Болашақтың кілті, елдің ертеңі - білімді жастар. Қазіргі уақытта жастардың сапалы білім алуы, дұрыс мамандықты таңдауы және қоғамнан өз орнын табуы мемлекеттің болашағы үшін ең өзекті тақырыпқа айналды.
Жастар табанды еңбек етіп, елімізде болып жатқан оңды үрдістерге белсене қатысуы арқылы ғана жетістікке қол жеткізе алады. Сонымен қатар, жастар қоғамға пайдасын тигізіп, алған білімін еліміздің өркендеуіне жұмсайтын болса, онда келешегіміздің кемел болатыны сөзсіз. Жаңа заман тәуелсiз ел мұраты - жастардың бiлiмi мен бiлiктiлiкке талпынып әрекеттенуiн, еңбектенiп өсуiн талап етiп отыр. Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Көзі ашық, көкірегі ояу білімді ұрпақ өз Отанын дамыту жолында аянбай тер төгеді. Жастар- бұл мемлекеттің негізгі тірегі бола отырып, болашақта ел басқаратын ұрпақ өкілдері. Әрине, еліміздің келешектегі арайлы таңының пердесін тек белсенді жастар ғана аша алады. Барлық уақытта жастар халық арасындағы ең озық бөлігі болып есептелінген. Олар әрқашан қоғамдағы оң өзгерістердің алдыңғы қатарында болды. Негізінен, жастар -мемлекеттің стратегиялық қоры. Олар дамудың жасампаздық қуаты мен ұлттық күшін жинақтап, дамыта алады.
Өткен ғасырларда адамзат ілімінің дамып, ақыл мен ой парасатының жетілуі, оқудың қажеттілігін айтып, білім алудың маңызын анықтаған ғұламалардың бірі Әбу Насыр Әл-Фараби. Ол өз еңбектерінде еңбек тәрбиесі мен оның теориясын жасаушылардың бірегейі екені мәлім. Білім мен ғылым қазіргі таңда және болашақтағы қоғамды дамытатын негізгі күш болып табылады, яғни қазіргі жастарымыз бәсекеге қабілетті тұлға болуы керек. Ол үшін ең алдымен бәсекеге қабілетті тұлға білімді, сонымен бірге міндетті түрде тәрбиелі де болуы қажет.
Осы тұста жетілген тұлғаны тәрбиелеу үшін ғұлама ғалым, ойшыл, философ Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген басты қағиданы ұсынған болатын. Бұл қағиданың қазіргі таңдағы өзектілігі зор.
Тәрбиелеу – адамдардың бойында білімге негізделген түрлі игіліктер мен өнерлерді дамыту деп те атауға болады. Тәрбиелеу – жеке адамның кісілігін қалыптастыру деп көрсетеді әлемнің екінші ұзтазы. Ол тәрбие әрекетінде қатты әдісті, қатаңдық пен жұмсақ әдісті, жұмсақтықты ұштастыра білуді ұсынады, яғни бұл әрекеттер де қазіргі таңда өте өзекті болып табылады.Тәрбиелеу ісі асқан шеберлікті, зор талантты талап етеді. Жас ұрпақты тәрбиелеудің түрлі жолдары мен әдістері көп, соның ішінде ұрпақ тәрбиелеуде халқымыздың рухани байлығына және асыл мұраларына, ұлттық құндылықтарына сүйенген жөн.
Қазіргі таңда жоғары оқу орындарындағы білім алушыларды оқытудағы инновациялық тәсілдер жүйелі болуына және болашақ мамандарды даярлауда оқу-тәрбие жұмысының барлық жақтарын қамтуы керек екендігіне ерекше назар аударылып, дұрыс тәрбие беруді де көздейді.
Жастарды білім және ғылым жолына салып, болашаққа бағдар беру, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеттерінің бірі болып табылады. Барлық мықты мемлекеттер жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек, осыған қатысты М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Экономика және құқық» факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен кураторлар осы бағытта көптеген жұмыстар атқаруда, онлайн форматта тәрбие, қоғамдық және ғылыми бағыттарда кураторлық сағаттар өткізіліп, студенттермен әрдайым байланыс жасап отырады. Соның ішінде студенттерге белгілі мамандықтар бойынша білім ғана беріп қоймай, сонымен бірге өмірге бейім, өз айналасында әр жағдайдан жаңалық ашуға жаны құмар жаңашыл, білімді де білікті, жан жақты дамыған тұлғаларды қалыптастыру болып табылады.
Соңғы жылдары елімізден 100 мыңнан астам түлек шетелге кеткен. Олардың арасында болашақта Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосатын небір талантты жастар, ғылыми қызметкерлер, өршіл, дарынды жаңа буын өкілдері бар.
Сонымен, неліктен жастар шетелге ағылуда?
Қазіргі таңда шетел асып, білім алу, жұмыс істеу оңайға айналды. Сондықтан шығар, кейінгі жылдары сыртқы көші-қон толастамай тұр. Әсіресе жайлы өмір іздеген жастар жат жұрттан «жұмақ» іздеп, мұхит асып жатады. Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын 14-28 жас аралығындағы жастар шетел асады екен. Сарапшылардың айтуынша, мұның бірнеше себебі бар. Тұрақты жұмыстың болмауы, болған күннің өзінде жалақысының мардымсыздығы, ең өзектісі – баспана мәселесі жастардың «жайлы өмір» іздеп шетел асуына өз «септігін» тигізіп отырған.
Қазақстандықтардың шетелге кету себебін үш факторға бөліп қарастыруға болады. Олар: саяси, әлеуметтік және экономикалық факторлар. Саяси факторға сөз еркіндігі, сөз бостандығының жоқтығы, мемлекет жүйесіндегі жастардың өзін-өзі дамытуға тежеу болатыны, жұмыс бағытындағы аз жалақы алу себебі жатады. Көбінесе жастардың шетелге көшуі саяси факторға байланысты. Ал, орта жастағы адамдарды алатын болсақ, көбіне тұрмыс жағдайын реттеу үшін қоныс аударады,
Мемлекет тарапынан жастарға көп мотивация берілу керек. Олардың әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешу қажет. Бірінші кезекте баспана мәселесі. Жұмысқа орналасқан кезде оларға пәтер берілсе немесе баспана алуға үлкен жеңілдік жасалса, жастардың көбі өз елінде қалар еді. Екіншіден, жұмысқа қабылдау тәртібін өзгерту керек. Олардың жемқорлықпен емес, білім деңгейіне, квалификациясына байланысты қабылдаса, ол да үлкен мотивация болады. Үшінші, жастардың дамуына жағдай жасалса жақсы еді. Қазіргі таңда мемлекеттің де, үлкендердің де болашақ жастарға сенімділігі аз. Осындай стереотипті өзгертетін болсақ, адал қызмет ету потенциалын қолдасақ жастар шетел аспай, өз еліне еңбек етеді. Мемлекет мотивация бермесе, олар өзге елді дамытып, табыс табуға үйір болады.
Осындай экономикалық, кәсіпкерлік ортада табысты жұмыс істеп, жаңа мүмкіншіліктерді анықтап, инновациялық бизнес-идеяларды туындау үшін, әрине білімді, ақыл-ойыңыздың ширақтылығы, ақпараттарды жинақтау және талдау қабілеттерінің болғаны абзал.
«Болашақ- жастардың қолында», - деп осы сөзді ұран етіп, болашаққа нық қадам басу, көк туды көкте желбірету біздің айқын мақсатымыз болуы тиіс. Келешектің тізгінін берік ұстап, болашақтың көшбасшысы болумен қатар, еліміздің еңсесін көтерер азамат болуымыз керек. Айқын мақсатқа жете отырып, жетістікке жетеміз. Ал жетістікке ұмтылу адамды дамытуға бастайтын үлкен күш екенін ұмытпайық.
Қорытындылай келе, білімділігімен қоса рухани дамыған, еліміздің ертеңгі тұтқасын ұстайтын - ойы озық жастар болмақ!
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университет,
«Экономика және құқық» факультетінің
тәрбие жөнінде декан орынбасары,
бейіні бойынша доктор Теңізбаева Ж.С.