«ӘУЛИЕАТА» ЖАСТАРЫ – ЕЛ ЧЕМПИОНЫ
Жуырда Шымкент қаласында көкпардан жастар арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Чемпионатқа еліміздің әр өңірінен 17 команда қатысты.
Тас тақым, құрыш білекті, тарамыс сіңірлі көкпаршылардың бәсекесі тартысқа толы болды. Әсіресе облысымыздың атын талай байрақты бәсекелерде асқақтатып жүрген «Әулиеата» жастар командасының чемпионаттағы әрбір кездесуі көрерменді ерекше тәнті етті. Жерлестеріміз қарсыластарының барлығын ірі есеппен жеңіп, ел біріншілігіне тыңғылықты дайындықпен келгенін дәлелдеді. Мәселен, «әулиеаталық» жалынды жастар «Қарағанды» командасына жауапсыз 12 салым салса, «Маңғыстау» командасын 15:0 есебімен ойсырата жеңді. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының командасын 12:4, «Ақтөбе» командасын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Жартылай финалда Шымкент қаласының командасы да «Әулиеата» жастарына қарсы қауқар таныта алмады.
Көкпар бәсекесінің ақтық сынында Түркістан облысының «Тұран» командасы мен «Әулиеата» командасы кездесті. Мықтының аты қашанда мықты. Жамбылдық қарсыластарын 13:4 есебімен тас-талқан етіп, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Ал чемпионаттың қола жүлдесін атыраулықтардан 6:1 есебімен басым түскен Шымкент қаласының командасы түйіндеді.
Біріншіліктің жабылу салтанатына «Көкпар» федерациясының президенті Бауыржан Исабаев арнайы қатысып, жүлдегер жас шабандоздарды жеңістерімен құттықтап, алда өтетін жарыстарға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, аталмыш чемпионатты ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен ҚР «Көкпар» федерациясы ұйымдастырды.
Ал жарыстың бас серіктесі – «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамы, ал серіктесі «Sportqory» спортты қолдау қоры.
Келесі мақала