Агроөнеркәсіп кешені алшаң басуда
Жыл басынан бері ауылшаруашылық саласында 57,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 4,6 миллиард теңгеге артқан. Ауылшаруашылық дақылдары биыл 770,4 мың гектарға орналастырылып, егіс алқабы 14,4 мың гектарға ұлғайыпты. Оның ішінде қант қызылшасы алқабының көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға көбейген.
Бұл өңірде қант қызылшасына баса мән берілгенін көрсетеді. Егіс алқабының аумағы кеңейіп, мол өнімге қол жеткізудегі басты мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өсімдік шаруашылығында табысқа жету дәнді жерге тастап, оны суару, күтіп-баптаумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – тұқым сапалы болуы қажет. Бұл тұрғыда облыс қай дақыл түрі болмасын жоғары сұрыпты тұқым қолдануға ден қойған. Мәселен, өңірімізде 10 аттестатталған субъекті жоғары репродукциялы тұқым өндіреді. Шаруаларды сапалы жоғарғы репродукциялы тұқыммен қамту мақсатында ғалымдардың жетекшілігімен 12 түрлі күздік бидай дақылы 8 шаруашылықтың егіс алқабына себіліпті.
Бұл үшін жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге қаржы бөлінген. Облыстағы ауылшаруашылық саласының мамандары осындай ғылыми жұмыстарды жүргізе отырып, 2025 жылға аймақты 100 пайыз жоғары сапалы тұқыммен қамтуды көздеп отыр. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 89,8 мың тонна тұқым толығымен қамтамасыз етілген. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына бөлінген 15,5 мың тонна дизель отынының 14 мың тоннасы шаруаларға 204-214 теңге аралығында үлестіріліпті.
Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, ауылшаруашылығы мақсатындағы бос жерлер, яғни егіс алқаптары мен жайылым секілді пайдаланылмай жатқан жер телімдері бүгінде біртіндеп мемлекет меншігіне қайтарылуда. Алдағы уақытта мемлекетке қайтарылған жерлердің ашық және әділ бөлінуін бақылау үшін «АGROSPACE» атты ауылшаруашылығы өндірушілерінің платформасы құрылмақ.
Ауылшаруашылық саласында техниканың көмегінсіз табысқа жету мүмкін емес. Сондықтан облыстағы ауылшаруашылық техникалары 12 пайызға жаңартылған. Малшаруашылығы саласында ет өндірісі 2,1 пайызға, сүт өндірісі 1,5 пайызға артты. Мал саны 4,8 миллионды құрап, өсім 2,1 пайызды көрсетіпті.
Төрт түлігіміздің түгел, аурудан аман болуына ветеринария саласы тікелей ықпал етеді. Бұл салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталар болсақ, бүгінде 11 ветеринариялық стансаға қарасты 160 ветеринариялық пункттердің 142-сі талапқа сай қызметтік ғимараттармен қамтамасыз етілген. Биыл облыстық бюджеттен 133,1 миллион теңге қаржы бөлініп, 11 дана «УАЗ» автокөліктері шетінен сатып алынуда.
– Жергілікті бюджеттен бөлінген 83,2 миллион теңгеге мал дәрігерлеріне «Е-iszh mobile» бағдарламасымен жұмыс жүргізуге арналған 160 планшет, 27,5 миллион теңгеге 424 мың дана бірреттік қорғаныш қолғаптары сатып алынуда.
Сондай-ақ биологиялық қауіпсіздік туралы заңнамаларға сәйкес I және II топтағы патогендермен жұмыс істеулеріне байланысты республикалық бюджеттен 678,0 миллион теңге қаражат бөлініп, мал дәрігерлерінің жалақылары 50 пайызға өсті, – дейді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Бүгінгі таңда өңірімізде өнеркәсіп саласы да айтарлықтай қарқынмен дамып келеді. Бұл бағыттағы басты міндеттердің бірі – осы саланы өркендету және инвестиция тарту. Қазір өнеркәсіп өндірісінің көлемі 292,4 миллиард теңгені құрап отыр. Ал «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 198 жобаға 10,7 миллиард теңге несие беріліп, 1100 кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетілген. Осы арқылы жұмыс істейтін субъектілер санын 106 мыңға дейін арттырып, ондағы жұмыспен қамтылғандардың санын 155 мыңға дейін жеткізу қолға алыныпты.
Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2019 жылдан бері 70,7 миллиард теңгеге 190 жоба қаржыландырылған.
Өңірде сауда саласы бойынша жалпы инфляция осы жылдың сәуір айында өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 3,8 пайызды құраған. Бұл республикалық орташа деңгейден 0,4 пайыздық тармаққа төмен екен. Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 4,5 пайыз болған. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған бірқатар шаралардың нәтижесі болса керек.
– Өңірімізде 12 жәрмеңке өткізіліп, 253,2 миллион теңгеге 1,9 мың тонна арзандатылған ауылшаруашылық өнімдері сатылды. Бұл ретте сауда үстемесін көтермеу туралы барлығы 1 290 меморандум жасалды. Төмен бағада азық-түлік сатумен айналысатын кәсіпкерлер үшін оларды «айналым схемасы» арқылы қаржыландыруға 5,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және тапшылық тудырмау мақсатында игерілуде. Жыл басынан бері өңірлік тұрақтандыру қоры 724,6 миллион теңгеге 4,5 мың тонна азық-түлік тауарын нарықтық бағада саудалады. Бүгінгі таңда өңірлік тұрақтандыру қорында 1,2 миллиард теңгеге 5,1 мың тонна тауар көлемінде қор қалыптасқан.
Облыста туризм саласын дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енгізіліп, Қазақстанның алғашқы қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие болды. Бұл іс-шараның өтуін аймағымыздың мәдени-туристік саласындағы ең ірі оқиғалардың бірі деп санауға болады.
Биыл маусым айында «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесі өткізіледі. Халықаралық көрмені өткізудегі мақсат – өңірдің әлемге танымалдылығы мен туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында тәжірибе алмасу, бәсекелестікке төтеп беру. Оған қоса жоғалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтап қалу және қайта жаңғырту.
Бүгінгі күнге дейін ұйымдастырылып, өткізілген 3 ірі іс-шара аясында 45 экскурсиялық тур ұйымдастырылған. Онда жалпы саны 2 500 адам қамтылды, оның 2 100-і мектеп оқушылары, 100-і басқа өңірлерден келген туристер, 250-і облыс тұрғындары және 50-і шетелдік туристер.
Жалпы сомасы 7,4 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Биыл 2 жобаның құрылысы аяқталып, іске қосылды. Өңірдің туризмге қарсы әлеуетін арттыру және басқа да салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар көптің көз алдында. Атқарылған жұмыстар және алға қойылған міндеттер туралы апта басында менің қатысуыммен өткен өңірлік коммуникация қызметіндегі баспасөз конференциясында егжей-тегжейлі мәлімет берілді. Мақсат – өңір экономикасын дамыту арқылы елдің тұрмыс жағдайын түзеу, – деді Қ.Мәдібек.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста туристерді ақпараттандыру жұмыстары қолға алыныпты. Осы жылы туристер көп шоғырланатын орындар – «MART» ойын-сауық, сауда орталығы мен «Әулие Ата» әуежайында туристерге толық ақпарат беретін, анықтамалық қызметтің барлық ресурстары шоғырланған бірегей туристік ақпараттық терминалдар орналастырылады. Бұл терминалдар арқылы әлеуетті туристерге облыстағы қонақүйлер, тамақтану орындары, көлік субъектілері, көрікті жерлер мен туристік маршруттар туралы толық ақпарат «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынылмақ.
Біз сөз еткен салада атқарылған жұмыстардың бір парасы осындай. Алда атқарылар ауқымды жұмыстар аталған салаларға соны серпін беретініне сеніміміз мол.
Нұржан Әліш
Келесі мақала