Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР ҰЛЫҚТАЛДЫ

ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР ҰЛЫҚТАЛДЫ
ашық дереккөз
ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Қазақ халқы ерте заманнан салт-дәстүрді берік ұстанғаны, әр дәстүрдің өзіндік тәрбиелік мәні болғаны белгілі. Дегенмен технология дамыған заманда ата-баба салты ұмыт болып бара жатқандай көрінетіні жасырын емес. Бұл ретте ескіні жаңартып, бұрынғыны жаңғырту ұлттық руханиятымызды көтеру, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, салт-дәстүрлерімізді дәріптеу үшін аса маңызды. Бұлай жасамасақ, өзімізге тән болмысымыз бен ділімізден айырылып қалу қаупі бар. Сол үшін де ата-бабаларымыз салған сара жолмен жүріп, мирас еткен мұраларына адалдық таныту, өткенді ұмытпай, жаңаша кейіпте әспеттеу идеологиялық тұрғыдан өте өзекті. Мәселен, қазақ халқының жаз жайлауға жеткенде тойлайтын ұлық мерекесі бар. Ол «Қымызмұрындық» деп аталады. Жылқының маңдайына май жағу – мерекенің басы. «Тоқшылық пен молшылық болсын!» деген ізгі тілекпен ақ жаулықты аналар күбі басына орамал тағады. Ел-жұрттың ақ батасымен желіге құлын байланып, бие сауылады. Сабаға құйған саумал баппен пісіледі. Мерекеде бұлжытпай орындалатын «Ақ тамақ» дәстүрі бойынша қазан-қазан ет асылып, берекелі дастарқан жайылады. Мың да бір дертке шипа болған бал қымыз құйылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен үлкен-кішіге тегіс ұсынылады. Апта аралығында «ALMALY» этно-туристік кешенінде «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған «Қымызмұрындық» этно-фестивалі дәл осы ұлттық дәстүрімізді ұлықтауға, әдет-ғұрпымызды дәріптеуге арналды. Облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының тікелей қолдауымен ашық аспан астында жаңаша форматта өткізілген шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, аудан ардагерлері, өзге аудандардың ардагерлері, жергілікті тұрғындар арнайы келіп, дәстүрлі мерекені тамашалады. Айтулы шара өңір басшысы Ерлан Қыдыралының алғысөзімен ашылды. – Қазақ халқының ұлттық қазынасына жататын мәдени рәсімнің бірі – Қымызмұрындық. Білген адамға, бұл – Наурыз мейрамы сияқты көнеден тамыр тартқан қазына. Ерте замандағы жат жерден келген тарихшылар мен саяхатшылардың жазба деректерінде «Сақтардың ең жақсы сусыны – қымыз, ал үлкен тойы – Қымызмұрындық» деп жазылғаны талай сырды аңғартып тұрса керек. Ғасырлар бойы жалғасқан сол дәстүрлі мереке Кеңес кезеңінде үзіліп қалып, тек кейінгі жылдары қайта жаңғырды. Бұрын қалай болған еді? Жазға салым, дала төсін жасыл торғын жапқанда киіз үй маңындағы қазыққа желі тартылып, құлындар байланып, биелер сауылған. Сол жерде кереге тартылып, көк майсаға дастарқан жайылып, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылған. Келген кісілер жақсы ырымды сөздер айтып, дәмнен ауыз тиген, бата берген. Ұлтымызда осындай жоралғының сақталып отырғанына қуануымыз керек. Қазір де халқымыздың ұлттық сусыны – қымыз әзірленіп, саумал күбіге құйылып, қазанда түрлі тағамдар пісіріліп, қазақтың ән-күйі шырқалып жатса, жұртшылық үшін одан артық қандай мереке қажет? Осынау дәстүрлі мерекенің жер-жерде өтіп жатқаны көңілді нұрландырады. Қымызмұрындықты республикалық деңгейдегі мерекеге айналдырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Ендігі кезекте ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрімізді, мәдени-рухани құндылықтарымызды жандандырып, сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу – асыл парызымыз, – деді аудан әкімі өз сөзінде. Оның сөзін жалғаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы «Біздің алтын қазығымыз, адастырмас ақ жолымыз – ұлттық салт-дәстүріміз. Жылқы малын алғаш рет қолға үйреткен қазақ халқының бие сүтінен жасалатын сусынға қатысты дәстүрлерінің бірі – Қымызмұрындық. Халқымыздың бұл дәстүрі бірлік пен қонақжайлықты, жомарттық пен мәрттікті білдірсе керек. Біз мерекені тойлау арқылы ата салтты ардақтаймыз, қымыздың емдік және тағамдық ерекшеліктерін жаһанға танытамыз, қадір-қасиетін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіреміз» – деп, аудандық тарихи-өлкетану мұражайына Қымызмұрындық дәстүрінің символы саналатын көлемді торсықтың макетін естелік ретінде тарту етті. Фестиваль барысында көпшілік назарына аудан тарихынан сыр шертетін көрнекіліктер, қолөнер көрмелері ұсынылды. Арнайы тігілген екі киіз үйдің біріндегі көрме де жұртшылық назарынан тыс қалмады. Екінші киіз үйде салт-дәстүр көрсетіліп, көпшілікке қымыз берілді. Ақ жаулықты әжелер жүн түтіп, ұршық иіріп, келі түйіп, ауылдың алтыауызын айтты. «Дарын» театрының әртістері мерекелік қойылым қойса, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев биебау батасын берді. Ұлттық нақышта киінген бұрымдылар қымыздың қалай жасалатынын көрсетіп, қымыз түрлерімен таныстырса, жігіттер жағы қымыз ішіп жарысты. Ұл-қыздар алтыбақан теуіп, қыз бен жігіт айтысын тамашалады. Сондай-ақ қазақ күресі, қол күрес, ләңгі тебу, садақ ату, асық ойнау, дойбы, арқан тартудан жарыстар ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделген мереке соңында көпшілікке түскі ас берілді. Этно-фестивальдің қызықты әрі жоғары деңгейде өтуіне аудандық мәдениет үйі, «Жастар ресурстық орталығы», орталық кітапхана, «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы», аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімі, білім бөлімі, М.Төлебаев атындағы өнер мектебі қызметкерлері үн қосып, бір кісідей атсалысты. Киелі Жамбыл өңірінің мәдениеті мен өнерін және қонақжайлығын паш етті. Сол үшін де аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ильяс Қалыбеков, журналист,

Жамбыл ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар