Әйелдер қорлық көрмеуі керек
Елімізде гендерлік саясаттың сәтімен жүзеге асырылып жатқанын бүгінде әйел адамдардың қазақ қоғамындағы алатын орнының маңыздылығынан-ақ аңғаруға болады. Бұл қоғамдық өмірдегі, белгілі бір саладағы ерлер мен әйелдердің тең құқықты екенін көрсетеді.
Десе де айналамызда болып жатқан әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық туралы естігенде адамның төбе шашы тік тұрады. Мәліметтер мұңды, ақпараттар адам шошытарлық. Солардың бірі – отбасы мәселесі. Ерлі-зайыптылардың кейбірі бірін-бірі сүйіп, қолдаса, тағы бір отбасында қарама-қайшылықтар туындап, арты жанжалға ұласып жатады. Өкінішке қарай, сол жанжалдан соң оқиға түрлі жағдайлармен ушығып, соңында бір отбасының шаңырағы шайқалып, бейкүнә балалар жапа шегеді. Осының басты себептерінің бірі – адамның маскүнемдікке, нашақорлыққа, құмар ойынға және басқа да түрлі зиянды әдеттерге бой алдыруы. Әйтсе де бес саусақ бірдей емес. Отбасыдағы зорлық-зомбылық мәселесі өркениетті елдерде де кеңінен тараған. Бұл тіпті батыстың дамыған елдерінде де қатты белең алып отырған әлеуметтік түйткіл.
Адам құқығы төңірегінде ой қозғайтын болсақ, заң мен сот алдында барлығымыз теңбіз. Адамды тегіне, әлеуметтік, лауазымды және мүліктік жағдайына, ұлтына, дініне, жынысына, нанымына, сол секілді кез келген жағдайлар бойынша кемсітуге болмайды. Бірақ осы заңда көрсетілген «жынысына» деген сөзге баса мән берілуі іс жүзінде қалай орындалуда? Қазіргі таңда қалалық жерлерде зорлық көрген әйелдер мен балаларға тікелей көмек көрсететін орталықтар жұмыс істейді. Егер отбасында ер адам ана мен балаға қамқорлықпен, мейіріммен қараса, мұндай орталықтар ашылмас еді ғой.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа негізінен нәзікжандылар мен балалар көбірек ұшырайтынын жасырып қайтеміз? Сондықтан да әйелдерге қатысты кемсітуді жою мақсатында 2009 жылы
4 желтоқсанда «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған болатын. Қоғамда біз сөз еткен мәселеге байланысты бір келеңсіздік орын алса, ол аталған заңмен реттеледі.
Статистикаға сүйенетін болсақ, отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар саны 40 пайызға төмендеген. Облыс бойынша учаскелік полиция инспекторлары 4 ай ішінде 1 502 «Қорғау нұсқамасын» шығарған. Облыс көлемінде құқық бұзушының мінез-құлқына қатысты 359 арнайы талап қойылған. Әйелге негізінен рухы әлсіз еркек қана қол көтереді. Мұны халық «жазылмаған заң» деп санап, осы уақытқа дейін сақтап келеді, өкінішке қарай, кейбір ер адамдар осы қағиданы ұмыт қалдырып жатады.
«Ата көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» демекші, балаға берілетін отбасылық тәрбиенің әсері мол. Бала татулығы мен жанұя жарастығы бар отбасында ғана бақытты бола алады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде, расында, құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау мәселесі тұр. Отбасында зорлық-зомбылықты тудырмаудың жолын іздеп, балаларға бақытты балалық шақ сыйлағаннан артық не керек? Осыны әрбір отбасы мүшесі жадында ұстаса екен.
Әнел Досжанова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті
Келесі мақала