Шаттығы шалқыған шаңырақ
Дана қазақта «Ауылыңда қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген сөз бар. Расында да қазыналы қариялардың көргені де, көкейге түйгені де мол. Тереңнен тамыр тартқан тектілігіміздің туын көкке көтеріп, тағылымды тәрбиенің тынысын кеңейтіп жүрген аға буынға шын мәнінде сүйсінесің. Ғұмыры ғибратқа толы сондай жандардың бірі – Т.Рысқұлов ауданындағы Қайыңды ауылының тұрғыны Мейірқұл Скендеров.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қария өткен күндерге ой көзімен қарай отырып, балалық шағының сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгенін жиі еске алады. Ол 1939 жылғы 23 сәуірде дәл осы Қайыңды ауылында өмірге келді. Ел басына күн туған ауыр кезең оны да ерте есейтіп, бозөрім кезінен еңбекке араластырды.
– Біз соғыс жылдарында өскендікпен бе, жастайымыздан тылдағы тынымсыз еңбектің ортасынан табылдық. Әкем бақташы. Отбасында үш баламыз. Беліміз қайысып, қырманға бидай тасимыз. Әлі есімде, «Коммунар» дейтін комбайн болатын. Соның бір жағында жүріп, ортақ іске жұмыламыз. Арасында астық бастыруға атсалысамыз. Малдың азығын қамдап, атарбаға шөп артамыз. Қым-қуыт шаруа, қып-қызыл бейнет. Бірақ шаршадым деп жүрген ешқайсысымыз жоқ. Қайта қатардан қалыс қалмай, қолғабыс етіп жүргенімізге ризамыз. Үлкендер де ақ батасын жаудырып, жігерлендіріп қояды. Соның арқасында ширығып, шыңдалып өстік деп айта аламын. Қандай қиын кезең болса да білім беру үдерісі тоқтаған жоқ. Өзім 1946 жылы Қайыңдыдағы бастауыш мектептің табалдырығын аттадым. Кейіннен Ақыртөбедегі орта мектепте білім алып, 1956 жылы тәмамдадым, – дейді ақсақал.
Бұл ел-жұрттың енді-енді еңсесін тіктей бастаған уақыты. Дегенмен бозбала Мейірқұлға бірден жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік болған жоқ. Мектеп бітірген жылы ауылда қалып, әртүрлі жұмыстар атқарды. Ал 1957 жылы Сәдуақас, Мамырқұл атты достарымен бірге Алматы мемлекеттік ауылшаруашылық институтына даярлайтын 3 айлық курсқа барады. Қырсық болғанда, үшеуі де іріктеуден өтпей қалады. Енді қайтпек керек? Құрдастары өз жөндерімен кетті. Мейірқұл Скендеров ауылға кері қайтуды намыс санап, Алматыдан жұмыс іздеуге тырысады. Алып шаһарды аралап жүріп, АЗТМ зауытының 6-көлік цехына жұмысшы болып орналасады. Тамыр-таныс жоқ. Сол жерде қызмет атқаратын өзге ұлт өкілінің үйін паналап, күнелтеді. Мақсатқа жету жолы қай кезде де оңай соқпаған. Мейірқұл да оқуға түсу үшін қиындыққа мойымай, кездескен кедергілерді еңсеруге күш салады. Әйтпесе іргелі зауыттағы жұмысшы міндетінің ауқымды екені айтпаса да түсінікті. Күн сайын болат жолдың бойымен вагондарға тиелген көмір келеді. Оны рельстен сәл қашықтау жерге шашау шығармай түсіру керек. Әйтпесе өте көп көлемде айыппұл салады. Бұдан бөлек іркес-тіркес болып цемент, әктас, ағаш, тіпті мұнай өнімдеріне дейін толассыз тасымалданып жатады. Соның барлығын рет-ретімен орналастыру қажет. Қара жұмыс ауылдың баласының қанатын қатайтты, қажыр-қайратын арттырды. Одан жаман болған жоқ. Ауылдағы және зауыттағы еңбек өтілі ескеріліп, 1958 жылы өзі армандаған Алматы мемлекеттік ауылшаруашылық институтының агрофакультетіне оқуға түсті. Ал 1963 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, «ғалым агроном» мамандығын алып шықты.
Жанары жалын атқан жас жігіт қолға диплом тиген бойда туған өңірге қарай құстай ұшады. Басты миссиясы – елге қызмет ету. Ауылына келгенде болашақ жары Зурахан Раушанқызымен танысып, шаңырақ көтереді. Бұйрық деген осы емес пе, Зурахан Раушанқызы да сол уақытта Қайыңдыға медбике ретінде қызмет атқаруға келген. Осылай басталған отбасылық өмір баянды болды. Сол күндерді Зурахан апа былай деп еске алады:
– Сұрапыл соғыстың қайнап жатқан шағында, дәлірек айтсам, 1941 жылдың 13 желтоқсанында дүние есігін ашыппын. Менен бір жас үлкен әпкем бар. Сол тұста ауылдық кеңесте қызмет атқарып жүрген әкем 1942 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылып, майданға аттанған. Шиеттей балаларды бағып-қағу үшін анамыз аянып қалған жоқ. Масақ терді, тауық өсірді. Тағдырдың тауқыметін тартып жүргенде 1943 жылы үйге «қара қағаз» келген екен. Оны әскери бөлімдегілер көрсетпепті. Міне, осындай аумалы-төкпелі уақытта өсіп-өндік. Әкемнің туыстары Шу жақта тұратын еді. Мені біраз уақыт сол кісілер тәрбиеледі. Кейін қазіргі Тараз қаласында тұрған нағашы әпкем қолына алып, мектепті тәмамдатты. Медициналық училищеге оқуға түсірді. Содан аталған оқу орнын 1963 жылы фельдшер мамандығы бойынша бітіріп, Қайыңдыға қызмет етуге келдім. Осылайша отағасымен жолымыз түйісіп, отау құрдық. Үбірлі-шүбірлі болдық. Жолдасым партиялық жолдамамен қайда қызмет атқарса да қасынан табылып, мен де әртүрлі елді мекенде еңбек жолымды жалғастырдым. Әпкем тұрмысқа шығып кеткен соң анама қарайтын адам болмады. Сөйтіп, ол кісі 40 жыл бізбен бірге тұрып, жанымызға жалау болды. «Жазмыштан озмыш жоқ» демей ме, 100 жасқа қараған шағында дүние салды. Көзі тірісінде біздің әрбір жетістігімізге қуанып, ақ батасын беріп кетті, жарықтық.
Сондай абзал ананың тәрбиесін көріп өскен соң біз де балаларымызды барынша қамқорлық танытып өсірдік. Отағасы ертелі-кеш жұмыста жүреді. Мен де еңбек етуім керек. Әлі есімде, сонда кішкентайларды қоларбаға салып тасып жүретінмін. Денсаулық сақтау саласында 40 жыл қызмет атқарып, 1992 жылы зейнетке шықтым. Шүкір, бүгінде Қайыңдыдағы қарашаңырақта кенже ұлымыз Нұркен мен келініміз Бүбітайдың қолында немере-шөбере бағып отырған жайымыз бар,– дейді Зурахан Раушанқызы.
Иә, бұрынғы кездердегі жұмыс пен тұрмыстың ауыртпалығын тілге тиек етсек, ертегі айтып отырғандай әсер қалдырады. Десек те шаруашылықтағы шаш етектен келетін шаруа көбіне-көп қол еңбегінің күшімен атқарылды. Мейірқұл Скендеров жас болса да бас болып, аграрлық саланың дамуына сүбелі үлес қосты. Басшылық қай өңірге жіберсе де қарсылық танытпай, өзінің білімі мен біліктілігін сарқа жұмсады. Ол 1963-1973 жылдар аралығында Жуалы ауданы «Бірлесу Еңбек» ұжымшарында, «Билікөл қой» кеңшарында бас агроном болып қызмет атқарды. 1973-1985 жылдары туған жері Т.Рысқұлов ауданына қайта оралып, «Путь к коммунизму» ұжымшарында бас агроном болып жемісті еңбек етті.
–«Путь к коммунизму» ұжымшары үлкен шаруашылық еді. 8 мың гектардан астам егістік жері, 2 мың гектар жоңышқалығы болатын. Төрт түлік санында да қисап жоқ. Тек қой-ешкінің өзі 40 мың басқа жуықтайтын. Тұтас аудан
4 000 гектарға қызылша ексе, соның 1 100 гектары осы ұжымшарға тиесілі болатын. Балтамыр баптау деген машақаты көп жұмыс. Ерте көктемде басталып, қарашаға дейін созылады. Десек те ауызбіршілік пен еңбекке деген құштарлықтың арқасында жақсы өнім алып жүрдік. Мал азығы үшін 400-500 гектарға жүгері де егетінбіз. Белгіленген меженің бәрін орындап, алдыңғы қатардан көріне білдік. Осындай ұжымшарда 13 жыл табан аудармай қызмет атқарғанымда көптеген жақсы кісілермен араласып, жарқын сәттердің куәсі болдым. Бір сөзбен айтқанда, шаруашылық бізді дұрыс бағытта тәрбиелеп, азамат болып қалыптасуымызға көп септігін тигізді, – дейді М.Скендеров. Кейіпкеріміз 1985-1988 жылдары Т.Рысқұлов ауданындағы «Жаңа-тұрмыс» ұжымшарында партком хатшысы болып қызмет атқарды. Ал 1989 жылдан Т.Рысқұлов ауданы «Мақпал» қой совхозында бас агроном болып тынымсыз тер төгіп, 2002 жылы зейнетке шықты. Еселі еңбек ешқашан да ескерусіз қалмақ емес. Қазыналы қарияның кеудесінде жарқыраған бірнеше медаль – осы сөзіміздің дәлелі. Ол «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымына 30 жыл», «Т.Рысқұлов ауданына 80 жыл», «Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының Құрметті ардагері» медальдарымен марапатталып, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасына, «AMANAT» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалының Алғыс хатына ие болды.
Мемлекет мыңдаған отбасыдан тұрады. Осы орайда шаңырақ шаттыққа кенелсе, еліміздің де керегесі кеңейіп, көсегесі көгеретіндігі сөзсіз. Бұл тұрғыда Скендеровтер отбасындағы ұрпақтар сабақтастығы мен сыйластық салты көпке үлгі. Бүгінде Мейірқұл Скендеров пен Зурахан Раушанқызының отау құрғандарына тұп-тура 60 жыл болыпты. Жарасымды жұп төрт перзент сүйіп, оларды балапандай баптап өсірді. Бәрінің білім алып, өмірден өз орындарын тауып кетулеріне жағдай жасады. Бүгінде үлкен ұлдары Сәкен мемлекеттік кірістер саласында жауапты қызметте болса, келіндері Күлиза жеке кәсіпкер. «Нұржас» ломбард компаниясының директоры. Қарашаңырақта шаруашылықты шалқытып отырған ұлдары Нұркен Ақыртөбе ауылындағы газ стансасында жұмыс істесе, келіндері Бүбітай мектепте мұғалім. Қыздардың үлкені Жанар Т.Рысқұлов ауданындағы М.Горкий атындағы орта мектепте ағылшын тілінің мұғалімі. Ал Нұрила теміржол саласындағы мекемеде есепші. Қазіргі таңда олар да бір-бір үйдің келіндері.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Өмірі өнегеге толы қариялар бүгінде 9 немере, 9 шөбере көрді. Құдайдың мұнысына мың да бір шүкір. Немеренің үлкені Нұрдос отбасымен бірге Испания мемлекетінде тұрып жатыр. Өзі «Санафи-Франция» компаниясында логистика басшысы қызметін атқарса, келіндері қаржылық директор. Күні кеше ғана перзентті болып, әулеттің үлкендерін, ата-анасын, бауырларын қуантқан жайлары бар. Тағы бір немерелері Нұржас та үйлі-баранды, Алматы қаласында кәсіппен айналысуда. Үлкен немерелердің екеуі де Қазақ-түрік лицейін үздік бітірген талапты жастар. Олардан кейін өмірге келген немерелер мен шөберелердің әрбірінің де қылықтары балдай тәтті. «Балалар –
біздің бақытымыз, байлығымыз, болашағымыз. Осылардың аман-есен жүргенінен артық қандай қуаныш бар? Білім алып, еліміздің дамуына атсалысса, біз соған разымыз. Бүгінде мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Талпыныс болса, биік белестерді бағындыруға болады. Балаларға үнемі осындай ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз. Шүкір, қазірдің өзінде әрбірі жетістіктерімен қуантып жүр. Дендері сау болып, арман-мақсаттары орындала берсін деп тілеймін», – дейді Мейірқұл ақсақал.
Мәуелі бәйтеректей жапырағын жайған әулетке біз де ізгі лебізімізді арнадық.
Бақыт Жалғас, Т.Рысқұлов ауданы, Қайыңды ауылы
Келесі мақала