Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Түлектер орталығы ашылды

Түлектер орталығы ашылды
ашық дереккөз
Түлектер орталығы ашылды
Тараз қаласындағы Ыбырайым Сүлейменов атындағы №37 орта мектептің оқушылары білім ошағының батыр есімімен аталатындығын әрдайым мақтан тұтады. Бұл тұрғыда тәрбие жұмыстарының да лайықты деңгейде жүргізіліп келе жатқандығын айта кеткен жөн. Жуырда мектеп директоры Күләш Абдуллаеваның бастамасымен құралайды көзге атқан мерген Ы.Сүлейменов атындағы түлектер орталығының ашылуы – осы сөзіміздің бір дәлелі. Бүгінде алтын ұя – мектептен түлеп ұшқан азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Десек те түлектер қауымы ұшқан ұяларын ұмытпай, ұлағатты ұстаздарға әрдайым құрметпен қарай біледі. Орталықтың ашылу рәсімінде де бір-бірімен сағыныса қауышқан ел-жұрт емен-жарқын әңгіменің тиегін ағытты. Орталықтың ашылу салтанатына батырдың ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Айта кету керек, іс-шараға дайындық екі ай уақыт жүргізілді. Жауапты міндетке директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Сепбекқызы жетекшілік жасап, ұстаздар мен оқушылар белсене атсалысты. Ұжымның ынтымақ-бірлігінің арқасында сахналық қойылым да, концерттік бағдарлама да сәтті шықты. Педагогтар да, оқушылар да өздеріне берілген образдарды шеберлікпен сомдап, көрерменнің көзайымына айнала білді. Өзіме Ыбырайым Сүлейменовтің анасының рөлі сеніп тапсырылды. Шығарманың желісіне кіріп кеткенім соншалық, бала Ыбырайымды майданға аттандырып саларда етжүрегім елжіреп, көз жасыма ерік бердім. Ал әке рөлін денешынықтыру пәнінің мұғалімі Көлбай Мақсат, баланың образын 11-сынып оқушысы Бейбарыс Айшырақ шынайы алып шықты. Қойылымға өзге де көптеген оқушы қатысып, сенімді ақтай білді. Бір сөзбен айтқанда, түлектер орталығының ашылуы өскелең ұрпақтың патриоттық рухын асқақтатып, қатысушы қонақтардың көңілін бір серпілтіп тастады.

Роза ӘБЕНОВА, Ы.Сүлейменов атындағы №37 орта мектептің мұғалімі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

ҒЫЛЫМҒА ҚҰШТАР ОҚУШЫ
Алдыңғы мақала
ҒЫЛЫМҒА ҚҰШТАР ОҚУШЫ

Ұқсас жаңалықтар