ҒЫЛЫМҒА ҚҰШТАР ОҚУШЫ
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Ғылым саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Біз ғылымсыз еліміздің дамуын қамтамасыз ете алмаймыз.
Отандық ғылым жүйесі қаншалықты сапалы әрі тиімді? Бұл – басқа мәселе. Үкімет аталған мәселені ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеру және оларды тәжірибеде қолдану тұрғысынан қарастырғаны жөн», деген болатын.
Бүгінде адамзат игілігін көріп отырған жетістіктің барлығына ғылым мен білімнің арқасында қол жеткізген. Мемлекет басшысы сөз еткендей, ғылымға жеткілікті түрде көңіл бөлініп, отандық ғалымдар ашқан жаңалықтар өндіріске біртіндеп енгізілсе, оның игілігіне бүкіл әлем ортақтасатыны даусыз. Ал елімізде ғылым дамуы үшін оған мемлекет тарапынан түпкілікті қолдау қажет. Сонымен қатар балаларды оқушы кезінен ғылымға баулудың да артықшылығы көп.
Осы күні жастайынан ғылыммен айналысып, тәуір нәтиже көрсетіп жүрген оқушылар өз өңірімізде жетерлік. Соның бірі – Шу ауданындағы Төле би атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Нұрым Мақанғали. Сынып жетекшісі Ақтолқын Асылбекованың айтуынша, Нұрым өз ісіне тиянақты, сыныптың старостасы екен.
– Оның білім жолындағы талпынысы, берілген тапсырманы орындаудағы жауапкершілігі өте зор. Сабаққа үнемі дайындықпен келеді. Оқушылармен қарым-қатынасы жақсы. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алады. Мектептің барлық қоғамдық жүмыстарына, мектепішілік, аудандық, облыстық іс-шараларға қатысып, үнемі дипломдармен марапатталып отырады. 2022 жылдың желтоқсан айында өткен «Жылдың үздік дарынды оқушысы» атты республикалық форумға қатысып, І дәрежелі дипломға ие болды. Ол 2019 жылы республикалық «Жас ғалым» ғылыми жоба байқауына қатысып, «Ең үздік жоба» номинанты атанып, «Жас ғалым» төсбелгісімен марапатталған болатын. Болашақта Нұрым Қазақстан Республикасының білімді де білгір азаматы болатынына үлкен сенім артамын, – дейді Ақтолқын Төребекқызы.
Н.Мақанғали отбасында 4 ағайынды. Үлкен ағасы Диас Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті болса, екінші ағасы Мирас та алып шаһардағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының 1-курсында білім алып жүр. Ал інісі Шахнияз 3-сынып оқушысы. Әкесі Мәлік Мақанғалиұлы Шу ауданы әкімдігінің қаржы бөлімінде 20 жыл қызмет істесе, оның ішінде 12 жыл осы мекемені басқарыпты. Әкесі де кезінде сеніп тапсырылған мемлекеттік қызметті абыроймен атқарып, уақытында кеудесіне Қаржы министрлігінің «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісін, «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тағыныпты. Қазіргі таңда жеке кәсіпке бет бұрған жайы бар. Анасы Гүлнара Жүнісәлиева да жеке кәсіпкер. Ол да Шу ауданы әкімінің Құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен марапатталыпты. Осындай отбасынан шыққан баланың болашағынан ата-анасы да үмітті.
– Балам жетістікке ұстаздарының арқасында жеткенін айтқым келеді. Өзінің де зеректігі, еңбегі болды. Өйткені Нұрым кішкентай кезінен өте зерек, шапшаң, жан-жақты болып өсті. Сабақты өз бетінше оқып, көп ізденетін. Қазір оқуымен қатар, спорт саласын да бірге алып жүр. Нақты айтар болсам, 3-сыныптан бастап спорттың бокс түріне өте қызығушылықпен қатысып, қазіргі таңда жүлделі орындардан көрінуде. Ұлымды әрқашан мақтан етемін. Ата-анасын үнемі қуантуда, – дейді Г.Жүнісәлива.
Бокс жаттықтырушысы, облыстық мәслихаттың депутаты Бағдат Толыбаевтың айтуынша, Нұрым спортқа өте икемді, шыдамды, шапшаң әрі жылдам. Адам баласының бойынан табыла бермейтін қасиеттер Нұрымның бойында бар және еңбекқор. Өзінің еңбекқорлығымен және тыңғылықты дайындықтың арқасындда көптеген турнирлерге қатысып, сан мәрте І орынды иеленіп, арнайы медальдармен марапатталған екен.
Біз Нұрыммен тілдескенде спортта немесе ғылым жолында жеткен жетістігінің ішінде қайсысын ерекше бағалайтынын сұрадық. Ол білімге аңсары қатты ауатынын, оның ішінде ғылыммен айналысқанды жаны қалайтынын, өз зерттеуінде пияздың пайдасымен қатар, кері әсер беретін жайттар туралы жұмысына көңілі толатынын жеткізді. Ал спортпен кез келген адам айналысуы керек деп есептейді.
– Пияздың пайдасы және зияны туралы екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Мысалы, асқазаны ауыратын адамдарға пиязды жиі тұтынуға немесе таза сөлін ішуге болмайды. Ащысын азайту үшін пышақты салқын сумен шайып отыру, турағанда көзден жас ақпау үшін аршылған пиязды 15 минут салқын суға салып қою да керекті кеңес. Пиязды және одан жасалған өнімдерді күнделікті пайдалану қатерлі ісік ауруларының пайда болуын азайтады. Малды пияз егілген жерге жайса, сүтінің дәмі адамды жиіркендіреді. Осы секілді бағытта жұмыс істедім. Мен өз зерттеу жұмысымды толығымен аяқтадым деп айта алмаймын. Әлі де тақырыбым бойынша зерттеулер жалғастырып, пияздың ішкі құрылысы, тәтті сорттарымен жұмыс істесем деген ойым бар.
Жалпы оқушылар ұстаздардың үйреткен ілім-білімін, олардың берген мүмкіндігін пайдаланып қалуы керек деп ойлаймын. Мені қолдаған, сенім артқан ұстаздарыма алғыс айтқым келеді, – дейді Нұрым Мәлікұлы.
Жалпы бірдеңе білсем деген құштарлық кез келген баланың бойында бар. Оны тәй-тәй басқан, тілі жаңадан шығып келе жатқан баланың әр нәрсені бір сұрап, қолына түскен затты бұзып, ішінде не бар, не жоғын ақтарып, төңкеруінен-ақ аңғаруға болады. Сондай сәтте баланы бетінен қақпай, құлшындыра түсу, дұрыс тәлім-тәрбие беру – ата-ананың міндеті. Ал мектеп мұғалімдері зерек баланы өздері-ақ жетектейді. Бұл тұрғыда Шу ауданы Төле би атындағы орта мектеп ұстаздарының еңбегі ақталып жатқанына сенімдіміз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала