Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ДЗЮДОШЫЛАР ҚАТАРДАН ҚҰРАЛАҚАН ҚАЙТТЫ

ДЗЮДОШЫЛАР ҚАТАРДАН ҚҰРАЛАҚАН ҚАЙТТЫ
ашық дереккөз
ДЗЮДОШЫЛАР ҚАТАРДАН ҚҰРАЛАҚАН ҚАЙТТЫ
Ташкентте жалауы желбіреген бокстан әлем чемпионатында былғары қолғап шеберлеріміз толағай табысымен төбемізді көкке жеткізді. Өкінішке қарай, дзюдодан өткен әлем біріншілігінде үлкен үміт артқан балуандарымыз білгенінен жаңылып, Қатардан құралақан қайтты. Өткенге шегініс жасасақ, дзюдошыларымыз 2014 жылы да Ресейдің Челябі қаласында өткен әлем чемпионатынан жүлдесіз оралып еді. Одан кейінгі 6 чемпионатта спортшыларымыз жүлдені күреп алмаса да жанкүйерлерді жерге қаратқан кезі жоқ. 2015, 2017, 2018, 2019, 2021, 2022 жылдары өткен әлем біріншіліктерінде Елдос Сметов, Рустам Ыбыраев, Отгонцэцэг Галбадрах, Ерлан Серікжанов, Ғұсман Қырғызбаев және Әбиба Әбужақынова жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал Қатардағы әлем чемпионатында еліміздің ең үздік 18 балуанына сенім артылып, алайда бәрі жүлдеден қалыс қалды. Әлем чемпионатында әсіресе Елдос Сметовке айрықша сенім артылғаны анық. Алайда екі дүркін Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметовке Қатарда сәттілік жолдас болмады. Жамбылдық балуан алғашқы белдесуінде айқын басымдықпен жеңіске жетіп, келесі кезеңде өзбекстандық қарсыласы Ділшодбек Баратовқа есе жіберді. Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Әбиба Әбужақынованың да жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінетініне сенгендер көп болды. Өйткені дәл қазір Әбиба толық бабында. Қатысқан турнирінен жүлдесіз қайтып жүрген жоқ. Бірақ Әбибаға да әлем чемпионатының жүлдесі бұйырмады. Жүлдеге біртабан жақын қалған Әбибаның жолын жартылай финалда Еуропаның екі дүркін чемпионы, әлемдік рейтингте көш бастап тұрған франциялық Ширин Букли кесті. Қола медаль үшін таласта италиялық Ассунта Скутто отандасымызды сан соқтырып кетті. Жерлесіміз, дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас балуан Нұрқанат Серікбаев біріншілікті сәтті бастағанымен алысқа бара алмады. 60 келі салмақта татамиге шыққан Нұрқанат алғашқы белдесулерінің бірінде Олимпиада ойындарының күміс, әлем чемпионаты мен Азия ойындарының қола жүлдегері, әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған тайпейлік Ян Юнвэйді қапы қалдырғанда бір желпініп қалдық. Алайда қуанышымыз ұзаққа созылмады. Келесі айналымда Токио Олимпиадасының жеңімпазы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің төрт дүркін чемпионы Наохиса Такато жерлесімізден айласын асырып кетті. Жұбаныш белдесуінде Георгий Сардалашвили Нұрқанатты жүлдеден айырды. Дегенмен Н.Серікбаевтың ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып тұрғанын ескерсек, әлі талай дуы басым додаларда топ жарарына сенеміз. 100 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Нұрлыхан Шархан да турнирді жеңіспен бастады. Тіпті қазақстандық дзюдошы үшінші айналымда Рио Олимпиадасының финалисі, әлем чемпионатының алты дүркін жүлдегері, командалық әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, Еуропаның сегіз дүркін чемпионы және Еуропа ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері грузиялық Варлам Липартелианиден жеңісті жұлып алды. Атағынан ат үркетін балуанды жолынан ығыстырған Нұрлыханның келесі кезеңде Чехияның өкілі, әлемнің даңқты балуаны, Олимпиада мен әлемнің екі және Еуропаның үш дүркін чемпионы Лукаш Крпалекпен жолы түйісті. Крпалек отандасымызға ешқандай мүмкіндік бермей, жеңіс туын желбіретті. Қос мықтымен белдесіп, әбден әл-дәрмені сарқылған Нұрлыхан жұбаныш белдесуінде Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (командалық есепте), Еуропа чемпионы Петер Пальчиктің осал тұсын табуға шамасы жетпеді. Сол секілді Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Жансай Смағұлов (73 келі), Данияр Шамшаев (73 келі), Дидар Хамза (90 келі) және Абылайхан Жұбаназар да (81 келі) ел сенімін ақтай алмады. Сондай-ақ Ғалымжан Қырықбай (+100 келі), Ғалия Тынбаева (48 келі), Толғанай Әбеуова (52 келі), Бақыт Құсақбаева (57 келі), Есмигүл Куюлова (63 келі), Анастасия Маякова (70 келі), Аруна Жангелдина (78 келі), Камила Берліқаш (+78 келі) және Ақерке Рамазанова (+78 келі) турнирдің алғашқы кезеңдерінде-ақ сүрінді. Бір аптаға созылған әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте Грузия құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлдені қанжығалап, көш бастады. Үздік ондыққа Жапония (1+1+3), Ресей (1+1+0), Франция мен Швейцария (1+0+1), Испания (1+0+0), Өзбекстан (0+1+2), Италия, Бельгия және Чехия (0+1+0) құрамалары енді. Ал әйелдер арасындағы сайыс жапондардың (4+1+2) айқын жеңісімен аяқталды. Одан кейінгі сатыларға Франция (1+3+1), Канада мен Израиль (1+0+1), Өзбекстан, Словения, Германия (0+1+0), Италия (0+0+3) және Нидерланд (0+0+2) құрамалары жайғасты. Дзюдодан ұлттық құрама мүшелерінің Дохада жаппай жеңіліске ұшырауы алдағы әлемдік жарыстағы жарқын жеңістерге бастайды деген үміттеміз. Бапкерлер құрамы мен спортшылар жеңілістен сабақ алып, қорытынды шығарса, енді мұндай нашар көрсеткіштің қайталанбайтыны анық.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар