, дирижерлік мамандығын жетілдіру үшін тағы да үш жыл оқуға қалыпты. Қалғысы келгенді қалдыра бермейді ғой жоғары оқу орнында, іріктеуде сынақтан сүрінбей өткен шығар? Садыханның студент кезінде шығарған «Жеңеше» әні оны өнерсүйер қауымның қошеметіне бөлеп, өнерді түсінетіндер мен құрметтейтіндерден лайықты бағасын алыпты. «Алматының Құрманғазы атындағы консерваториясының студенті Садыхан Әубәкіровтің «Жеңеше» әні (сөзі Т.Молдағалиевтікі) заманауи халықтық әзіл өлеңдер үлгісінде жазылған. Әуезді және тесситура жөнінен ыңғайлы. Музыканың сапасы жағынан жоғары, көркем деңгейде. Әуені мәтін мазмұнына толық сәйкес. Жоғарыда айтылғандар негізінде С.Әубәкіровтің «Жеңеше» әні радиохабарлар мен әуесқой композиторлар шығармаларынан берілетін концерттер бағдарламаларына ұсынуға толық лайық», – деп пікір білдіріпті Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Л.Хамиди, 1959 жылдың 15 сәуірінде. Демек, әнді сол жылы жазылған деп есептесек, Садыхан Әубәкіров небәрі 21 жаста екен. Оны «тума талант» деп отырғанымыз сондықтан. Әрі бұлай деуімізге өнер саласында облысқа танымал бірқатар тұлғаның ол туралы айтқандары себеп болып отыр. «Биік мінберде тұрған орта бойлы, ақсары жігіт қолындағы жіңішке сиқырлы таяқшасын сілтеп қалғанда оркестрден үн төгіліп қоя берген. Бірде ерік бермей екпіндеген, бірде баяу күңіренген сол құдіретті үн, әсерлі әуен жалғыз таяқшаның айдауында. Жұрт оркестрдің сол сарынды әуенін «бір шыбықпен айдаған» жігітке дән риза. Бұл Химиктердің мәдениет сарайы ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Садыхан Әубәкіров еді», – деп жазыпты Әулиеата өнерінің ақсақалы, өнер өлкесінің қадірлі қариясы (ол кезде мәдени-ағарту училищесінің мұғалімі) Яхия Шынәсілов 1969 жылы 3 қыркүйекте Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазір «Aq Jol») газетінде жарияланған «Күй күмбірлеп...» атты мақаласында. Адам мақаланы оқып отырғанның өзінде күй тыңдағандай әсер алғандай. Садыхан Әубәкіров туралы оның жары, бауырлары, балалары, әріптестері, шәкірттері айтқан естеліктер 2015 жылдың қарашасында жарық көрген «Өміріне өрлеу берген өнер» атты жинақта жарияланған. Бұл кітап Садыханның үлкен ұлы Әсеттің отбасылық досы Гүлназ Ерсейітованың ұйымдастыруымен жарық көріпті. Құрастырушылар Г.Ерсейітова мен Т.Рахымбаев – Қаскелең мәдениет колледжінің оқытушылары. Бұл еңбектің сазгердің туғанына 80 жыл толуы қарсаңында жарық көруі оның осы атаулы күнге арналғанын аңғартса керек. Садыхан Әубәкіров 1936 жылы 24 ақпанда дүниеге келген екен. Кітаптағы әр естелік кейіпкердің керемет таланты, асқан адамгершілігі, жақсы қасиеттері жайында әңгімелерден басталады да, оның із-түзсіз жоғалып кетуі туралы өзекті өртеген өкінішпен, оған деген сарғайған сағынышпен түйінделеді. Әр естелікті оқуды жақсы көңіл күймен, ризашылықпен бастап, қабағыңды түйіп отырып аяқтайсың. Әсерлілігі де сонда. Сондықтан естеліктер жайында ештеңе айтпай-ақ қойғаным дұрыс болар. Зерттеу материалдарынан анықтап білгеніміздей, бірлі-жарым сұхбаттасқандардан естігеніміздей, Садыхан Әубәкіровтің өнерпаз, тамаша талант, ұлағатты ұстаз болуымен қатар, ерекше еңбекқор, шебер ұйымдастырушы, өзін өнерге арнаған адам болғанын аңғарамыз. Ол Жамбыл мәдени-ағарту училищесіндегі ұстаздық қызметімен қатар, Химиктер мәдениет сарайында ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі болған. Садыхан Әубәкіровтің тамаша талант, жақсы сазгер екеніне оның артында қалған шығармалары дәлел. «Оның «Өрлеу» күйі – өлмейтін еңбек. Атын өшірмейтін де осы күй болады» деп ойлаймын өзімше. Мен музыка маманы емеспін. Дегенмен осылай ой қорытуыма «Өрлеуді» бірнеше рет қайтара тыңдауым себеп болып отыр. Менің естуімше, әлемде бір-ақ шығармасымен аты қалған сазгерлер көп. Мысалы, поляк ұлтының өкілі Огнинскийдің атағы «Полонез» атты шығармасымен шыққан. Басқа туындылары туралы естіген емеспін. Менің өз білуімше, «Өрлеу» күйі – бірегей шығарма. Іздену арқылы білгенім: Садыхан Әубәкіровтің «Балдырған» атты тағы бір күйі бар, бірақ, ол шығарма танымал емес. Әндері біраз бар екен. Оншақты болады-ау шамасы. Бірқатары қазір де орындалып жүр. Ал республикаға танымал тарпаң ақын, тарлан ақын Жақсылық Сәтібеков ағамыздың сөзіне жазылған «Жамбыл қызылшашыларының вальсі» әнін өзіміз де орындағанбыз. Өлең де, ән де кеңестік кезеңдегі саясатқа сай тапсырыспен жазылғаны айтпаса да түсінікті. Әр адам – өзі өмір сүрген қоғамның патриоты. Сондықтан, бұл шығарма екі автордың да патриоттық сезімінен туғаны даусыз. Өлең сөздері еңбек адамына ерекше шабыт берсе, ән әуені көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Содан соңғы бір айқын аңғарылып тұрғаны – Садыхан Әубәкіровтің туған жерге туын тігуге тырысқаны. Оның әндерінің көпшілігі жергілікті ақындардың сөздеріне жазылған. Жоғарыда айтқан Жақсылық Сәтібеков, одан бөлек Әдібай Табылдиев, Күлән Шілдебаева, Шона Смаханұлы, Тынышбай Рахимов сынды өлең өлкесінің өкілдері – жамбылдықтардың мақтанышы. Ұстаз Садыхан Әубәкіров «Бұлақ көрсең, көзін аш» ұстанымымен талай талантты тұлғалардың өнерлерін өрістетуге әсер еткен. Сазгердің жары Мария Каюмқызы: «Біздің үйге шәкірттері Әбдімомын Желдібаев, Садық Құнанбаев, Бағыдат Шәйкенов, Қарауылбек Қазиевтер өз үйлеріне келгендей жатып кетіп жүретін. Алтынбек Қоразбаев та Садыханның шәкірті», – деп жазыпты ол туралы естелігінде. Аталған азаматтардың барлығы дерлік өнер өлкесінде танымал тұлғалар, сазгерлер. Ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлестері зор. Әрине, Садыхан оларға күй немесе ән жазып бермегені белгілі. Дегенмен, шығармашылықтарын шыңдауға әсер еткені сөзсіз. Олармен әріптес ретінде де ой-пікірлері ортақ болғанында дау жоқ. – Садыхан ағай – менің ұстазым. Жайшылықта жайдары ағайымыз сабаққа келгенде өте қатал, талапшыл еді. Менің өнердегі ізгі ізденісім мен жетістіктерім соның арқасы шығар? – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Мұхтар Рахманқұлов, – Ол кісі «Өрлеу» күйін жазып жүргенінде «Мұхтар, осының сағасынан шығаруы қиындау болып тұр. Сен тыңдап көріп, пікіріңді айтшы!» деген сыр тартқандай. Мен пікірімді де айттым, ұсынысымды да білдірдім. Ол кісі шынайы ризашылықпен қабылдады. Кез келген шығарма – автордың туған баласындай. Одан артық болмаса, еш кем емес. Оның «баласын» көрсетпей тығып ұстауға да, қызғануға да қақысы бар. Ал Садыханның шәкірті Мұхтардан пікір сұрап, ұсынысына келісуі – нағыз ақпейіл адамның ісі. – Біздің әулеттен ағамнан кейін өнер жолына мен түскенмін, – дейді Садыханның немере інісі, Мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы консерватория түлегі, бірнеше жыл Сарысу ауданында Ықылас Дүкенұлы атындағы саз мектебінің директоры болған Мұрат Әубәкіров. – Ағам ерекше талантты еді ғой. Біздің маңдайымызға сыймай кетті. Өте әсершіл, адамға сенгіш, ақкөңіл еді. Із-түзсіз жоғалып кетуіне сол мінезі де себепші болды ма, кім білсін?! Мұраттың мұңая айтқан бұл сөздерінің аржағында да сарғайған сағыныш жатыр. Менің ұққаным, сазгер Садыхан – Әубәкіровтер әулетінің ғана емес, өнердің маңдайына сыймай кеткен талантты тұлға. Адам қай қоғамда өмір сүрмесін, елге сіңірген еңбегіне қарай бағаланады. Ол – заңдылық. Небәрі 48 жыл қыршын өмірінде Садыхан Әубәкіров санаулы ғұмырының тура ширек ғасырын қоғамдық пайдалы жұмысқа арнаған екен. Жұмыста қол жеткізген жетістіктері де баршылық. Оның мемлекеттік награда – «Құрмет белгісі» орденімен, КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен, одақтық деңгейдегі төсбелгілермен, дипломдармен марапатталуы – осыған айғақ. Соның бәрі де ұлттық өнерді ұлықтаудағы жетістіктері үшін берілген. Оның отбасына, ұл-қыздарына, өмірін жалғастырып жатқан ұрпағына осы медет. Көңілдерін әкелеріне көрсетілген осы құрметпен жұбатады. «Егер аман-есен болғанында («Тірі болғанында» деп айтуға аузым бармай отыр. Өйткені оның өлгені туралы дерек жоқ қой. Б.Ж.), өнерде талай асулардан асып, талай биіктерді бағындырар еді-ау» деген ой ұялайды көңілімізге. Ол да заңдылық. Болмысы бөлек тұлға, өнерде өзіндік орны бар талант туралы басқаша ойлау да мүмкін емес. Осы жерде ол туралы емес, оның шығармашылығын насихаттау, рухына құрмет көрсету жайында айтпағым бар. Садыхан Әубәкіров беймәлім жағдайда із-түзсіз жоғалып кеткенімен, оның артында мұрасы – шығармалары қалды ғой. Анау-мынау емес, музыка мамандарынан, көрермендерден лайықты, жақсы баға алған шығармалар. Қазір сазгер шығармаларының жай-күйі, насихатталуы қалай? Әдебиетте ақын-жазушылар шығармаларын насихаттауда қолға алынып жатқан іс-шаралар бар. Махамбет оқулары, Әуезов оқулары, т.б. осындай оқулар, апталықтар осы айтқанымызға айқын дәлел. Оған қазір кітапханаларда «Бірге кітап оқимыз», «Бір кітап – бір ел» акцияларын ұйымдастыру қосылып отыр. Осының бәрі адамдардың рухани байлығын арттыруға арналған. Қоғам ғарыштық жылдамдықпен алға қарыштап бара жатқан, ғылым мен білім дамыған қазіргі заманда бұл – керек іс-шара. Жай ғана керек емес, өте керек! Ғылыми-техникалық прогресс қанша дамығанымен адамдар азғындап, жастарымыз мәңгүрттеніп бара жатқаны жасырын емес. Оны айтпасақ, «ауруын жасырғанды ажал әшкерелейді» жағдайына ұшырайтынымыз сөзсіз. Ол үшін адамдардың, әсіресе жастардың рухани байлығын арттыруға барымызды салуымыз керек. Жаһандану жақсы-ау, бірақ жаһандануға жұтылып кету – өте қауіпті. Жоғарыда әдебиеттің, сөз өнерінің насихатталуы, бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы айттық. Саз өнері, музыка туралы да сондай жұмыстар керек-ақ. Облыс руханиятының тізгінін ұстап отырған тұлғалардың, облыстық мәдениет басқармасының, мәдениет колледжі оңтайландыру жолымен құрамына еніп кеткен Жамбыл гуманитарлық колледжі басшыларының құлағына алтын сырға: облыста, аудандарда Садыхан Әубәкіров шығармалары насихатталып, концерттер ұйымдастырылса, одан ұтпасақ, ұтылмас едік. Әрі бұл ұлттық өнерді дамытуға бар саналы ғұмырын арнаған тұлғаға көрсетілген құрмет болар еді. Айтпақшы, бір мәселені ұмытып барады екенмін. Тараздағы Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің алдындағы аллеяға облыс, қала мәдениеті мен өнерін дамытуға өзіндік үлестерін қосқан бір топ қайраткердің есімдері ойып жазылған мәрмәр тақтатас белгілер қойылған. Өте орынды! Оларға өзіміз құрмет көрсетпесек, кім көрсетеді енді? Мұны ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» деген ұлағатты сөзімен тұздықтар болсақ, тіпті айшықтала түспек. Біз осы мақаланы жазу барысында бірнеше жерде атап көрсетілген Химиктердің мәдениет сарайы – қазіргі Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі, яғни аты өзгерсе де заты өзгермеген осы мәдениет ошағында сазгер Садыхан Әубәкіров қазақ ұлт аспаптар оркестрін құрып, оған 20 жылдай жетекшілік жасап, дирижерлік еткен екен. Әлгі мәрмәр тақтатастардың біріне сол өнер қайраткерінің аты жазылғанда артық болмас еді-ау. Осы игілікті істі ұйымдастырушылар Садыханды қалай ұмытып кетті екен? Әлде «өзі жоқтың көзі жоқтың» кері келді ме екен? Әлде өнердің өрмінезді өкілін лайықты көрмеді ме екен? Әлде... әдейі ме? Айтпаса, сөздің атасы өледі, реті келіп тұрғанда бір мәселені батыл әрі баса айтқымыз келеді: «Жақсы адамның артынан сөз ереді», кезінде Садыханның «еркелігі» туралы пыш-пыш әңгімелер айтылған да шығар? Ондай-ондай ханның қызында да болады. Бірақ оның бетіне өшпестей қара күйе жағылған жоқ қой. Із-түзсіз жоғалып кетуі – сол күйі ашылмаған құпия. Құдай пенденің басына бермесін ондай жағдайды. «Сонда өңір өнерінде өшпес ізі қалған, дамуына өзіндік үлесін қосқан сазгер, дирижер Садыхан Әубәкіров не үшін ұмыт қалды екен?» деген күмәнді сұрақ мазалайды бізді. Бұл сұрақ өнерсүйер қауымның да, кезінде Садыханның іргелі істеріне куә болған, өнерін тамашалаған көзкөргендердің де көкейінде болуы керек? Ендеше бұл сұрақтың жауабын жоғарыдағы руханият қазанының қақпағы қолында тұрғандардан, биліктің бишігін үйіріп отырғандардан күтейік. Мүмкін, мәдениет саласындағы марғасқалар кемшілікті қалпына келтіріп, аллеяға Садыхан Әубәкіровтің аты-жөні, атақ-лауазымы жазылған бір тақтатас қосып қоя салар? Мүмкін, оның шығармаларынан концерттер ұйымдастырар? Қалай болғанда да қарап қалмас. Әйтеуір, алтынды тот баспайтынын ұмытпағандары жөн.

Болат ЖАППАРҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар