МӘМС-тің МӘНІ МЕН МАҢЫЗЫ
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі. Елімізде 2020 жылдан бері аталмыш жүйе енгізіліп, жұмыс істеп келеді. Биыл облыс бойынша тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және МӘМС жүйесінде қызмет көрсетуге 108 денсаулық сақтау субъектісімен келісімшарт жасалған.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, 2023 жылы облыс халқына медициналық көмек көрсетуге 115 425 681 мың теңге бөлінген. Оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен 49 466 055 мың теңге.
Ал өткен жылы облыс тұрғындарына 41 897 774 мың теңгеге, 2021 жылы 37 086 214 мың теңгеге қор есебінен медициналық көмек көрсетіліпті. Бұл ретте МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін облыстың денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті 52 387 099,5 мың теңгені құраған.
Сонымен бірге Ғайни Төленқызы денсаулық сақтауды қаржыландырудың айтарлықтай ұлғаюына байланысты міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмектің қолжетімділігі мен емхана деңгейіндегі консультациялар мен диагностикалық қызметтердің саны жыл сайын артып келе жатқанын тілге тиек етті.
– 3 жыл бұрын қымбат диагностика азаматтардың жекелеген санаттарына ғана тегін қолжетімді болды және жеткізушілер іс жүзінде жоқ болды. Бүгінгі таңда облыста 19 компьютерлік томография аппараты, 11 МРТ аппараты жұмыс істейді.
Өткен жылы облыс тұрғындарына 470 580,9 мың теңгеге 77 238 компьютерлік томография қызметі, 604 256,1 мың теңгеге 70 568 МРТ қызметі көрсетілді.
МӘМС қаражаты есебінен қаржыландырылатын тағы бір бағыт – азаматтардың жекелеген санаттарына стоматологиялық көмек көрсету. Бұл қызметке соңғы уақытта тұрғындардың сұранысы артты.
Мәселен, өткен жылы қор стоматологиялық клиникалардың көрсеткен қызметіне 2 101 859,2 мың теңге ақы төледі.
Сонымен қатар медициналық оңалтудың маңыздылығын атап өту қажет. Жарақаттар мен ауыр аурулардан кейін адам әдеттегідей өмір салтына оралып, жоғалған қабілеттерін қалпына келтіруі керек. Кейде адамдар емдеудің бұл кезеңдерін елемейді, бұл қымбат және қолжетімді емес деп қателеседі. Медициналық сақтандыру қоры облыс тұрғындарын оңалту мақсатында 4 519 880,3 мың теңге бөлді, – деді Ғайни Аймағанбетова.
2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес облыста халық саны 1 221 318 адамды құраса, олардың 942 275-і сақтандырылған. Яғни халықтың 77,2 пайызы медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу құқығына ие. Медициналық ұйымдарға 1 169 171 тұрғын тіркелсе, 52 043 азамат әлі де емханаларға тіркелмеген. Ал «Сақтандыру» ақпараттық жүйесінің биылғы жылғы 1 маусымдағы мәліметі бойынша, сақтандырылмаған тұрғындар саны 279 043 адамды құрайды.
Мәселен, 2023 жылдың басынан облыста сақтандырылмағандар саны 290 198 адамды құраған. Бұл ретте сақтандырылмаған азаматтар санын азайту бойынша динамика 11 155 мыңға жуық адамға кеміген.
Сақтандырылмағандардың көбісі жалдамалы жұмыскер, жеке кәсіпкер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша қызмет көрсететін азаматтар.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған «Аңсаған сәби» бағдарламасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жүзеге асырылуда.
2023 жылы бұл мақсатқа 245 квота бөлініп отыр. Яғни 2019 жылдан бері жасанды ұрықтандыру шараларын жасауға бөлінетін квота саны 2,5 есеге өсіп отыр. Биылдың өзінде облыс көлемінде бедеулік бойынша есепте тұрған 1 691 әйелдің 245-і немесе 12,5 пайызы МӘМС есебінен жасанды ұрықтандыру жасатады деп күтілуде.
Ауылды жерлерде тұратын халықты бастапқы медициналық диагностикамен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енген.
Кеңес беру, мамандандырылған медициналық көмек, диагностикалық зерттеулер көрсетуге мүмкіндік беретін жылжымалы медициналық кешеннің қызметі әр тұрғынға сақтандырылған мәртебесі бар-жоғына қарамастан қолжетімді әрі тегін. Өйткені дәрігерлердің қабылдауы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде жүргізіледі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының 10 аудандық көпбейінді орталық ауруханасымен жасаған келісімшарты негізінде 2023 жылы жылжымалы медициналық кешеннің жұмысына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті бойынша – 661,1 миллион теңге, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 269,1 миллион теңге қарастырылған.
– Өткен жылдың күзінен бастап Қазақстанда міндетті профилактикалық тексерулердің қатарына ауыл тұрғындарының скринингі кірді. Енді ауыл тұрғындары 18 жастан бастап скринингтен өтеді. Ертеректе бұл тексерулер 30 жастан басталатын. Сондай-ақ ауыл тұрғындарына арналған скринингтік тексерулердің қатары асқазан-ішек жолдары мен қуықасты безінің ауруларын анықтаумен толыққанын айта кету керек. 2023 жылы облыста ауыл тұрғындарын профилактикалық тексерулерді қаржыландыруға медициналық сақтандыру қорынан 576,2 миллион теңгеден аса қаражат бөлінді.
Айта кету керек, бүгінде көптеген адамдар медициналық сақтандыру жүйесінің не екенін білмейді немесе толық түсінбейді.
Қордың 1406 байланыс орталығына келіп түсетін азаматтардың өтініштері адамдардың МӘМС жүйесінің қағидатын білмейтінін және түсінбейтінін куәландырады. 1 маусымнан бастап 1406 байланыс орталығы 1414 бірыңғай байланыс орталығына ауысты. 1414 операторлары сағат 09:00-21:00 аралығында жұмыс атқарады.
Жалпы МӘМС жүйесі мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі қағидаттарына негізделген. Бұл ретте мемлекет экономикалық белсенді емес халық үшін, жұмыс берушілер жалдамалы жұмыскерлері үшін, жұмыскерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар өздері үшін жарна аударады. Бұл жүйеде жарналар жиналмайды. «Менің жарнам – маған ғана жұмсалсын» деген қағида да жоқ. Бүгін сіз өзгелерге көмектесесіз – ертең сізге бәрі көмектеседі.
Қор пациенттер мен медициналық ұйымдар арасындағы жолсерік болып табылады. Бұл ретте қор МӘМС ақшасын ғана емес, азаматтарға тегін медициналық көмек көрсету үшін мемлекет қаражатын да басқарады.
Бүгінде қор – Қазақстанда медициналық қызметтерді бірыңғай сатып алушы және төлеуші.
Мысалы, бұрын әр облыс өз бюджетін қалыптастырды, оның ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен медициналық қызметтерді төлеушілер ретінде әрекет етті. Бұл әртүрлі деңгейде қаржыландыруға әкелді, біреу көп, біреу аз ақша алды. Бұл азаматтардың медициналық көмекке тең қолжетімділігіне теріс әсер етті.
Қор деңгейінде барлық қаражатты орталықтандыру бірыңғай тарифтік саясат есебінен жағдайды теңестіруге мүмкіндік берді. Бұл сонымен қатар барлық ұйымдардың бірдей дамуына және бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызды, – дейді Ғайни Төленқызы.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала