Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Спорт саңлақтары сенімді ақтайды

Спорт саңлақтары сенімді ақтайды
ашық дереккөз
Спорт саңлақтары сенімді ақтайды
Сонау Кеңес дәуірінде бокстан КСРО чемпионатының бірі 1984 жылы Ташкент қаласында өткен болатын. Кезекті чемпионаттың бір ерекшелігі – аталған доданың қорытындысы бойынша АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін ХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын былғары қолғап шеберлерін анықтау, КСРО құрамасын жасақтау еді. 15 одақтас республика қатарында біздің елдің боксшылары да аталған байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындалып, шаршы алаңда ширақ өнер көрсетті. 12 салмақ дәрежесі бойынша өткен чемпионатта бақ сынаған жерлестеріміз Ташкент төрінде атой салып, 9 боксшымыз өз салмақ дәрежесінде жеңімпаз жүлдегер атанды. Төрт боксшымыз алтыннан алқа тағынса, қалғаны біріншіліктің қола жүлдесін иеленді. КСРО чемпионатында Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, 2 дүркін әлем кубогының иегері, Еуропаның 2 дүркін чемпионы, керемет бокстасу мәнерімен жанкүйерлер мен көрермендердің көзайымына айналған жамбылдық тарлан боксшымыз Серік Қонақбаев алтын тұғырға көтерілді.Сонымен қатар Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Кәрімжан Абдрахманов, Еуропа чемпионы және қола жүлдегері, әлем кубогының күміс жүлдегері қарағандылық Серік Нұрқазовтың да Ташкент төрінде бағы жанды. Соққысы өте ауыр, «Мистер нокаут» атанған маңғыстаулық Асылбек Қилымов та тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Әр салмақ дәрежесінде 5-6 мықты боксшының болуы бәсекелестікті күшейткені рас. Ірі халықаралық додаларға жолдама алуда сол кездегі орталық Мәскеудің шешуші рөл атқаратын ықпалы болғандықтан КСРО құрамасына ілігу қиынның қиыны еді. Өкінішке қарай, спортқа саясат араласып, Кеңес әскерлерінің Ауған жеріне кіргенін құптамаған АҚШ пен Батыс Еуропа елдері Мәскеуде өтетін ХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына қарсы бойкот жариялады. Осылайша АҚШ пен Батыс Еуропа елдері Олимпиадаға спортшыларын жібермеді. Осыдан кейін Кеңес одағы мен достастық социалистік елдер де Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы ХХІІІ Олимпиада ойындарының өтуіне қарсы байкот жариялап, спортшыларын жібермеді. Сөйтіп, «Олимп шыңын бағындырсам» деген қаншама спортшыларымыздың арманы аяқасты болып, үкілеген үміттері үзілді. Нағыз бабы келген шағында армандары мен алға қойған мақсаттары орындалмай қалды. ... Кеше ғана Ташкент төрінде бокстан өткен әлем чемпионатында алдыңғы буын ағалары салып кеткен сара жолды ізбасарлары қайталап, қазақ бокс мектебінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Тәуелсіз Қазақстан елінің намысын қорғағандардың барлығы кілең «сен тұр, мен атайын» деген ұстанымдағы боксшылар болатын. Финалға жолдама алған 5 оғланымыздың 4-еуі қарсыластарына ешқандай мүмкіндік бермей, әлем чемпионы атанды. Командамыздың капитаны Асланбек Шымбергенов, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан және Нұрбек Оралбай еліміздің туын көкте желбіретті. Асланбек өте тәжірибелі, өз салмақ дәрежесінде құраманың бірінші нөмірлі боксшысы. Биыл бәсекелестіктің жоғары болуына байланысты осы жұлдызды сәтті төзімділікпен ұзақ күте білген, ата-бабаларымыздың «Сабыр түбі – сары алтын, Сарғайған жетер мұратқа» деген өсиетін ұстана білген жамбылдық жампоз Асланбектің тамаша жеңісінің куәгерлері болдық. Қазақ елінің абыройын асқақтатып, халқымызға қуаныш сыйлаған сол сәтте тұла бойымызды шаттық сезім биледі. Чемпиондарымызды марапаттау рәсімінде көк туымыз көкте желбіреп, Әнұранымызды спорт сарайындағы жанкүйерлеріміз тік тұрып қосыла орындағанда тебіренбеген жан қалмаған шығар. Әнұранның қысқартылып орындалуына қарамастан жанкүйерлердің толық шырқауы мемлекеттігімізге, туымызға, Әнұранымызға және чемпиондарымызға деген зор құрмет пен сүйіспеншілік деп білемін. Сол сәтте Әнұранымызды бүкіл әлем жұрты тапжылмай тыңдап отырғандай сезілді. Келесі жылы Франция астанасы Парижде жазғы Олимпиада ойындарына әлемнің 200-дей мемлекетінен спортшылар қатысады деп күтілуде. Дүниежүзі көз тіккен төртжылдықтың басты бәсекесінде сайыпқырандарымыз жарқын жетістіктерімен рухымызды көтеріп, көк туымыздың астына намысымызды топтастырып, Әнұранымызды бүкіл ел болып орындайтынымызға сенімдімін.

Баймахан ҚОШҚАРБАЕВ, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар