Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық конкурсын өткізу қағидалары

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық конкурсын өткізу қағидалары
ашық дереккөз
«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық конкурсын өткізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық конкурсының (бұдан әрі – Конкурс) қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау мақсатында әзірленді.
2. Конкурсты өткізудің міндеттері:
- мемлекеттік тіл мәселесіне қоғамның назарын аударту;
- мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері туралы мақалалар, бағдарламалар арқылы отандастарымыздың санасын жаңғырту;
- қазақ тіліндегі контентті ұлғайту және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту.
3. Конкурс үш номинациядан тұрады:
1) «Үздік мақала»;
2) «Үздік теле-/радиобағдарлама»;
3) «Әлеуметтік желідегі үздік жариялым» (жазба, бейне материалдар);
4. Конкурсқа кәсіби журналистер (штаттағы және штаттан тыс), телевидение және радио, газет, сайт ұжымдары, сондай-ақ осы Қағидалардың  талаптарына сәйкес мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері жөнінде мақалалар жариялаған Жамбыл облысының азаматтары қатыса алады. Қатысушылардан еліміздегі және шетелдердегі бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланған (әлеуметтік желілерде үнемі жүйелі түрде қазақ тілінде блог жүргізетіндер, мемлекеттік тілде жарнама жасайтындар, мемлекеттік тілді сауатты жазу мен сөйлеуді насихаттаушылар) мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданыс аясын кеңейту жөніндегі мемлекеттік тілдегі, орыс  және ағылшын тілдеріндегі материалдар қабылданады. Материалдар аналитикалық талдаулар, ғылыми зерттеулер, проблемалар мен олардың шешу жолдарына, тіл сауаттылығына негізделуі қажет. Конкурс материалдарында қазақша сөйлеуді ұлттық брендке айналдырудың тиімді жолдары көрсетілгені жөн.
5. Конкурс материалдарын бағалау критерийлері:
- тақырыпқа сәйкестік;
- қамтылған ақпараттың нақтылығы мен шынайылығы;
- мәселені талдау тереңдігі;
- материалды жеткізу шеберлігі.
Конкурсқа қатысушы үміткерлердің конкурсқа ұсынған материалдары олардың кәсіби біліктерін, мультимедиалық сторителлинг және заманауи медиа мүмкіндіктерін, мемлекеттік тілді дамытудың заманауи моделін тұтас қоғамға және әрбір жеке оқырманға аша алуы қажет. Конкурсқа ұсынылатын материал авторларының заманауи кәсібиленуі, оның ішінде дата-журналистік қабілеттері де (сапамен де, санмен де жұмыс жасау қабілеті) қаперге алынады.
Коммуникативтік ресурстарды орынды қолданып, заманауи медиатехнологияларды дәстүрлі журналистика құралдарымен кіріктіре отырып,  мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде насихаттау, тіл тазалығы мен сауаттылығын,  мемлекеттік тілдің қызметі, даму жолдары мен мемлекеттік тіл саясатының түрлі қырларын, өзекті мәселелерін сапалы, сенімді және нәтижелі түрде баяндау – басты талап.
Конкурсқа қатысушылардың қазақтілді контентті қарқынды дамытудың заманауи жолдары мен инновациялық шешімдерін көрсете білуі маңызды. Әлеуметтік ортада, мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің нық орнығып, еркін қолданылуында кездесетін кедергілерді айқындай отырып, негізгі шешімдер ұсыну шеберліктеріне мән беріледі.
6. Алдыңғы конкурстардағы бас жүлдемен марапатталған жеңімпаздар Конкурсқа қатыстырылмайды.
2. Конкурсты ұйымдастыру тәртібі
7. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы – Конкурстың ұйымдастырушысы.
8. Конкурсты өткізу туралы хабарландыру 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының интернет-ресурсына орналастырылады.
9. Конкурсқа қатысу үшін Конкурс Қағидаларының 3-тармағында көрсетілген үш номинацияның біреуі бойынша өтінім (қол қойылған, сканерлеген) tiltaraz_@mail.ru электрондық поштасына, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық конкурсына» деген белгімен 2023 жылғы 1  маусымға дейін мынадай құжаттармен бірге жолдануы тиіс:
1) өтінім (осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша);
2) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 маусымға дейін  бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген екі материалды, соның ішінде газеттер мен сайттарда жарияланған мақалалар,  телевидение мен радионың бағдарламалары;
3) жарияланған мақалалардың «Word» форматындағы электрондық нұсқалары, скриншоттары (газет, сайт), теле-/радиобағдарламалардың жазбасы;
10. Конкурс Қағидаларының 9-тармағында көрсетілген мерзімнен кейін ұсынылған өтінім конкурсқа қатыстырылмайды.
11. Конкурсқа ұсынылған материалдар кері қайтарылмайды.
3. Қорытынды ережелер
12. Конкурсқа қатысушылардың жұмысын бағалау және жеңімпаздарды анықтау үшін қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының құрамы тіл мен әдебиет, журналистика салаларының білікті мамандарынан, ғалымдардан, зиялы қауым өкілдерінен кемінде бес адамнан тұрады. Қазылар алқасының құрамы төрағадан және оның мүшелерінен тұрады. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының ашық дауыс беру қорытындысы бойынша анықталады. Қазылар алқасы мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады. Қазылар алқасы мүшелері Конкурсқа қатысушылардан түскен материалдар негізінде дауыс беру арқылы Конкурстың үш номинациясы бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Қазылар алқасының шешімі хаттама түрінде ресімделіп, қазылар алқасының барлық мүшелері қол қояды. Қазылар алқасының шешімі хаттама түрінде ресімделіп, қазылар алқасының барлық құрамы қол қояды. Конкурстың марапаттау рәсімі 2023 жылғы маусым айында Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай салтанатты түрде өткізіледі.
13. Байқау жеңімпаздары ұйымдастырушы бекіткен жүлде қоры мөлшерінде арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталады.
14. Конкурстың жеңімпаздары туралы ақпарат Конкурс біткеннен кейінгі 10 жұмыс күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының интернет-ресурсына орналастырылады.
Байланыс телефондары: 8 (7262) 56-92-34, 56-92-35
Ескерту: Қазылар алқасы ұйымдастырушылармен келісе отырып, жүлделі орындар мен жүлде қорына өзгерістер енгізуге құқылы.
«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық
конкурсына қатысу үшін өтінім
1. Т.А.Ә. _____________________________________________________
2. Жасы _____________________________________________________
3. Білімі______________________________________________________
4. Қызметі____________________________________________________
5. Мекенжайы________________________________________________
6. Байланыс телефондары____________________________________
7. Мақала, бағдарлама, БАҚ атауы, жарияланған күні:
1)  _________________________________________________________
2)  _________________________________________________________
8. Қосымша ақпарат __________________________________________
Қолы
Күні
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар