Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

СУҒА ТАЛАСТЫҢ СОҢЫ – СОҒЫС

СУҒА ТАЛАСТЫҢ СОҢЫ – СОҒЫС
ашық дереккөз
СУҒА ТАЛАСТЫҢ СОҢЫ – СОҒЫС
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында су тапшылығына жан-жақты тоқталып өткен болатын. Президенттің ағын су мәселесіне ерекше екпін беруі тегіннен-тегін емес. Себебі қазіргі таңда су ресурсының тапшылығы тұтас әлемді алаңдатып отыр. Тіпті су тапшылығы жуырда Ауғанстан мен Иран арасындағы жағдайдың ушығуына түрткі болды. Бәрін басынан бастасақ, Ауғанстан билігіне келген «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған) исламшылдық қозғалысының содырлары 27 мамырда Иранның Забол қаласының маңындағы қақтығыста оқ ата бастайды. Бірақ қақтығысты бірінші қай елдің, нақты кімнің бастағаны әзірге белгісіз. «Reuters» агенттігі ирандықтар бастауы әбден мүмкін деп жазады. Өйткені «Талибанның» сыртқы істер министрлігінің өкілі Абдул Нафи Такор «Бүгін Нимроз провинциясында ирандық шекарашылар Ауғанстан жағына қарай оқ ата бастады. Сөйтіп, жауап реакцияға тап болды. Қазіргі кезде жағдай бақылауда тұр. Ислам әміршілігі (Ауғанстан) өз көршілерімен соғысуды қаламайды», деп мәлімдеді. Қақтығыс салдарынан Иранның 2 шекарашысы қаза тапқан. Оқиғадан кейін Иранның Белуджистан мен Ауғанстанның Нимроз аймағында орналасқан ірі шекара бекеті жабылған. «Reuters» агенттігінің хабарлауынша, соңғы уақытта Ауғанстан мен Иран арасында суға қатысты дау өршіп барады. Тегеран Ауғанстанның жаңа билігі екі ел арасында сонау 1973 жылы бекітілген келісімді бұзып, ортақ Гильменд өзенінің Иранның шөлді шығыс аудандарына баратын ағынын шектеп тастағанын айтады. Қазір сол аймақтарды қуаңшылық жайлаған. Ал талибандар мұны мойындамай отыр. Ал екі елдің арасындағы қақтығыстың Қазақстанға әсері қандай болмақ? Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Әлкей Марғұланұлы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы екіжақты және аймақтық ұйымдар арқылы қалыптасқан көпжақты қатынастар бұл қақтығыстан әзірге зардап шекпейтінін айтады. «Ауғанстан және Иран шекарасындағы қарулы қақтығыс Гильменд өзенінен тарайтын суды қабылдап алу келісімінің бұзылуынан басталды. Аталған келісім 1973 жылы екі елдің арасындағы су мәселесіне қатысты жасалған болатын. Қазіргі уақытта Иран Ауғанстанды Гильменд өзенінің суын жасанды бөгет жасау арқылы тыйып отыр деген ресми ұстаным танытуда. Бұл Орталық Азия аумағындағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі мәселелердің бірі екенін көрсетеді. Яғни «су факторы» – дипломатия мен қауіпсіздіктің негізгі құралына айналды. Осы жағдайда Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы екіжақты және аймақтық ұйымдар арқылы қалыптасқан көпжақты қатынастар бұл қақтығыстан әзірге зардап шекпейді. Себебі екі елдің арасында толыққанды әскери соғыс туралы әңгіме болып отырған жоқ. Екі елдің қатынастары көбінде экономикалық, сауда, гуманитарлық сипатқа ие. Тауар айналымы Ауғанстанның мемлекет басшылығына Талибан қозғалысының ресми келуінен кейін біршама өскені белгілі. Себебі тек біздің мемлекет қана емес, батыс елдері де, көршілес ортаазиялық әріптестеріміз де Ауғанстанның саяси тұрақтылығына мүдделі болғандықтан онымен прагматикалық қатынастар орнатуға күшін салды. Қазақстаннан шығатын экспорттық тауарлар тамақ, мұнай химиясы, металлургия, жеңіл, көлік және құрылыс, өнеркәсіп салаларының өнімдері. Аталған салалар екі елдің сауда қатынастарының діңгегі болуы болжанып отыр», дейді Әлкей Марғұланұлы. Жалпы сарапшылардың айтуынша, суға таласатындай Ауғанстан Иран секілді тіршілік көзіне зәру емес. Соңғы 30 жылда Иран қатты қуаңшылықтың зардабын тартып отыр. Сондықтан олар өздеріне тиесілі су көзінен айдың-күннің аманында бас тарта салатындай жағдайда емес. БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының мәлімдеуінше, соңғы он жылда елдегі ахуал нашарлай түскен. Ал Иран метеорологиялық ұйымы құрғақшылық елдің 97 пайызын жайлады деп хабарлады. Ауғанстанда керісінше өзен-көл көп. Мәселен, бір ғана Кабул өзені Пәкістан арқылы ағып өтіп, Үнді мұхитына құяды. Ел астанасы осы Кабул өзенінің жағасында орналасқан. Негізі ірі өзендердің барлығы ел ішіндегі таулардан бастау алады, сондықтан Ауғанстанға өз суы молынан жетеді. Елдің солтүстік-шығысындағы Памир тауларынан басталатын Әмудария өзені де осы мемлекеттің құзырында. Екі ел бөлісе алмай отырған Гильменд – аумақтағы ең ұзын өзен. Оның Кабулдың батысынан басталатын ағысы оңтүстік-батысындағы Иран шекарасына дейін жетеді. Ұзындығы шамамен 1,4 мың шақырымға созылып жатқан өзенге негізі көрші елдердің барлығы көз тігіп отыр. Иран қазір талибандармен жаға жыртысып, ортақ өзенді бөлісуге мәжбүр. Сарапшылар суға байланысты екі ел бір шешімге келмейтін болса, қақтығыстар жалғасатынын айтады.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар