Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

45 ЖЫЛ ТРАКТОР ТІЗГІНДЕГЕН

45 ЖЫЛ ТРАКТОР ТІЗГІНДЕГЕН
ашық дереккөз
45 ЖЫЛ ТРАКТОР ТІЗГІНДЕГЕН
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еңбек адамына құрмет көрсету қоғамды дамытатынын баса айтқан еді. Мемлекет басшысы аталған Жолдауда: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да оны сапалы атқару маңызды», деп атап көрсетті. Адам өмір сүру үшін еңбек етуі керек. Бірақ тіршілік қамы үшін табыс табудың да түрлі жолы бар. «Ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүріп» табыс табатындарға қарағанда қарапайым еңбек адамына деген құрмет қоғамда айрықша. Өйткені елдің шетінде, желдің өтінде жүрген шопанның да, мыңдаған тереңдіктегі жер астына түсіп, кен өндірген шахтердің де, сушы, қырқыншы, аула сыпырушы секілді өзге де қара жұмыс арқылы қол еңбегімен адал нан тапқан кез келген адамның атқарып жүрген жұмысы оңай емес. Басқа түскен қаржылық дағдарысты, қиындықты мол табыс табумен жеңуге болады. Алайда жеке немесе ұжымдық ортада бейнетке малынғанның абыройы өзгеше болатыны сөзсіз. Қиындықты бейнетпен еңсерудің, адал еңбекпен бақытқа жетудің жолы, жемісі бөлек. Ұзақ жылдан бері бір ұжымда табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан еңбек адамының бірі – Сәбит Отаров. Ол Меркі ауданының Сарымолдаев ауылдық округіндегі «Жылыбұлақ – Меркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы. Сәбит Тәңірбергенұлы еңбек өтілін осыдан 45 жыл бұрын бастаса, осы ұжымға 1990 жылдары жұмысқа орналасқан екен. – Негізі Қарақалпақстанның Қоңырат ауданынан 1990 жылдары көшіп келгенмін. Сол кезде осы ұжымшарға (колхоз) жұмысқа тұрдым. Үш жылдан кейін өзге мекемелерде тракторшы болып еңбек еттім де, 1996 жылы осында қайта оралдым. Содан бері жұмыс істеп келемін. 1998 жылы бұрынғы «Красный Восток» ұжымшары «Жылыбұлақ – Меркі» ашық акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. 2005 жылы мекеме ЖШС болып қайта тіркеуден өтті. Серіктестіктің тәуелсіздік жылдарындағы қиындықты, бүкіл мекеме, кәсіпорындардың басына түскен дағдарысты еңсеруіне куә болдық. Бұл тұрғыда серіктестікті аяққа тұрғызған сол кездегі басшылардың еңбегі зор. Бүгінде айлықақымыз уақытылы беріліп тұрады. Маусымдық жұмыстарда табысым 300 мың теңгеге дейін барады. Әйелім де теміржол саласында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан. Екеуміз қанаттасып тірлік етіп, осы күнге жеттік. 5 ұлдан Құдайдың берген 6 немеремнің қызығын көріп отырған жайымыз бар. Аудан, ұжым сіздердің редакцияға еңбек адамы ретінде мені ұсынса, бұл еңбектің еленгенін білдіреді. Жалпы адамды еңбек бақытқа жетелейді. Ұжымның, ағайынның арасында еңбекқорлығымен көзге түскен адамдар бізден бұрын да болған. Тек бос жүрген жастар мұндай жұмысты қол көрмей, қара жұмыстан қашпаса, адал еңбек, адал кәсіппен нан тапса, біздің ұрпаққа берген тәліміміз, көрсеткен үлгіміз сол болмақ. Жалпы еңбек құндылығы дегеніміз менің түсінігімде адамның тер төгуі арқасында өз жемісін берген жұмыс нәтижесі. Сый-құрмет пен тәуір тұрмысқа ауыр жұмыс атқарып та кенелуге болатынын әркім білгені дұрыс, – деді Сәбит Тәңірбергенұлы. С.Отаров бір айдан кейін 63 жасқа толады екен. Ол еңбек етіп жүрген агроқұрылым мал және егіншаруашылығымен айналысады. «Жылыбұлақ – Меркі» ЖШС директоры Есбол Акетаевтың айтуынша, мұндағы жұмысшылардың саны – 165. Шаруашылықтың тұрақты пайдаланатын егіс алқабы ауылдық округтің аумағында орналасса, жайылым жер таулы және құмды аймақтарда. – Округ орталығы – Сарымолдаев ауылы. Оның құрамында бұдан басқа Ақтөбе, Ойтал, Екпінді ауылдары бар. Серіктестіктің жалпы жер көлемі – 5329,23 гектар. Оның ішінде 334,94 гектары суармалы жер болса, тәлімдік жер 3010,37, шабындық 47,19, жайылым 1824,05, басқа да жерлер 112,68 гектар. Егіс алқабын сөз етсек, бидай 1500 гектар, арпа 1500, қант қызылшасы 150, жоңышқа 280 гектар болса, одан бөлек биыл 100 гектарға жаңадан жоңышқа тұқымы себілді. Шаруашылықта 29 487 уақ мал болса, 13 779 саулықтан әзірге 11 313 төл алынды. 639 қылқұйрықтының 237-сі бие, оның ішінде 98-інің құлыны бар. Мүйізді ірі қара – 196. Оның ішінде сиыр – 92, бұзаудың саны – 21. Ал 72 түйенің – 39-ы інген болса, 8-і боталады. Шаруашылықтың жұмысы бір сәтке де дамыл тапқан емес. Қауымдасып тірлік етуде ұжымдағы әрбір адамның атқаратын ісі маңызды. Оның ішінде еңбек адамдарына келсек, жұмысшылар төккен теріне, еткен бейнетіне қарай кәсіби және басқа да мереке қарсаңында ұжым, аудан тарапынан марапатталып тұрады. Сәбит Отаров та ұжымда өзіне тиесілі жұмысты атқаруда біліктілігімен, қарапайым және кішіпейіл, өзгеге қамқорлығымен беделге, абыройға ие болған маман. Әр маусымның өзіне тән жұмысы бар десек, ол кісі ерте көктемнен бастап жер жыртып, егін егу науқаны секілді жұмыстардың бел ортасында жүреді. Күзге салым егін ору, түсімді шашпай-төкпей қамбаға тасу секілді шаруаларды атқарады. Қыс мезгілінде шаруашылық иелігіндегі техникаларды жөндеуге, кейде малшыларға жемшөп тасу ісіне атсалысады. Ол ұжымдағы жасы үлкендердің бірі ретінде жастарға білгенін үйретуде де аянып қалған емес, мұндай білікті әрі өзінің білгенін өзгемен бөліссем дейтін мамандарға қай ортада болсын төрден орын ұсынылатыны хақ, – деді Есбол Аманжолұлы. Бүгінде осындай іргелі шаруашылықтардың кейбірі шопан, механизатор, сушы секілді жұмысшы мамандығына зәру екенін айта кетуіміз керек. Дегенмен жастарды да қара жұмысты менсінбейді деп кінәлауға болмайды. Оларға жоғары еңбекақы төленіп, қоғамда ауыр жұмыс атқарғанның абыройы шын мәнінде асқақтайтын болса, әңгіме басқаша. Ал жұмысшы мамандығына құрмет көрсетілмеген, ол мамандықты менсінбеушілік белең алған қоғамда бұл жұмыссыздықтан да қауіпті мәселеге айналатыны сөзсіз. Қысқасы, жұмысшы мамандығын таңдаған еңбек адамдарының еңбек нарығындағы тепе-теңдік сақталуына себепкер болып отырғанын ұмытпайық! Нұрым СЫРҒАБАЕВ  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар