Экономикалық байланыс артуда
Көрші мемлекеттермен шекаралық сауданы дамытуда біздің өңірдің өзіндік үлесі зор. Жамбыл облысы тұрғындарының іргелес жатқан Қырғыз Республикасымен арадағы барыс-келісі, алыс-берісі еш уақытта үзілген емес. Әсіресе сауда-саттық барысындағы ынтымақтастығымыз берік. Мемлекетаралық қарым-қатынасты реттеудің нормативтік-құқықтық базасы заң аясында ұйымдастырылып жатқаны сөзсіз. Сауда-саттыққа қатысты тауарлардың шекарадан өту заңдылығын қамтамасыз ететін бақылау бекеттері, оларға жауапты басқарушы органдар осы салада қандай жұмыс атқаруда? Тауар тасымалдаушы көліктер мен екі ел кәсіпкерлерінің қарым-қатынасына қатысты әкімшілік кедергі жоқ па? Осы секілді сауалдар көптің көкейінде жүргені анық.
Айырқалпақты ағайынмен шектесетін шекаралық аймақтар бізде баршылық. Қордай, Меркі, Жамбыл аудандарындағы бекеттерде әртүрлі өнеркәсіп өнімдері мен заттай тауарлардың тасымалы қызып жататыны жалпыға аян. Түркістан облысы арқылы Өзбекстаннан да түрлі көкөністер, тағы да басқа тұтынушылық тауарлар өңірімізге тоқтаусыз кіріп жатыр. Халықтың қажеттілігін қамтамасыз етіп, кәсіпкерлердің жұмысын жандандырып жатқан өзге елдермен ынтымағымыз берік орнаған. Бауырлас елдерден бөлек, Ресей, Қытай мемлекеттері секілді басқа да елдермен сауда-саттығымыз дамуда.
Бүгінде азық-түлік немесе киім-кешек алуға базарға барсаңыз, сатылымда қырғыз елінен келген өнімдердің көп екеніне көзіңіз жетеді. Заттай және азық-түлік тауарларының сатылу бағасына көз жүгіртсек, арзаны осы көршілес елден келген өнімдер болып шығады. Сапасы жағына келгенде тауардың тиімділігі орташа. Біздің елдегі қымбат дүние ол жақта арзан. Немесе ол жақта бағасы жоғары заттар бізде қолжетімді. Бұл екі ел экономикасының, инфляция мен кіріс-шығыстың әртүрлі жағдайда екенінен хабар береді. Шекаралық одаққа өтпей тұрып, сол шекара маңындағы аймақтарда тұратын халықтың дені киім-кешекті осы елден барып алатын. Екі есе арзан бағаға азық-түлік, заттай тауарлар алатын қазақстандықтарға сол кездер қолайлы еді. Қазіргі уақытта ол елдегі сауда-саттық жекелеген тұрғындар үшін тиімсіз болып қалды. Көтерме саудамен алым-саттық жасайтын кәсіпкерлер болмаса, тек өз қажеттілігі үшін зат алатын тұтынушыларға мұның аса тиімділігі жоқ секілді.
Базарларда қап-қабымен жиналып тұрған көрші мемлекеттің картоптары біздің елге көтерме сауда арқылы келеді. Бірақ бәрібір өзіміздің өнімдердей болмасы анық. Бағасы да арзан. Үстімізге киіп жүрген жейде, шалбар, аяқкиім сияқты тауарлардың кейбірі осы бауырлас елде тігілген. Көліктің де сапалы әрі арзанын сол мемлекеттен алатынымыз жасырын емес. Екі ел арасындағы сауда-саттықтың мәні, біздің пайымымызша, осындай.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының мамандары берген ақпаратқа сүйенсек, осы жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша, облыстың Қырғыз Республикасымен өзара сауда айналымы 11,1 миллион АҚШ долларын құраған екен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,9 пайызға төмендеген.
Шетелге экспортталған негізгі тауарлар – боялмаған немесе боялған, дайын немесе клинкер нысанындағы портландцемент өнімі, тас көмір, тас көмірден алынған брикеттер, шекемтастар және қатты отынның ұқсас түрлері, мұнай және мұнай өнімдері, фосфинаттар, фосфонаттар және фосфаттар.
Ал импорт тауарларға келетін болсақ, қыштан жасалған өзге де құрылыс кірпіші, қыш тақталар мен тақтайшалар, жануарлардан немесе өсімдіктерден алынатын тоң майлар мен майлар, минералды және химиялық тыңайтқыштар, тас көмір, тас көмірден алынған брикеттер, шекемтастар және қатты отынның ұқсас түрлері, тағы да басқа тауарлар.
Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қырғыз елімен ертеден мәдени-рухани байланысымыз берік орныққан. Тәуелсіздік жылдарында халықаралық нормаларға сәйкес шекарамыз шегенделгенімен екі арадағы сауда айналымы жаңаша сипат алып, экономикалық қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Алдағы уақытта да қос мемлекеттің ортасындағы алыс-берістің тоқтамайтыны анық.
Нұржан Әліш
Келесі мақала