ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗДЫ ҚҰРМЕТТЕЙІК
«Сақтан қалған салтымыз, ғұннан қалған ғұрпымыз бар» демекші, біздің халық ежелден рухани құндылықтарға бай. Дін мен дәстүрдің аясында ұрпақ тәрбиелеп, ұлттық болмысымызға сай ұстанымдарымызды жоғалтқан емеспіз. Кеңестік кезеңнің салқыны тиіп, тіліміз бен дініміздің тамырына балта шабылғаны белгілі. Осы сәттерде ұлттық жаратылысымыздан айни жаздап, қайтадан ес жидық. Сол солақай саясаттың зардабынан бүгінде әлі де арыла алмай келе жатқанымыз шындық. Ежелден ең бірінші болып атқа мініп, жабайы жылқыны жуасытқан қазақтың рухани құндылығы ешқашан өлмек емес.
Ұлт ретінде пайда болған күнімізден бастау алатын рухани құндылықтарымызға не жатады? Өзімізге тән мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз, әдебиетіміз және тарихымыз. Осы құндылықтарымыздың бағасын арттырып, мәртебесін биіктету бүгінгі елдің жан-жақты даму және рухани өсу деңгейіне байланысты. Өз тілімізде сөйлеп, өзіміздің дәстүрімізбен ұрпақ тәрбиелеп, сол өскелең ұрпақ өткен тарихымыз жайлы терең біліп өссе – руханиятымыздың дамығаны.
Ел тарихында халқының келешегін ойлап, ұлтына қамқор бола білген көзі ашық азаматтар аз болған жоқ. Қараңғыдан жол тапқан жұлдызы жарық тұлғаларымыз аталған құндылықтарды ұлт қолына ұстатып кетті. Бүгінгі қоғамда болмысымызды айқын боямасыз ашып, ана тілімізде анық сөйлеп, төл мәдениетімізді сақтап, дәстүріміз бен дінімізге берік болу – ұлттық руханиятымыздың діңгегі.
Отбасында ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет көрсету, өзінің шыққан тегін танудан басталатын ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтарымыз қалай дәріптеліп жатыр? Бүгінгі буынның буыны қатып, бұғанасы бекімей тұрып, ең алдымен, ұлтын терең тануына ұлттық құндылықтарымыз себепкер болмақ. Бесіктен белі шықпай жатып өзге тілде шүлдірлеп, жат мәдениетке еліктеп жүрген жастар қоғамда аз емес. Демократиялық мемлекет болғаннан кейін бе, әлде әу бастағы тәрбиенің дұрыс бағытта берілмегенінен бе, бетімен кеткендерді жөнге салу оңай болмай тұр. Жер бетінде қаншама ұлттар мен ұлыстар бар. Сол халықтың барлығында өзіне тән мәдениет пен дәстүр қалыптасқан. Олар ұлттық салт-дәстүрлеріне берік, отанына адал қызмет етеді. Өзгеге ұқсамайтын ұлттық киімдері бар. Бұл олардың ұлттық рухани құндылықтары. Жер бетінде солар секілді қазақ деген де ұлт бар. Олардың кейбірі бізге «Осы қандай ұлт екен?» деп алдымен ұлттық болмысымызға сырттай назар аударады.
Қытайды «айдарһарлар елі», орысты «аю» деп танысақ, бізді де «барыс» деп білетіндей бекем бір болмысқа ие болуымызға ұлттық кодымыз үлкен рөл атқарады. Бағасы өлшеусіз құндылықтарымызды төрге оздырып, бүгінгі ұрпаққа кеңінен дәріптеуді Отанымыздағы әрбір отбасы басты парызға айналдыруы керек. Қазақ халқының рухани құндылықтарының мәні осында жатыр.
Біз де бергі буынбыз ғой. Көзіқарақты зиялы қауым өкілдері бұл тақырыпқа қатысты не айтар екен? Халқымыздың рухани құндылықтарына не жатады? Жалпы рухани құндылық деген не? Бүгінгі ұрпақ бұл құндылықтарды қалай бағалайды? Осы сұрақтарға жауап алу үшін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет пен өнер саласының ардагері Асқарбек Сейілханмен тілдестік.
– Біздің көз алдымызға рухани құндылық деген кезде алдымен кітап, мәдениет, салт-дәстүр келеді. Ал шын мәнінде рухани құндылық дегеніміз – бабаларымыздан келе жатқан ұлттық тәрбиеге негізделген адамның тазалығы. Ата-анамыз бізді қалай тәрбиеледі? «обал болады», «ұят болады», «жаман болады» деген сөздермен бұрыс жерлерден тыйып отырды. Осы үш сөзді санамызға сіңірдік. Сөйтіп, бойымыздағы жаман әдеттерден арылдық. Рухани құндылықтардың дәнегі бізге осылай егілді. Әрине, бәріне топырақ шашпаймын, бірақ кейбір тоз-тозы шығып, шыққан тегінен, туған халқынан безініп жүрген жастар осы құндылықтардан ада. Қазіргі қоғамдағы жемқорлықтың өршуі де осыған қатысты. Теріс ағымдардағы қоғамға қауіп төндірген уахабизм, терроризм өкілдері де өз ұлтымыздың адамдары. Оларды «іштен шыққан шұбар жылан» десек, еш қателеспейміз. Бұл да біздің рухани құндылығымыздың азғандығы. «Аңқау елге арамза молда» дегендей, арамзалардың азғыруымен қаншама өрімдей жас тура жолдан адасты. Былтырғы қайғылы Қаңтар оқиғасында бүтін затты бүлдіру, адамды ұрып-соғу секілді келеңсіздіктер осындай азғындықтың салдарынан орын алды. Қазір біреу бір мекемеге басшы болып келсе, «Бұл жерде жейтін не бар?», «Мемлекет қаражатын қалай қалтаға басамын?» деген оймен отырады. Бұл да біздің рухани кедейлігіміз. Сталин, Голощекин замандарында миллиондаған қазақ аштан қырылды. 25 мың боздағымыз халық жауы ретінде атылды. Арамыздан қаншама сатқындар шықты. Осындай бір зұлматты кезеңдерді бастан кешірген халқымыз көптеген құнды дүниелерден айырылды, – деді А.Сейілхан.
Аталған тақырыпта тебірене ой толғаған қайраткер рухани құндылығымыз тек ұлтымыздың ою-өрнегі, ән-жыры, салт-дәстүрімен ғана өлшенбейтінін айтады. Осы орайда А.Сейілхан сөзін қайта жалғап: «Отан алдындағы адами парызымыз патриоттық, елжандылық қасиеттерімізбен бағаланады. Бүгінгі жастарға айтарым, кітап оқу, сапалы білім алу, ата-ананы құрметтеу, жетімді жылатпау, қоршаған ортаңа қайырымды болу, Отанды сүю, панасызға қамқорлық ету, өз тіліңе, дініңе, ұлтыңа жанашырлық жасау – нағыз рухани құндылық», деген пікір қосты.
Ішкі жандүниеміз түзелмей сыртымыз сүйкімді бола алмасы анық.
«Сыртымыз бүтін, ішіміз түтін» болса, рухымыз қалай түзелмек? Ежелден халқымыздың қадір тұтып, бүгінгі ұрпаққа мұра етіп, санаға сіңірген асыл қасиеттерін ұрпаққа дәріптеу – басты міндет. Осы қасиеттер арқылы ұлтшыл, отаншыл тұлғаларды тәрбиелейміз. Бүгінгі бесіктегі сәби ертең елінің бесігін тербететін тұлға. Ал ол тұлғаның тамыры тәрбие бұлағынан нәр алады. Өз балапанын жардан құлатып сынайтын қыран бүркіт те оның жерге түспей тас түлек болып қанат қағуына барын салады. Сол секілді осы рухани құндылықтарды өскелең жастардың жүрегіне мықтап ұялатуда ұлттық тәрбие беру тетігі қай деңгейде жұмыс істеп тұр?
Бұл туралы сауалымызды
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматоваға қойдық.
– Рухсыз адам болмайды. Алла жер бетіндегі адамдардың барлығын бірдей жаратады. Әркімнің өзінің өлшеулі өмірі, әлемі, тіршілігі, дүниесі бар. Соның барлығы олардың ішкі жүйесімен бірге ымдасып дамиды. Рухты адам болу, рухани күш жинау әрбір кеудесінде жаны бар пенденің сана-сезіміне байланысты. Бірақ сол рухты дамыту, рухты азамат болу дүниетанымдық көзқарасына байланысты. Бұл әңгімені адамнан бастап жатқан себебіміз қоғамның өзі, ұлтымыз, халқымыз жеке адамдардан құралады. Әрқайсысымыз мемлекеттің бір-бір кірпішіміз. Рухымыз биік болса, ішкі жандүниесі сыртқы әлемді тани алатындай күшті болса, мемлекет те мықты болады және ұлт та өзінің мәңгілігін сақтап қала алады. Рух деген нәрсе біздің ішкі дүниемізді ұстап тұрған діңгегіміз ғой. Сол жан дүниеміз арқылы біздің бүкіл тіршілігіміз дамиды. Жеке адамның рухани санасы арқылы қоғам өседі. Міне, сондықтан әр қазақтың рухы биік болуы тиіс.
Біз сонау 1990 жылдардағы қиын-қыстау кезеңдерді көрдік. Жүгері ұнынан нан жеп, кейде аш жүрсек те аталарымыздың қисса-әңгімелерін тыңдап өстік. Сондағы халықтың рухы биік еді. Бір қазаннан ас ішіп, барын бөлісіп жеді. Халықтың бір-біріне деген қамқоршылығы, мейірімділігі қандай еді? Тіпті үйіміздің есігінде құлып болмайтын. Ал қазіргі кезеңде басшыларымыздың құлқынына құлып сала алмай жүрміз. Қазіргі елдің рухы азып кетті. Басшы біткеннің барлығы жеке бастың қамын күйттейді. Оларда дүние де, байлық та жетеді. Жетпейтіні –
рухани байлық. Барлығын бірдей бұлай деп қаралауға болмайды. Рухты, патриот, отаншыл азаматтар бар. Бірақ олардың саны аз. Қазіргі таңда біздің кафедрада «Рухани сабақтастық» деген пән ашылды. Әль-Фарабиден хакім Абайға дейінгі тақырыпта студенттерге сабақ өтіп жүрміз. Осы екі аралықта ұлт рухының биік болуына әсер еткен қазақ зиялыларының шығармаларын оқытамыз. Жастар қатты қызығып оқиды. Өзім осы пәнді оқытуға қуанып барып, қуанып келемін. Себебі бұл қазақ зиялылары туралы терең білгісі келіп, осы тақырыпта көп ізденетін рухты жастар көп. Олар бұл пәнді тек балл алу үшін оқымайды. Шын мәнінде ішкі жан дүниесін көрсете алатын студенттер бар. Соларға қарап қатты қуанамын, болашағынан үлкен үміт күтемін. Мұның алдында «Ұлттық дәстүр» деген сабақ өткенбіз. Студенттеріміз бұл сабақта да керемет белсенділіктерін көрсете білген болатын. Салт-дәстүріміз жоғалса, біздің ұлттылығымыз да жоғалады. Өзінің рухын, өзінің ұлтын тани алмай жүрген үлкен кісілер бар. Оларға қарап, «әттеген-ай» деп бармағымызды тістейтініміз рас, – дейді С.Исматова.
Расында, рухани құндылықтарымыздан ада, ұлттылығын жоғалтып, өзінің кім екенін тани алмай жүргендер қоғамда әлі де бар екені шындық. Мысырды билегенімен, бірақ түбінде туған топырағына табан тіреген Бейбарыс Сұлтан да өз туған елінің қадірін түсінді. Біздің рухани басты құндылығымыз өзіміз өсіп-өнген орта мен өмір сүріп жатқан Отанымыз екенін ұмытпайық.
Нұржан Әліш
Келесі мақала