ДҮНИЕ-ДҮБІР
Э.РИНКЕВИЧ ЛАТВИЯНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ БОЛЫП САЙЛАНДЫ
Латвияның жаңа президенті болып елдің қазіргі сыртқы істер министрі Эдгар Ринкевич сайланды. Латвияда президентті парламент ашық дауыс беру арқылы сайлайды. Турлар кандидаттардың бірі кем дегенде 51 дауыс жинағанға дейін өткізіледі. Жаңа мемлекет басшысы дауыс берудің үшінші турында 52 дауыс жинады. 2008 жылы Ринкевич Президент кеңсесін басқарды. Ал 2011 жылы елдің сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Ринкевичтен басқа президент сайлауына кәсіпкер Улдис Пиленс пен заңгер Элина Пинто да үміткер болып қатысты. Елдің қазіргі президенті Эгилс Левитс сайлауға өз кандидатурасын ұсынған жоқ.ВЕНГРИЯДА МҰҒАЛІМДЕР ШЕРУГЕ ШЫҚТЫ
Венгрияда мыңдаған адам шеруге шықты. Ұстаздар мен оқушылар үкіметтің мұғалімдерден мемлекеттік қызметкер мәртебесін алып тастау туралы шешіміне наразылық танытуда. Наразылық акциясына шыққан адамдар полицияның жасөспірімдерге көзді жасаурататын газ қолдануына да қарсылық білдірген. Мұғалімдер мен олардың шәкірттері Ішкі істер министрлігі ғимаратының жанына жиналып, «Білім берудің құлдырауы, қоғамның күйреуімен тең» деп ұрандатты. Венгрия үкіметінің мәлімдеуінше, ұстаздарға қатысты заң жобасы білім беру сапасын жақсартуға бағытталған. Ал осы құжат қабылданса, 5 мыңға тарта мұғалім жұмыстан кететінін айтты.ЕУРОПАДА ГАЗ БАҒАСЫ РЕКОРДТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ АРЗАНДАДЫ
Лондонның ICE биржасындағы сауда-саттық деректеріне сәйкес, TTF хаб индексі бойынша маусымдағы газ фьючерстері 27,4 еуроға дейін арзандады. Еуропадағы газдың қазіргі бағасы соңғы екі жылдағы ең төменгі баға. Ресейден жеткізілетін газдың тоқтағанына қарамастан, баға 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап арзандай бастаған. Ал оған дейін газ бағасы 306,9 еуроға дейін өсіп кеткен болатын. «ERI Monitor»-дың мәліметінше, газ бағасының арзандауына қордың молаюы әсер еткен. Еуропада биыл қыс жылы болғандықтан газ қоймалары 64 пайызға дейін толған. Яғни тапшылық жоқ. Сондай-ақ Еуроодақ ЕО елдері үшін бірлесіп сатып алу тетігін енгізген. Бұл тәсіл оң нәтиже беріп жатыр.ҚЫТАЙДА ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАР КӨБЕЙДІ
«ERI Monitor» агенттігінің мәліметінше, Қытайда жұмыссыз жастардың саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Биыл сәуір айында Қытайда 16-24 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі рекордтық жоғары (20,4 пайыз) мәнге жеткен. «ERI Monitor»-дың мәліметінше, бұл көрсеткіш орта және кәсіптік мектептердің жақын арадағы түлектеріне (15 пен 18 жас аралығында), сондай-ақ колледж студенттеріне (шамамен 22 жастағы) қатысты. Сондай-ақ ел бойынша сәуірдегі жұмыссыздықтың жалпы көрсеткіші соңғы 16 айда рекордтық ең төменгі мәнге дейін төмендеген. Бұған жұмыс орындарының жетіспеуі мен кәсібиліктің төмендігі себеп болып отыр.КУРИЛ АРАЛДАРЫ МЕН КАМЧАТКА МАҢЫНДА ЖЕР СІЛКІНДІ
Сейсмологтар жұма күні Камчатка уақытымен сағат 09:15-те Камчатка түбегінің оңтүстік ұшы мен Курил аралдарының солтүстігінде (Сахалин облысы) күші 4,3 балдық жер сілкінісін тіркеді. Ресей ғылым академиясы Бірыңғай геофизикалық қызметінің хабарлауынша, зілзаланың тереңдігі – 96,3 км, магнитудасы – 4,3. Тұрғындарға жер сілкінісі сезілген.СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ӘСКЕРИ СПУТНИГІ ҰШПАЙ ҚАЛДЫ
Солтүстік Кореяның тұңғыш әскери спутник ұшыру әрекеті сәтсіз болды. Спутникті орбитаға апара жатқан баллистикалық зымыран әуеде ыдырап, теңізге барып құлаған. Солтүстік Кореяның Орталық телеграф агенттігі мәлім еткендей, ракетаның қозғалтқышында ақау пайда болған. Айта кетейік, Пхеньян 2016 жылдан бері 6 рет барлау спутнигін ұшырмақ болды. Алайда ел билігі мұнымен тоқтамайтынын мәлімдеген. Бірақ АҚШ, Жапония елдері мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Солтүстік Кореяның әрекетін сынға алды.
Келесі мақала