Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мәдениет майталмандарына құрмет көрсетілді

Мәдениет майталмандарына құрмет көрсетілді
ашық дереккөз
Мәдениет майталмандарына құрмет көрсетілді
Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Жуалы ауданының Талапты ауылындағы Ш.Мұртазаның әдеби-мемориалды музей-үйінің ауласында мерекелік іс-шара өтті. Кең көлемде аталып өткен кеш барысында ұлттық спорт ойындары мен көрме, театрландырылған көрініс және концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Салтанатты жиын басталмас бұрын қонақтар облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының көрмесімен, кітап инсталляцияларымен танысты. Сондай-ақ мәдениет қызметкерлері қойған нан көму, күбі пісу, қол диірменмен ұн тарту, жүн сабау, ұршық иіру секілді ұлттық салт-дәстүр көріністеріне куә болып, Тараз қалалық «Балауса» циркі өнерпаздарының өнерін тамашалады. Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, сала қызметкерлерін құттықтады. – Сіздер ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамыз – төл өнеріміз бен мәдениетімізді өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Осындай жауапкершілігі мол, жүгі ауыр салада тер төгіп, еткен еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Еліміздің рухани-мәдениетін нығайту жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, – дей келе, Нұржан Молдиярұлы бірқатар сала қызметкерлерін марапаттады. Нақтырақ айтсақ, облыс әкімі 40-тан астам мәдениет майталманына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін, құрмет грамотасы мен алғыс хатын, облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін, арнайы қаржылай стипендиясын және Құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын табыс етті. Марапатталғандардың арасында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театрының, облыстық халық шығармашылығы орталығының, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қыметкерлері де бар. Айталық, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының ардагерлері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрсифат Салықоваға, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымовқа, Қазақстанның халық әртісі Мәкен Рахымжановаға, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілханға облыс әкімінің 300 000 теңге стипендиясы табыс етілді. Сондай-ақ театрдың талантты актрисасы Ризат Қылышбаева облыс әкімінің құрмет грамотасымен және 200 000 теңге арнайы стипендиясымен марапатталды. Сонымен қатар К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның белді қызметкері Мұхтар Рахманқұлов 300 000 теңге стипендиясына ие болды. Филармония қызметкерлері Талғат Альчикенов пен Жанар Өстемірова «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерін иеленді. Ал филармония әртістері Ғани Мәтебаев пен Азамат Алмереков облыс әкімінің Құрмет грамотасын және 200 000 теңге көлеміндегі стипендиясын иеленді. Мерейі үстем болған марапат иелері өздеріне көрсетілген сый-құрметке разы екенін білдірді. – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні биыл ерекше деңгейде ұйымдастырылды. Өздеріңіз куә болғандай, біздің мереке заңғар жазушы Шерхан Мұртаза атамыздың елінде кең көлемде аталып өтті. Барша әріптестерімді айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Марапаттары құтты болсын! Мәдениетіміз бен өнеріміз дами берсін, – дейді әнші Ғ.Мәтебаев. Осы күні Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев пен белгілі әнші-композитор, Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев та іс-шараға арнайы келіп, өз лебіздерін білдірді. «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов та мереке иелерін құттықтап, бірқатар мәдениет қызметкерлерін марапаттады. Мәдениет қызметкерлерінің мерейін тасытқан марапат соңы ең үздік аудан өнерпаздары, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мекеме қызметкерлері қойған концерттік бағдарламаға ұласты. Кәсіби мереке иелерінің арасында аударыспақ, қол күрес, қатын күрес, қошқар көтеру секілді ұлттық спорт ойын түрлері ұйымдастырылды. Тартысқа толы додада облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Жұмабай Нұрсұлтан аударыспақтан жеңімпаз атанса, ерлер арасындағы қол күрес бойынша облыстық архивтің қызметкері Рахымжан Абубакиров озық шықты. Әйелдер арасындағы қол күресте қордайлық Әлия Амантаеваға қарсылас шақ келмеді. Ал ләңгі тебуде ерлер арасында сарысулық Бекзат Ақділдаев жеңімпаз атанды. Байзақтық Айбол Жұмағұлов қошқар көтеруде ешкімге дес бермесе, қордайлық Айдана Нұрқияс 25 келі қант көтеруде жеңімпаз атанды. Қатын күрес сайысының нәтижесі бойынша бас жүлде Т.Рысқұлов ауданының атынан шыққан Бекзат Оразалиеваға бұйырды. Маңызды мәдени шараларды ұйымдастырып, ұлттық өнеріміз бен тарихи жәдігерлерді дәріптеуде тиянақты іс тындырып жүрген мамандарымыздың арқасында Жамбыл өңірінің мәдениеті жылдан-жылға өркендеп келеді. Ал мәдениеті мықты елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болатыны мәлім.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар