Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ДЕНІ САУДЫҢ – ТӘНІ САУ

ДЕНІ САУДЫҢ – ТӘНІ САУ
ашық дереккөз
ДЕНІ САУДЫҢ – ТӘНІ САУ
Дені сау ұлттың болашағы баянды, денсаулығы мықты болады. Бұл өз кезегінде ұрпақтың келешегіне де үлкен әсерін тигізеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әр жылғы Жолдауларында елдегі денсаулық сақтау саласына айрықша тоқталады. Мәселен, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында ел Президенті денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілгенін, дегенмен әлі де кешенді жұмыстар қажет екенін, жылдар бойы қордаланған түйткілдер кезең-кезеңімен жүйелі жолға қойылып келе жатқанын айтып өтті. Әрине, тұрғындардың денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру ортақ міндет болып табылады. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде өңірімізде жоспарға сай тиісті жұмыстар атқарылуда. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында статистика департаментінің соңғы деректеріне сәйкес, Жамбыл ауданында 87 634 тұрғынға 35 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетуде. Ауданда 1 аурухана, 1 емхана, 1 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы, 14 дәрігерлік амбулатория, 15 медициналық пункт, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғындар игілігіне жарап тұр. Жыл өткен сайын денсаулық сақтау нысандарының саны да артып келеді. Өткен жылдың соңында Қаракемер дәрігерік амбулаториясының жаңа ғимараты қолданысқа берілсе, Қызылқайнар, Айша бибі дәрігерлік амбулатория пункттері күрделі жөндеуден өтті. Биыл Өрнек ауылдық амбулаториясына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Аса ауылында орналасқан аудандық орталық ауруханадан бөлек орналасқан жұқпалы аурулар бөлімінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттары толықтай дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысының шешімін алу мақсатында жұмыстар атқарылуда. Шайқорық ауылында өткен жылы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Жобаның құны – 219 миллион. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Жаңаөткел ауылында 105 миллион теңгеге медициналық пункт ғимаратының құрылысы басталып, биыл ел игілігіне беру көзделуде. Келесі жылы Тоғызтарау, Қостөбе, Қаратау, 2025 жылы Құмтиын, Шоқай, Бәйтерек, 2026 жылы Қоңыртөбе және Қапал ауылдарында медициналық пункт ғимараттарының құрылысын бастау жоспарлануда. Алдағы уақытта құрылысы басталатын денсаулық сақтау нысандарының құжаттары толық дайындалып, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына тапсырылды. Аудандық орталық ауруханада жас мамандарды қолдау жұмыстары да жүйелі жолға қойылған. Жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында соңғы үш жылда жергілікті бюджет есебінен 16 маманға 800 мың теңге көтермеақы, 1 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде республикалық бюджеттен жеңілдетілген несие, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақы беру және коммуналдық қызметтерге арналған шығындарды өтеуге көмек берілуде. Мамандарды ауыл-аймаққа тарту жұмыстары өз жалғасын таба береді. Басқарма тарапынан берілген медициналық-жылжымалы кешен бүгінде ауыл-аймақ тұрғындарына көп пайдасын тигізуде. Биыл барлығы 24 елді мекенді қамту жоспарланса, өткен жылы 26 ауылға кешен арнайы барып, жұртшылықтың денсаулық жайын тексерді. Жоспарланған 9 951 тұрғынның 2 722-сі медициналық тексерумен қамтылды. Тұрғындарды тексеру барысында 67 науқас анықталып, қажетті ем-дом қолданылды. Ана мен бала денсаулығы ұдайы бақылауымызда. Ананың босанғанға дейінгі жағдайы, нәрестенің денсаулық ахуалы арнайы бекітілген дәрігерлердің апта сайынғы тексерісінен өтеді. Нәтижесінде 2022-2023 жылдары аудан бойынша халықтың табиғи өсімі 1 000 тұрғынға шаққанда 4,2, туу көрсеткіші 6,7 пайызды құраса, бүгінгі күнге дейін ана мен бала өлімі тіркелмеді. Сондай-ақ туберкулез ауруы бойынша екі жылды қоса есептегенде өлім-жітім орын алмады. Бүгінде аудандық ауруханада 881 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 97 дәрігер, 431 орта буын және қалғаны басқа да кіші қызметкерлер санатында. Аудандық орталық ауруханада тәулік бойы медициналық қызмет көрсететін 115 кереует қоры бар. 2023 жылдың 3 айында медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 88,5 пайызды құрады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «ДамуMed» медициналық ақпараттық жүйесі еңгізілді. Қамтылу деңгейі – 100 пайыз. Сонымен қатар бұл жүйеде ауданда рентгенологиялық кескіндерді науқастың электронды паспортына жүктелуіне арналған PACS жүйесі қосылған. 2021 жылдың қыркүйек айында облыста 3 үздік тәжірибе орталығының бірі ауданымызда ашылды. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Айша бибі дәрігерлік амбулаториясынан үздік тәжірибе орталығының филиалы ретінде ашу жоспарлануда. Денсаулық – қателікті кешірмейтін сала. Адам баласының Алладан кейінгі үміті ақ халаттылар екені белгілі. Біз әрбір медицина қызметкерлерімен бірге өткізген кеңесте осы бір қағиданы жиі еске салып, жұмысқа аса жауапкершілікпен қарауды міндеттеп келеміз. Әрбір тұрғынның дәрігерге артқан сенімі мен айтқан алғысы медицина саласы қызметкерлеріне демеу бола бермек. Біз әрбір науқастың аяқтан тік тұрып кетуі үшін бар күш-жігерімізді, біліктілігімізді салып жұмыс істей беретін боламыз.

Сейдахмет ШЫНЫБЕКОВ, аудандық аурухананың бас дәрігері, Жамбыл ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар