Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әр басқарма өз міндетін тиянақты орындауы тиіс

Әр басқарма өз міндетін тиянақты орындауы тиіс
ашық дереккөз
Әр басқарма өз міндетін тиянақты орындауы тиіс
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте аймақтың денсаулық сақтау және мәдениет салаларында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алғашқы болып баяндама жасаған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлар жайын да тілге тиек етті. Басқарма басшысы атап өткендей, Шу, Меркі, Талас аудандық ауруханалары көпбейінді ауданаралық аурухана болып жаңғыртылды. Сонымен қатар биыл шамамен 5 миллиард теңгеге 30 медициналық нысанның құрылысы басталып, 2024 жылы пайдалануға берілмек. Дегенмен салада түйіні тарқатылмаған түйткілдер де жоқ емес. Соның бірі – жедел жәрдем көліктерінің тапшылығы. Бұл тұрғыда аймақ басшысы жауапты тұлғаларға осы мәселені тез арада шешу керектігін ескертті. Тиісінше енді «ВАЗ» автокөліктері бюджет есебінен сатып алынып, жедел жәрдем қызметіне берілмек. – Біз 20 автокөлік сатып алу мәселесін биыл шешеміз. Сәйкесінше жедел жәрдем жұмысының сапасын да көтеруіміз керек. Шет мемлекеттерге дәрігер мамандарымызды жіберіп, кәсіби деңгейін арттыру жұмыстары да жүйелі жүргізілуі қажет. Ол үшін біз жергілікті бюджеттен қажетті қаражат бөліп жатырмыз, – деді аймақ басшысы. Жиында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының директоры Ләззат Алимова баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, жалпы облыс бойынша шамамен 230 мыңға жуық адам мүлдем сақтандырылмаған. Оның ішінде Қордай, Меркі, Шу аудандары көш бастап тұр. Бұл сәйкесінше облыс бойынша көрсетілетін медициналық қызмет сапасының төмендеуіне әсер етуде . Жұмысты жүйелендіру үшін енді денсаулық сақтау саласындағы 15 000-нан астам қызметкер мен жергілікті орган өкілдері сақтандыру жайлы хабары жоқ әр азаматпен жұмыс жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Аудандардағы нысан тапшылығы да кезең-кезеңімен азаймақ. Аппараттық кеңесте келесі кезекте облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, салада 3 561 қызметкер жұмыс атқарады. Бүгінгі күнге облыстағы мәдениет саласындағы қызметкерлердің орташа айлық жалақысы өсіпті. Дегенмен мәдениет саласында қызмет етіп жүрген әкімшілік-шаруашылық қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі өзекті болып тұр. Олардың айлық жалақысы 43-57 мың теңге аралығында. Осы орайда екі мыңға жуық шаруашылық қызметкерінің айлық жалақысы туралы алдын ала есеп әзірленіп, тиісті министрлікке ұсынылыпты. Басқарма тарапынан мәдени іс-шараларды жиі әрі мазмұнды ұйымдастыру жағы да басты назарда. Биыл Әулиеата өңірінен шыққан бірқатар өнер майталмандарының мерейтойлары атап өтіледі. Сонымен қатар жыл соңына дейін К.Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым» республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы, «Көне Тараз күмбірі» республикалық фольклорлық ансамбльдер байқауы, халықтық атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының байқауы, композитор Әуезхан Салабековтің әндерінен «Рахмет саған, туған ел!» облыстық ән байқауы, «Мәдениет – асыл қазынам» тақырыбында облыс аудандарының мәдениет күндері, Классикалық шығармалардың фестивалі, «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі, клуб-2023» облыстық байқауы өткізіледі деп жоспарланған. – Шығармашылық бағыттағы жұмыстарға тоқталатын болсақ, облыс театрлары репертуарын толықтыру мақсатында жыл басынан бері 3 жаңа қойылым сахналанды. Олар С.Пірмановтың «Төрткүл ханзадасы» ертегісі, Алехандро Касонаның «Дикарь» мелодрамалық комедиясы. Оған қоса облыс театрлары Түркістан, Талдықорған қалаларына гастрольдік іссапарлармен барып қайтты. Жалпы айтсақ, биыл облыс театрлары 18 403 көрерменге 113 қойылым ұсынып, репертуарларын толықтыру мақсатында әртүрлі жанрда 2 жаңа қойылым сахналады. Ал облыстық орыс драма театры Ресей Федерациясының Пенза қаласында өткен «Золотая провинция» атты театр фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Маусым айында Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры Румынияда өтетін халықаралық өнер фестиваліне қатысады, – дейді Е.Жүнісбай. Облыста тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп отырған 197 мәдениет үйі мен клубтардағы 841 үйірмеге 10 318 адам қатысады. Клуб құрылымдарын пайдалану қажеттілігін анықтау мақсатында басқарма тарапынан былтыр жүргізілген зерделеуден кейін 96 штат бірлігінің қажеттілігі анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар Е.Жүнісбай облыс, аудан кітапханаларында, кітапханашылар арасында өткізіліп жатқан іс-шаралар және аудандардағы мәдени нысандардың жайын да баяндады. Жиында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов әр ауыл мәдени нысандармен қамтылып, мәдениет ошақтары уақытылы жөндеуден өткізіліп тұру керектігін ескертті. – Әр басқарма өздеріне жүктелген тапсырмаларды тиянақты орындауы тиіс. Мен үнемі айтып отырамын, ауыл балаларының жайы назардан тыс қалмауы тиіс. Бала сабақтан шыққан соң уақытын бос өткізбей ауылындағы спорт немесе мәдени үйірмеге қатысып, пайдалы іспен айналысуы керек. Сондықтан мәдени нысандар құрылысы және күрделі жөндеу жұмыстарына баса назар аударыңыздар, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар