ДЕПОЗИТ – ДАҒДАРЫССЫЗ ДАМУ
Ақша – еңбектің өлшемі, өмір сүрудің материалдық мөлшері. Тұрмыстың тұраламауы ақшаны аз немесе көп табумен таразыланбайды. Бастысы тапқаныңды ұқсату, тіршіліктің талабын орындай жүріп табысыңды еселеу. Қаржыгерлер кіріс пен шығыстан шатаспай, ай сайынғы табыстың 10 пайызын жинаған жан ұтатынын жиі айтады. Ал қолыңдағы қаржыны жоғалтпай, еселеудің тиімді тетігі – депозит. Депозит – дағдарыссыз даму.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында ел тұрғындары екінші деңгейлі банк депозиттерінде 21,56 триллион теңге жинап, көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 19,9 пайызға көтерілген. Жыл жылжыған сайын халық қаржысын банкке сеніп тапсырып, пайыздық мөлшерде табыс табуға ынтасы артып келеді. Алайда қомақты қаржыны банкте сақтау қауіпсіз бе? Егер осы сауал сізді мазалап жүрсе, кез келген тұлғаның банктегі жинағына мемлекет толық кепілдік беретінін білгеніңіз жөн. Яғни сіз депозит ашқан банк Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына кірген болуы шарт.
Тәуелсіз сарапшылар жүргізген сауалнама бойынша, қазақстандықтар банк таңдау барысында 3 критерийге баса назар аударады. Бірінші – ыңғайлы мобильді банкинг (депозитті онлайн ашу, банк қосымшасынан жинақты толтыру, қашықтықтан есепшотты бақылап отыру). Екінші – банктің беделі. Үшінші – рейтингтік агенттіктердің банкті бағалауы. Аталған критерийлер бойынша халық арасында танымал әрі кең қолданысқа ие «Halyk» «Kaspі», «Отбасы» банктерінің депозиттік жүйесіне шолу жасайық. «Halyk Bank» минималды 1 000 теңгеден бастап 12 айға депозит ашуға болатын «Әмбебап» және 6, 12, 24 айға жоспарланған «Барынша жоғары» тарифтерін ұсынады. «Әмбебап» тарифінде салымды теңгемен жинасаңыз 15,2 пайыз, доллармен 1 пайыз мөлшерлі табыс болса, «Барынша жоғары» тарифінде теңгемен жинасаңыз – 17 пайыз, ал доллармен жинақта пайыз өзгеріссіз қалады. Ал «Kaspi Bank»-те теңгемен жинақталатын сома үшін табыстың пайыздық үлесі –
15 пайыз, шетел валютасына –
1 пайыз. Аталған банктегі 1 000 теңгеден бастап салынатын жинақтан кез келген уақытта пайыздық табысты азайтпай, қаржыны пайдалана аласыз. Ал «Отбасы банкі» тұрғын үй депозитімен танымал. «Отбасылық пакет», «Жас отбасыға» арнайы депозиттік жүйе қарастырылған. Депозитте жинақталған соманың пайыздық табыс мөлшерлемелері: атаулы – 2 пайыз, тиімді жылдық – 14 пайыз. Банкте мемлекеттік сыйақы да бар. Жыл соңына дейін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаражат жинасаңыз, әр жылдың басында ең жоғарғы сыйақы аласыз.
Аталған 3 банк те балаларға 0-18 жас аралығында жинайтын арнайы депозиттік бағдарламаларын іске қосқан. Балалар депозиті кәмелеттік жасқа дейін жинақталып, білім, тұрғын үй алу сынды қажеттіліктерге бағытталуы тиіс. «Halyk Bank»-те болашақта білім алуға бағытталған 12 пайыз банк сыйақысымен қатар, мемлекеттік сыйақы берілетін «Aqyl» депозитіне салым жинауға болады. «Жастайыңнан жина» принципін алға тартатын «Отбасы банк» балалар депозитіне де барлық артықшылықтарды тең қойған. Ұзақмерзімді депозит бала өскенде үй алуды қаласа, табыс көзін растамай баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бала 18-ге толғанша есепшот ашу, оны толтыру, бақылауды ата-ана жүзеге асырады.
Тұлға жеке басының және балаларының болашақтағы материалдық капиталын кепілдендіруі үшін депозит – сенімді жинақ көзі. Тек банк таңдауда қаржылық тұрғыда сауатты әрекет ету маңызды екенін ескеріңіз.
Жұлдызай МҰСАЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті
Келесі мақала