«БІЗДІҢ КӨЗДЕЙТІНІМІЗ ТАБЫС ЕМЕС, ҰЛТТЫҚ НАМЫС»
Үш күн бұрын Тараз қаласында Қазақстан Республикасының VI жазғы Спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтіп, орталық стадионға жиналған қалың көрерменнің қатарынан біз де табылдық. Иін тірескен спортсүйер қауымның арасынан қинала өтіп, БАҚ өкілдеріне арналған орындардың біріне жайғаса кеттік. Көптен бері көрмеген әріптестерімізбен арқа-жарқа болып әңгіменің тиегін ағытып отырғанымызда қасымызға бейтаныс жігіт келіп жайғасты. Білегінде бұлт-бұлт етіп бұлшық ет ойнап тұрған жас жігіттің түр-тұлғасына көз жүгіртіп, журналист емес, спортшы екенін бірден аңғардық. Таусылмайтын құрғақ сөзге шырмалғанша танысып-білісіп отырайық деген ниетте әңгімеге тарттық. Сөйтсек, бос орын табылмай, журналистердің қасына жайғасқан грек-рим күресінен Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері, ел чемпионатының 10 дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Нұржан Асан екен.
...Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен ХХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарында ел қоржынына қола жүлде салған Нұржанның атына сырттай қанық болатынбыз. Болашағынан үлкен үміт күттірген спортшымен дидарласып, сұхбат құру ойымызда жүргенімен сәті түспей-ақ қойып еді. Сонымен не керек, «енді мұндай мүмкіндік бола бермес» деп Нұржанды оңашалап алып шығып, Спартакиада басталғанға дейін көкейде жүрген сауалдарымызға жауап алып қалуға тырыстық.
– Нұржан, сұхбатымызды дәстүрлі сауалдан бастағымыз келеді. Спорттық мансабыңыз жайлы сөз қозғамас бұрын оқырмандарға өзіңізді таныстырып өтсеңіз?
– 2001 жылы Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданының тамылжыған табиғаты көрген жанның көзін сүйсінтетін Көгершін ауылында дүниеге келдім. Алақандай ауылдың саф ауасымен тыныстап, шаңын жұтып, шалғынында аунап-қунап өстім. 2009 жылы Ақтоған орта мектебінің табалдырығын аттап, 2012 жылы ата-анамызбен бірге Тараз қаласына қоныс аударып, Абай атындағы №26 орта мектепте білімімді жалғастырдым.
Ауылдың баласы болғандықтан кішкентай кезімнен спортқа бейім болып өстім. Бірақ спортпен түбегейлі айналысуға Тараз қаласындағы жаңа ортамның ықпалы ерекше болды. Себебі біздің сыныпта тоғыз ұл болса, бәрі түрлі спорт үйірмелеріне қатысатын. Осылайша сыныптағы достарыма еліктеп 13 жасымнан бастап грек-рим күресімен шұғылдана бастадым.
Алғашқы және қазіргі жеке бапкерім –
Ринат Исмаилов. Аз уақытта жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп интернатының грек-рим бөліміне 7-сыныпқа қабылдандым.
2019 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Білім саласындағы дене мәдениеттік спорттық қызмет» мамандығына оқуға түстім. Қазіргі таңда аталған оқу орнының 4-курс студентімін.
– Ал таңдауыңыз неге басқа емес, грек-рим күресіне түсті?
– Белгілі бір спорт түрімен айналысуға белді бекем буғанда ертеңгі күні бармақ тістеп өкініп қалмас үшін жан-жақты ізденіп, ұзақ ойландым. Сөйтіп, ойлана келе таңдауым грек-рим күресіне түсті. Өйткені грек-рим – классикалық күрес. Одан кейін егер білсеңіз, грек-рим күресімен қыздар мүлдем айналыспайды. Нәзікжандылар грек-римнен басқа спорт түрінің бәрін жанына серік ете алады. Яғни бір сөзбен айтқанда, грек-рим нағыз ер-азаматтардың, мықтылардың мықтысы ғана айналысатын спорт.
– Ел чемпионатының 10 дүркін жеңімпазы екенсіз. Сіздің салмағыңызда бәсекелестік төмен бе, әлде шынымен-ақ Қазақстанда тең келетін қарсылас жоқ па?
– Бәсекелестік төмен деп айта алмаймын. Ел чемпионаты болған соң барлық аймақтан сайдың тасындай іріктеліп шыққан балуандар бақ сынасады. Ең алғаш рет 67, кейін 72 келі салмақ дәрежесінде ел чемпионатында топ жардым. Одан кейінгі жылдары да бірнеше салмақта Қазақстан чемпионы атандым.
Жалпы спортта жетістікке жету үшін темірдей тәртіп, сапалы білім және жүйелі дайындық керек. Сондай-ақ кез келген мықты спортшының артында білікті бапкер тұрады. Сондықтан өзімді жолы болған спортшымын деп ойлаймын. Ринат ағайымның артқан сенімі, тәрбиесі мен бағыт-бағдары жарқын жетістіктерге жетеледі. Ерназар Қонысбаев ағайым да біліктілігімді арттырып, жаңа биіктен көрінуіме мүмкіндік сыйлады.
– Бірнеше айдан кейін әлем чемпионаты басталады. Дайындық қалай?
– 2023 жылға алға қойған мақсатым – Азия және әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырынан көрініп, елімнің абыройын асқақтату болатын. Аллаға шүкір, бір мақсатым орындалды. 2023 жылдың наурыз айында Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде бабым мен бағым қатар шауып, елге алтын жүлдемен оралдым.
Енді қыркүйек айының 2-12 аралығында әлем чемпионаты жалауын желбіретеді. Төрткүл дүниенің мықтылары бас қосатын турнирде топ жарып шығу үшін дайындық жұмыстарын бастап кеттік.
– Әлемдік ареналарда жасындай жарқылдаған спортшыларымызға барынша құрмет-қошемет көрсетіліп жатады. Солай болуы керек те. Ал сурдоспортшылар мемлекет назарынан тыс қалып қойып жатқан жоқ па?
– Егер бізге, сурдоспортшыларға лайықты жағдай жасалмаса, сіз айтқандай, шынымен-ақ назардан тыс қалып қойсақ, спорттық мансабымызда бүгінгідей жетістіктерге жете алмас едік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Паралимпиада мен Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздарына төленетін сыйақы да Олимпиада ойындарының жеңімпаздарына берілетін сыйақымен теңестірілген.
Қазіргі таңда облысымызда да жас ерекшелігіне қарамастан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өздері қалаған спорт түрлерімен айналысуына барлық жағдай жасалған. Мәселен, 2022 жылы Бразилияда жалауы желбіреген Сурдлимпиада ойындарында жамбылдық жампоздар жүлдені күреп алды. Тіпті Қазақстан спортының тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді десек, қателеспейтін болармыз. Төртжылдықтың басты спорттық додасында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 28 медаль жеңіп алса, 11-і жамбылдық сурдоспортшыларға тиесілі. Бұл дегеніңіз үлкен сенім мен қолдаудың айқын дәлелі.
Бірақ осы орайда бір мәселенің астын сызып айта кеткім келеді. Біздің көздейтініміз табыс емес, ұлттық намыс.
– Енді алдағы жоспарыңыз қандай?
– Мақсатым – келесі Сурдлимпиада ойындарында әлем халқының алдында Әнұранымызды шырқату. Өткен жылы қола жүлдені қанағат тұттым. Енді алтын болатындығына сенімдімін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала