Құқықтық сауаттылық көп қатерден құтқарады
«Заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында осылай деген еді.
Расында да азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің қалыптасуының басты алғышарттарының бірі – азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру, әсіресе оның құрамды бөлігі – адам құқығының мәдениеті.
Қазіргі таңда елімізде халық құқығы тиісті деңгейде қорғалуы үшін барынша күш салынуда. Себебі халықтың құқықтық сауаты өспеген елде құқықбұзушылық азаймайды, қылмыс статистикасы төмендемейді. Егер әрбір қазақстандық мемлекеттің игілігі үшін қабылданып жатқан нормативтік актілерден хабары болып, өз құқығын қорғаудың заңды жолын білсе, әділетсіздікке тосқауыл болады. Қоғамның дертіне айналған жемқорлықтың да жолы кесіледі. Ал әрбір азаматтың құқығы қорғалған мемлекет халықаралық деңгейге сай бәсекеге төтеп бере алады.
Қазір құзырлы орындардың табалдырығын тоздырып, аяқтан таусылып әділдік күткен тұрғындардың немесе алаяқтардың құрбаны болғандардың артуы, түптеп келгенде, құқықтық сауаттың жоқтығынан. Сол үшін құқықтық мәдениетті қалыптастырып, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі қоғамның басты талабы. Бұл адамның жеке мүддесі тұрғысынан ғана емес, ішкі және сыртқы күрделі мәселелерді шешуде құқықтық мәдениетті қалыптастыру ісін қайта қарау маңызды. Ол үшін құқықтық білім беру, құқықтық сананы қалыптастыру, жауапкершілікті арттыру міндеттері алға шығуы тиіс.
Бүгінде мемлекет жүргізіліп жатқан құқықтық түсіндіру жұмыстарына, сондай-ақ оны жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін нормативтік-құқықтық актілерге ерекше назар аударып келеді. Мәселен, құқық қорғау органдары қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, құқықтық үгіт-насихат көлемін және сапасын арттыру болып отыр.
Айталық, бүгінде ішкі істер органдары қоғамда аса өзекті бола түскен интернет алаяқтықтың артуына тосқауыл болудың сан түрлі айласын жүзеге асырып келеді. Соның ішінде азаматтардың құқықтық санасын арттыру маңызды. Өйткені киберқылмыс ақпараттық технологиялардағы соңғы жаңалықтардың есебінен күн сайын қуаттанып, жаңаланып жатыр. Яғни қылмыс түрінің қозғалысына ІТ технологияның дамуы қалай әсер етсе, қылмыскер технологияны пайдакүнемдік мақсатқа солай пайдаланады. Сол үшін кез келген адам интернет арқылы тапсырыс бермес бұрын фейк пен жалған хабарландырудың мазмұнын ажыратуды үйрену өзекті. Өйткені қарапайым ғана құқықтық сауаттылықтың төмендігі тұтынушылардың опық жеуіне ұрындырып отыр.
Түсіндіру жұмысының түпкі мәні зор. Себебі халықтың құқықтық мәдениеті жоғары болған сайын құқықтық нормалардың сақталуы мен мүлтіксіз орындалуы, іске асырылу деңгейі де жоғары болады. Заңның үстемдігі орнаған елде құқықтық талаптарды міндетті түрде мүлтіксіз орындау қажеттілігі туады. Егер құқықтық сауатсыздық көбейсе азаматтардың құқығы аяққа тапталып, ар-ожданы, қадір-қасиетіне қайшы келетін іс-әрекеттің артуына алып келеді. Түптеп келгенде, тәуелсіздік, мемлекеттік тұтастық идеяларын мойындамайтын сепаратистік көзқарастың да бой көрсетуіне түрткі болады. Тұлғаның жауапкершілігін арттыруды көздейтін кез келген мемлекет халықты тәртіпке үйретіп, еңбексүйгіштікке баулу үшін алдымен азаматтардың құқықтық білім беруіне көңіл бөледі. Өйткені заң үстемдігін қалыптастыру – халықтың құқықтық мәдениетін дамытумен қатар жүретін процесс.
Эльмира ТІЛЕУБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институты «Әлем тілдері» кафедрасының аға оқытушысы
Келесі мақала
Ашықтық қағидаты алға жетелейді
Ұқсас жаңалықтар
Заң
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024