Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Бесағаш ауылы – чемпиондар ұстаханасы»

«Бесағаш ауылы – чемпиондар ұстаханасы»
ашық дереккөз
«Бесағаш ауылы – чемпиондар ұстаханасы»
Жуырда Астана қаласындағы «Beeline Arena» спорт кешенінде спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер, жастар, жасөспірімдер (ұлдар, қыздар) және мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында Азия және Океания чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде ел құрамасы сапында өнер көрсеткен жерлестеріміз Бейбарыс Нұғыман мен Әділет Ахметқали алтыннан алқа тағынып, абыройымызды асқақтатты. Сейсенбі күні жанкүйерлер қауымы чемпиондарды Тараз қаласындағы теміржол вокзалынан күтіп алып, сый-құрмет көрсетті. Жұрт аяғы басыла бере мүмкіндікті пайдаланып, Астанада бабы мен бағы қатар шауып, екінші мәрте Азия чемпионы атанған Бейбарыс Нұғыманмен аз-кем сұхбаттасқан едік.  – Бейбарыс, Азия чемпионатында қол жеткізген жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Құрлықтық додада топ жару қаншалықты қиын болды? – 2023 жылдың басты спорттық жарыстарының бірі – Азия чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырылуында да ешқандай мін жоқ. Қатысушылар да мықты дайындықпен келген. Осал қарсылас жоқ. Кілең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей сайдың тасындай іріктеліп келген спортшылар. Ашылу салтанатына Азия самбо одағының басшысы, Бүкіләлемдік самбо федерациясының (FIAS) вице-президенті Аламжон Муллаев, Астана қаласы әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Қазақстан спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ дүбірлі додада 35 мемлекеттен іріктеліп келген 600 спортшы бақ сынап, үздіктерді анықтады. Азия біріншілігіне 2 айға жуық уақыт дайындалдым. Аллаға шүкір, еңбегіміз ақталып, екінші рет Азия чемпионы атандым. 2022 жылы да Ливан қаласында 79 келі салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген болатынмын. Биылғы Азия чемпионаты былтырғыға қарағанда өте тартысты болды. Бозкілемде ең бірінші моңғол балуанымен күрестім. Өздеріңіз де білесіздер, Моңғолияда күрес түрлері қарқынды дамып келеді. Елінің үмітін арқалап келген қарсыласым жеңіске жету үшін аянып қалмады. Қолынан келгеннің бәрін жасады. Дегенмен қарсыласыма ешқандай мүмкіндік бермей, жеңісті жұлып алдым. Екінші белдесуім де оңай болмады. Қарсыласым қырғыз палуаны да оңай шағылатын жаңғақ емес. Бірақ тыңғылықты дайындықтың арқасында қарсыласымды қапы қалдырдым. Ақтық бәсекеде де қырғыз балуанымен кездесіп, алтын жүлдені сарапқа салдық. Арменияда өткен әлем чемпионатында 88 келі салмақта жеңімпаз атанған қырғыз балуаны біріншіліктің алтын жүлдесінен басты үміткерлердің бірі еді. Сондықтан бапкерлерімізбен бірге финалдық белдесуге дұрыс тактика құруға тырыстық. Нәтижесінде асығым алшысынан түсіп, 88 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атандым. Айта кетейін, елордамызда өткен Азия біріншілігінің жеңімпаздары Сауд Арабиясының Әр-Рияд қаласында өтетін дүниежүзілік жекпе-жек ойындарына қатысуға жолдама алды. – Қателеспесем, ел қоржынына тағы бір алтын жүлдені салған Әділет Ахметқали екеуіңіз бір ауылдың тумасысыздар... – Жалпы біз туып-өскен Бесағаш ауылын чемпиондар ұстаханасы десек болады. Ауылымызда күрес түрлері өте жақсы дамыған. Алақандай ғана ауылымыздан шыққан балуандар әлемдік ареналарда ірі-ірі жеңістерге қол жеткізіп, еліміздің, облысымыздың мерейін тасытып жүр. Бүгінгі таңда бірлігі жарасқан Бесағаш ауылын білекті де жүректі балуандары арқылы танитындар көп. 2004 жылы Бесағаш ауылында дүниеге келіп, кішкентай кезімнен спортқа бейім болып өстім. Бала кезімде алдыңғы буын ағаларымыз түрлі жарыстардан жеңіспен оралып, ауылымыздың мақтанышына айналғанын көріп өстік. Сондай-ақ ағалардың қасына ілесіп жаттығу залына, жарыстарға бірге барып жүріп, спортқа қызығушылығым күн санап ояна бастады. Осылайша 10 жылдан бері күреспен айналысып келемін. Шүкір, күресті жаныма серік еткелі азды-көпті жетістіктерге жеттім. Самбодан Қазақстан Республикасы чемпионатының 2, қазақ күресінен 3 дүркін жеңімпазымын. Белбеу күресінен бір рет ел біріншілігін бағындырдым. Екі дүркін Азия чемпионымын. Сонымен қатар самбо және белбеу күресінен әлем біріншілігінің қола жүлдегері, қазақ күресінен әлем чемпионы сынды атақтарым бар. Әрбір жетістігімнің артында менімен бірге мұңайып, бірге қуанып жүрген бапкерлерімнің үлкен еңбегі жатыр. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, егер мықты бапкердің қолына түспесең, қанша жерден мықты болсаң да алысқа бара алмайсың. Ал егер қолдайтын, тәлім-тәрбие беретін, дұрыс жолды көрсетіп, бағыт сілтейтін ұстазың, жанашырларың болса, үлкен мұратқа жету жолы да жеңілдей түседі. Сондықтан талабымды ұштап, шарболаттай шыңдап, семсердің жүзіндей қылып қайрай білген бапкерлерім Руслан Мухамедгалиев пен Дамир Хабибуллаевқа айтар алғысым шексіз. Ал Әділет тай-құлындай тебісіп өскен досым. Адам өміріндегі алтынға айырбастамас айрықша сәт – балалық шағымыз бірге өтті. Он бір жыл бірге оқыдық. Қазіргі таңда спортта да біргеміз. Азия чемпионатына бірге дайындалдық. Әділет 71 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанды. – Ауылда сіздерге де еліктеп өсіп келе жатқан жастар көп шығар... – Дұрыс айтасыз, буындар арасындағы сабақтастық үзілмеуі тиіс. Біз алдымыздағы ағаларға еліктеп өссек, бүгінде бізді де үлгі тұтатын ауылымыздың жастары көп. Бізбен бірге жаттығу жасап, ақыл-кеңес сұрайды. Ауылымызда қазір шамамен 2006, 2007, 2008 жылы туған 30-40 бала күреспен айналысып, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Кейде ата-аналары келіп, қазақы салтпен балаларының аузына түкіртіп жатады. Сондықтан болашақ Олимпиада, әлем чемпиондары Бесағашта шарболаттай шыңдалып өсіп келеді деп нық сеніммен айтуға болады. – Бірнеше жыл бұрын самбо күресі ресми түрде Олимпиада бағдарламасына енеді деген сыбыс шыққан еді. Сондықтан бесағаштық балуандардың Олимп шыңын бағындыратын да күні алыс емес тәрізді... – Әумин, айтқаныңыз келсін. Самбо күресін ресми түрде Олимпиада бағдарламасына қосу туралы шешім Халықаралық Олимпиада комитетінің Токиодағы 138-сессиясында қабылданды. Самбодан басқа тағы 5 спорт түріне мүмкіндік берді. Атап айтсақ, чирлидинг, муай-тай, айсшток, лакросс және кикбоксинг қосылды. Самбо күресін Олимпиада бағдарламасына қосу мәселесі 1980 жылдары-ақ айтыла бастағанымен, ұсыныс ресми түрде алғаш 2014 жылы жасалған. Бірақ самбо Олимпиада бағдарламасына 2028 жылдан бастап қосылуы мүмкін секілді. Шынымды айтсам, анық-қанығын білмедім. – Сөз соңында алдағы жоспарларыңызды ортаға салсаңыз... – Еліміз артып отырған жауапкершілік жүгін сезіне отырып, қандай да бір бәсекеде болмасын ел абыройын асқақтатуды мақсат етеміз. Қазақ күресінен Азия және самбо күресінен әлем чемпионаты жақындап келе жатыр. Екі чемпионатта үздік өнер көрсетіп, Әнұранымызды асқақтату – басты мақсатым. – Әңгімеңізге рақмет!
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар