Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АСПАЗ АЛТЫНБЕК

АСПАЗ АЛТЫНБЕК
ашық дереккөз
АСПАЗ АЛТЫНБЕК
Аспаздық мамандық тек әйел затына ғана артылатын жүк болып көрінгендей. Жоқ. Бүгінгі әңгімеміз аспаздық өнерімен көрермендеріне күлкі сыйлап жүрген желі жұлдызы Алтынбек Қыдырбай жайында болады. 25 жастағы Алтынбек – қолынан бал тамған аспаз. Оның «Instagram» желісінде «Altosh_bek_» атты парақшасында 30 мыңға, «TikTok» желісінде 50 мыңға жуық оқырманы бар. Әлеуметтік желіні әлегіне емес, керегіне айналдырған жігіт – Жуалы ауданындағы Теріс-Ащыбұлақ ауылының тумасы. Бала кезінде өнер адамы болуды армандаған. Алайда үйдегі үлкендердің, әсіресе атасының ақылымен жүрек қалауынан бас тартып, дәнекерлеуші мамандығын оқып шығады. Өз мамандығы бойынша біраз уақыт жұмыс істеген ол дәнекерлеудің денсаулығына зиян тигізіп жатқандығына байланысты бұл істен кетуіне тура келеді. Жұмыстан шығып бос жүрген мұны достары аспаз болуға көндіре бастайды. Осы уақытқа дейін «ас дайындау тек әйел адамға тән» деп ойлап келген жігіт бұл ұсыныстан бас тартады. Соңында үйде жұмыссыз қол қусырып қарап отыра алмайтындығын, қалайда жұмыс істеп, ақша табу керектігін түсінгендіктен осы салаға келеді. Аспаз жігіттің ең алғашқы жұмыс істеген орны – «Zheka’s Doner». Алтынбек осы жерде фри дайындаушы болып жүріп донер, пицца, бургер, суши секілді тағамдардың жасалу жолының сырына қанығады. Тек фаст-фуд дайындаумен шектеліп қалмай, өздігінше палау, қазан кебаб сынды шығыс тағамдарын әзірлеп, лағман созуды үйреніп алады. Аспаз боламын деп үш ұйықтаса түсіне кіріп шықпаған Алтынбек бұл күнде бұл істің нағыз шебері. Бастысы өзін жетілдіріп отыру үшін бір орында тұрақтап қалмай, «Lanzhou», «Рататуй», тағы да басқа әр бағыттағы мейрамханаларға жұмысқа орналасып, қызметін ауыстырып тұрады. – Бұл қызметке қаржы тапшылығына байланысты келгенімді жасырмаймын. Негізгі мамандығым – дәнекерлеуші. Өз мамандығым бойынша жұмыс істегенде біршама қиындықтар болып, денсаулығыма зиянын тигізді. Кімге болса да жұмыссыз жүрген жараспайды. Қуанарлығы, жақсы жандар жолығып, аспаздың көмекшісі етіп жұмысқа қабылдап, содан бері аспаздықпен айналысып кеттім. Ас дайындауды өте жақсы көремін. Бұл салада жұмыс істеп жүргеніме 6-7 жылдың жүзі болып қалды. Бір жақсысы аспаздықта жұмыс іздеп сандалмайсың, үнемі іздегенде табыла қояды. Осы ерекшелігімен аспаздық ұнайды. Басында тек ақша табу мақсатында жасап жүрген ісім өмірімнің мәніне айналды, – дейді аспаз. Әлеуметтік желідегі парақшасын екі жыл бұрын жүргізіп бастаған жігіттің тынымсыз еңбегі нәтиже берді. Бүгінде оның видеоларын миллионнан астам адам қарайды. Ас пісіре отырып жас жігіт өз оқырмандарын таңғалдыру үшін аспаздықтың қыр-сыры баяндалған видеоларын салып, одан бөлек көпке қызық болар жазбаларымен үйіріп отырады. Парақшасын жүргізуде де, тағам дайындауда да ол түріктің атақты аспазы Бурак Оздемирге қарап шабыттанады. Тіпті өзінің видеоларында ұстазы санайтын Буракты жиі тіркеп отырады. Мұнысы бекер емес екен. Бірде Бурак Оздемир Алтынбектің ас дайындаған видеосына жақсы тілектер жазып, пікір қалдырады. Әлем танитын фуд-блогердің қарапайым жігіттің еңбегін ескергені, жақсы тілегін арнап, өз парақшасына салып жатқаны Алтынбек үшін үлкен мотивация болды. Фуд-блогерлігімен желінің жұлдызына айналған Алтынбектің танымалдылығы «NNN» лақап атымен танылған Нұрдәулет Бектұрсынның есімімен байланысты. Оқиғаны қысқаша баяндасақ. Осыдан бірер ай бұрын «ТikТok» қолданушылары арасында «Егер осы видеома NNN пікір жазса, онда мен осылай жасаймын» деген тренд «хит» болды. Аталған трендке Алтынбек те қатысады. «Егер осы видеома NNN пікір жазса, онда мен 60 дана пицца пісіріп, оқырмандарыма тегін таратамын», дейді. Қызығы сол, өз есіміне қатысты қаптаған трендті видеолардың арасынан Нұрдәулетке дәл осы Алтынбектің түсіргені ұнап, жауап қалдырады. – Негізі осы трендті түсіріп жатқандар көп болды. Өзіме ұнағандарына жауап беріп жаттым. Бірақ Алтынбектің жазбасы ерекше ұнады. Негізі осы жігіттің бойынан үлкен талант байқалып тұрады. Келешекте өзі ашып алған үлкен бір мейрамхананың бастығы болатынына сенімдімін. Кем дегенде шетелдік мейрамханалардың бас аспазы болатындай қасиет бар бойында, – дейді NNN-нің өзі кейіпкеріміз жөнінде. Алтынбек уәдесінде тұрып пицца пісіріп, оқырмандарына тегін таратады. Осы жағдайдан кейін аспаздың желідегі танымалдылығы арта түседі. Сонымен қатар ол жақында «Еуразия» телеарнасындағы «Koremiz» бағдарламасының «Желіні жарғандар» тақырыбында өткен бөліміне қатысып қайтты. Жүргізушілер осы бағдарламада аспаз жігітке өзінің сыйлайтын блогері NNN-мен кездесу ұйымдастырып береді. Мұның өзі кейіпкеріміздің өз ісін шабыттана атқаруына, болашағына үлкен жоспарлар құруына сәл де болса себеп. Қазір аспаз мамандығының дәуірі жүріп тұр. Өздеріңіз білетіндей, танымал шеф-аспаздардың басым бөлігі ер адамдар. Оның үстіне жұрт арасында «ер адам дайындаған тағам дәмдірек шығады» деген пікір қалыптасқан. Қазіргі кезде қалада мейрамханалар мен кафелерден аяқ алып жүре алмайсыз. Оқу орындарының, мекемелердің, кәсіпорындардың жанындағы асхана мен буфеттердің саны қаншама. Осындай көпшілік орындар тұрғанда, әрине, бармағынан бал тамған аспаздың жұмыссыз қалмасы анық. Содан ба, әлде басқа себебі бар ма, соңғы кезде қыздар ғана емес, ұлдар да осы мамандыққа көп қызығатын болды. Бұл дерекке қарамастан аспаз жігітті «Әйелге ұқсап не істеп жүрсің?» деп сөзімен шымшып қалатындар аз емес екен. Ауылдас ағаларынан осындай сын естіп қалғанда «Істеп жүргенім дұрыс па?» деген ойдың қылаң беріп қалатынын жасырмайды. – Негізі аспаздық нағыз әйел кісілердің ісі екенін мойындаймын. Әрі әлемдегі ең дәмді тағам – аналарымыздың, әжемелеріміздің даладағы отта дайындаған тағамы. Өзім де анам дайындаған асты сүйіп жеймін. «Ер адамдың асы дәмдірек болады» деген пікірге сондықтан онша келісе бермеймін. Өзіме айтылған сынға барынша мән бермеуге тырысамын. Болашаққа құрған жоспарым үлкен. Тәтті тағамдарымен танылған жеке мейрамханамды ашқым келеді. Шығыс елдерінің тағамдары жаныма жақын болғандықтан мейрамханам осы бағытта болатын шығар. Оны уақыт көрсете жатар, – дейді ол. Оқырмандарымен лағман созудың, дәмді астарды әзірлеудің құпиясымен бөлісіп, желіде танымалдыққа ие болған фуд-блогердің биік белестерді бағындыратынына сенімдіміз. Алтынбек аспаздың армандары орындала берсін.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар