Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жалған ақпарат жарға жығады

Жалған ақпарат жарға жығады
ашық дереккөз
Жалған ақпарат жарға жығады
Жасы үлкен кісілердің сөзіне құлақ түрсек, осыдан 20 жыл бұрынғы жағдай мен қазіргі кезең мүлдем салыстыруға келмейді. Өзіміз де куә болып жүргендей, қоғамның ақпаратты тарату және оны қабылдау түсінігі де өзгерген. Бүгінгінің адамы кез келген ақпаратты алысқа бармай-ақ таба алады. Ол үшін қолындағы телефонға үңілсе жеткілікті. Қолданыстағы гаджеттерге күніне қаншама ақпарат келіп түсетінін барлығы жақсы біледі. Десек те күнделікті толассыз келіп жататын мәліметтердің арасында жалған ақпараттардың болуы да әбден мүмкін. Ақпараттың көптігінен оларды қорытып үлгере алмай жатамыз. Тіпті кейде олардың ақ-қарасын ажыратпастан сол күйінде таралып кететіні тағы бар. Қазір бір ақпараттың әлемге таралуына 10 секундтың өзі жеткілікті. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар аламыз». Мұның өзі техниканың жетістігі. Алайда зияны да жоқ емес. Сонымен, жалған ақпарат қоғамға қалай әсер етеді? Жалған ақпаратты қазіргі тілмен «фейк» деп те атайды. Фейк жаңалықтар бұрыннан қалыптасқан стереотиптерді өзгертіп, миллиондаған адамның қоғамдық пікіріне әсер ете алады. Ғаламтор кеңістігінде жалған ақпарат өріп жүр. Олай болуының да өзіндік себебі бар. Өйткені қоғам сенсацияға, елді елең еткізетін жаңалыққа құмар. Кейде адамдардың сұранысына жауап беретін, білгісі келетін ақпараттарды бұрмалап жіберу де оңай. Жалған ақпарат таратудағы басты мақсат – халықтың назарын аудару, адамдарды өтірікке сендіру, қоғамда тұрақсыздық тудыру. Фактілерді табу – жалған ақпаратқа қарсы тұрудың құралы. Алайда нақты фактіге қол жеткізу қиын. Өйткені олар негізінен ғаламтор арқылы таратылады және ол жерден дереккөзді табу кейде мүмкін болмайды. Бүгінгі таңда көптеген әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттарда таралып жатқан жалған жаңалықтардың аудиториясы екі түрге бөлінеді. Кейбіреулер көңіл көтеретін, сенсациялық сипаттағы ақпараттарға мән бермесе, басқалары жазылғанның бәріне сенеді, тіпті барлық ақпаратты өз тарапынан таратады. Өкінішке қарай, оны тоқтату мүмкін емес. Осылайша жұртшылық мәліметтің шын-өтірігін ажырата алмайтын жағдайларды бастан кешуде. Әсіресе апатты және төтенше жағдайлар кезінде. Сондай ел басына қатер төнген сын сағаттарда кей адамдар ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбестен, онсыз да үрей үстінде отырған халыққа мессенджерлер арқылы жалған ақпараттарды таратып, дүрбелең туғызады. Пандемия уақытында тараған түрлі фейк ақпараттарды айтпағанда, Қордайдағы қайғылы жағдай, Қаңтар қасіреті, Байзақтағы жойқын жарылыс кездерінде осындай мәліметтердің қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін ажырата алмай отырған қарапайым халықтың әуре-сарсаңға түскені рас. Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлованың айтуынша, Қазақстанның заңнамасына сәйкес, фейк ақпарат таратқандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазаланады. – Кез келген ақпаратты оқып, ой елегінен өткізетін адамдардың көбі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмай жататыны жасырын емес. Әсіресе апатты және төтенше жағдайлар уағында, саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар лезде көптеп тарайды. Яғни арандатушылар «бүйірден ұрар» сәтті күтіп, дайын отыратын секілді... Сонымен, жалған ақпар таратушылар қандай жазаға кесілетінін анықтап көрсек. Елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде (274-бапқа сәйкес) қарастырыла бастады. Бірақ жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілік тек 274-баппен шектелмейді. Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жазаланады. Мәселен, 174-бап бойынша әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырғандар ісі қаралады. Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса, екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал 273-бапта «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» жайлы айтылған. Мұндай жағдайда 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, түзеу жұмыстарына немесе 5 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Көбіне фейк таратқандар ісі 274-баппен қаралады. «Көрінеу жалған ақпарат тарату» дейтін бөлімінде қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін дерек үшін түзеу жұмыстарына жегіліп, 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған. Кей кезде бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Ал Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте жалған ақпарат тарату екі түрлі баппен қаралып, көбіне айыппұл салумен жазалайды, – дейді Г.Мұхтарқұлова. Адам күніне қаншама ақпаратқа қанығады. Оның қаншасы жалған екендігіне де көз жеткізбей жататындар көп. Өйткені біз айналамен қарым-қатынас жасау үшін ақпаратқа тәуелдіміз. Ақпарат қоғамның санасына әсер ету үшін аса қажет құрал. Сол үшін шынайы, дер кезіндегі және дұрыс жеткізілген ақпаратты ғана қабылдау маңызды.

Әдемі Оралбекова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

ДҮНИЕ-ДҮБІР
Алдыңғы мақала
ДҮНИЕ-ДҮБІР

Ұқсас жаңалықтар