«СОТ КАБИНЕТІ» МҮМКІНДІКТІ МОЛАЙТАДЫ
Қазір күнделікті сот тәжірибесінде соттар IT-технологиялар мен ғаламтор ресурстарының мүмкіндіктерін көбірек пайдалануда. Олардың бірі –электронды сот ісін жүргізуге ауысудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі.
«Сот кабинеті» – электрондық-ақпараттық сервис. Бұл сервис азаматтардың үйден шықпай-ақ елдің кез келген сотына талап-арыз беріп, кейіннен оның қаралу динамикасын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Жеке тұлға сервис арқылы сотқа арыз беру үшін халыққа қызмет көрсету орталығынан электронды цифрлы қолтаңба алуы қажет (ЭЦҚ). «Сот кабинеті» сервисі арқылы түсетін талап арыздар соттың да, сотқа жүгінген тұлғалардың да уақыты мен жұмысын азайтады. Мысал келтіретін болсақ, азамат немесе заңды тұлға өзінің уақыты мен қаражатын жұмсамай үйінен талап арыз жіберсе, ол электронды түрде соттың базасына түседі. Сот қызметкерлері электронды түрде түскен арызды тіркейді. Ол үшін құжаттарды сканерлеп өткізіп, базаға салып жатпайды. Өйткені олардың барлығы дайын түседі.
«Сот кабинеті» сервисі арқылы мемлекеттік БАЖ салығын төлеуді онлайн түрде жүргізуге болады. Айтып өтетін жайт, ол сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтады және сыбайлас жемқорлыққа бейімділікті азайтуға ықпал етеді.
«Сот кабинетінің» мобильдік нұсқасы бүгінгі күні оң нәтижесін беруде. Қосымша жеке және заңды тұлғаларға қолжетімді. Пайдаланушыларды мобильдік қосымшада тіркеу сервисінің веб-нұсқасына қарағанда артықшылықтары бар. Пайдаланушыны тіркеу үдерісі үшін «Сот кабинеті» сервистерін қолдануға пайдаланушысы келісіміне алдын ала қол қойып, пайдаланушының ЖСН және ұялы телефон нөмірін көрсетуі жеткілікті. Көрсетілген ұялы телефон нөміріне қосымшаға кіру үшін хабарлама арқылы құпия сөз келеді.
«Сот кабинеті» сервисінде пайдаланушыларға «көмек» көрсету батырмасы орналасқан. Сервистің веб-нұсқасында және мобильдік қосымшасында жаңалықтар, істерді қарау тізімдері, тапсырылған құжаттар, хабарландырулар, сот процесі қатысушыларының күнтізбесі және чат сервисі орналасқан. Сонымен қатар сервисте «Іс құжаттары бойынша құжаттар» бөлімі арқылы пікір, қарсы талап арыз, сот процесінің хаттамасына ескерулер, атқару парағын жолдау туралы өтініш жолдау интерфейсі орналасқан.
Б.ЖОЛДАС, Қордай аудандық соты кеңсесінің жетекші маманы
Ұқсас жаңалықтар
Заң
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024