Мойынқұмның мұзбалағы
Мойынқұмым мерейі үстем,
Туған жерім киелім.
Сағым тұнған сары далам,
Сені ерекше сүйемін.
Қойның толы қазба байлық,
Елді ерекше таң қылдың.
Батырлардың бақ мекені,
Туған жері Жамбылдың.
Ұл-қыздарың сені ұлықтап,
Шығаруда атыңды.
Жерлестерім осы бүгін,
Қысатын күн тақымды.
Сүйіншілеп хабар айттым,
Есім шығып даурығып.
Депутат боп Мәжіліске,
Барды Ерболат Саурықов.
Мойынқұмның төлтумасы,
Құмөзектің өрені.
Сынығы ғой асылдардың,
Көзі ғой ол көненің.
Құттықтайық құрмет жасап,
«Жақсы ұл – елге қолқанат!»
Парламентке тұңғыш барған,
Мойынқұмнан Ерболат.
Мойынқұмның мұзбалағы,
Құмөзектің қыраны.
Еңбегі көп Ерболаттың,
Мадақтауға тұратын.
Ел аузында жүрген ұлан,
Биік ұшар бала тым.
Парламенттен құқығы бар,
Ойып орын алатын.
Жақсы ісін тізіп айтып,
Баяндайын барлығын.
Ерболаттың көтергені,
Ел сенімі, ар жүгі!
Кәсіпкерлік – тың шеберлік,
Дөңгелетті оны да.
Сан қиындық бөгет болды,
Қарсы тұрып жолына.
Тәңіріне тәубе қылды,
Игі іс жасап молынан.
Келмейтіні жоқ-ау сірә,
Азаматтың қолынан.
Аламанда оза шапты,
ТИГУ-ды ашып таң қылып.
Профессор, үлкен ғалым,
Көшбасшыға тән қылық.
Нарыққа сай икемделу,
Ол бұлжымас заңдылық.
Басты мақсат – білім беру,
Мақсат емес мал-мүлік.
Қиын заман, шиыр заман,
Құбылатын көші мың.
Берді оқу ордасына,
Мұртазаның есімін.
Шерхан шері, шайпау пері,
Шындықтың шарайнасы.
Ескерткіш боп қасқайып тұр,
Сайлап қалам-қайласын.
«Құралай сұлу» ерек аңыз,
Махаббаттың символы.
Сәукелелі сұлу күмбез,
Менмұндалап тұр бүгін.
Жомарт көңіл, дарқан пейіл,
Қайта салды күмбезді.
Тарихтың да шаңын аршып,
Көрсетті елге үлгіні.
Ерболаттың ертең үшін,
Жоспарлары асқақ тым.
Қаржы тартып игермекші,
«Қаракөлін» Бетпақтың.
Экобағыт, ен далада,
Туризмді ашпақшы.
Балық бағып, құс өсіріп,
Пайда көзін таппақшы.
Мешіт салды ауылына,
Ұлан-асыр той қылып.
Әруаққа ас берілді,
Бәйге шапты сәйгүлік.
Мектебін де жөндеп берді,
Заманына сай қылып.
Жол төседі, көпір салды,
Қалды ауылы жаңғырып.
Болып жүрді студентке,
Жатақхана саны аздық.
Сатып алып жасақтады,
Қонақүйін «Тараздың».
Шаруасына шалқып тасқан,
Өзі қожа, өзі бек.
Жатақхана жайын көрді,
Президенттің өзі кеп.
Көрді, берді өз бағасын,
Кәсібіне бақ тілеп.
Қайырлы да қабыл болсын,
Үлкен кісі айтқан ақ тілек!
Көптен жүрген көкейінде,
Ауылдастың, бауырдың.
Статусын нықтап алу,
Шалғай жатқан ауылдың.
«Ауыл» атты партияның,
Болды белді мүшесі.
Көш басында келе жатқан,
Озық ойлы күш осы.
Қай істе де бастамашыл,
Парасат ой, ақыл, еп.
Ұлды ұсынған Парламентке,
Партияға рақмет!
Сан мыңдаған сайлаушының,
Орындалды тілегі.
Ауылдастың аманатын,
Алды қалап жүрегі.
Ауылдағы бұқара жұрт,
Қолдаушысы, тірегі.
Мойынға үлкен жүк артылды,
Оны Ерболат біледі.
Ел үмітін ақтау парыз,
Биік самғар қыран құс.
Сенім артып дауыс берген,
Сайлаушыға мың алғыс!
Бұл соңы емес, бауырым-ау,
Жазылады дастан сан.
Ерболаттай ер ұлыңмен,
Мақтан, халқым, мақтансаң!
Терді төксең елің үшін,
Ескерусіз қалмайды іс.
Мойынқұмның мұзбалағы,
Самға, талма, самғай түс!
Уәлихан Бидайбеков,
Қарабөгет ауылы,
Мойынқұм ауданы
Келесі мақала