Блогердің де жауапкершілігі болуы керек
Ақпараттық технология жоғары қарқынмен дамыған мына заманда жұртшылықты дер кезінде қандай да бір жаңалықтан құлағдар ету медиа саласында сөз болмай қалды. Бүгінде түрлі телеарналардан бастап, мерзімді басылымдарға дейін жылт еткен жаңалығы мен салмақты материалдарын өз сайттарынан бөлек, сан түрлі әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жариялауға мүмкіндігі мол. Бұл журналистер қауымының заман ағымына, ақпаратты тарату жылдамдығына ілесе алуының көрінісі.
Халыққа ақпарат таратуда журналистерге қойылар жоғары талаптың бірі – оның қоғам алдындағы жауапкершілігі. Өйткені журналист халықты шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуі керек. Бірақ халық қазір журналистің таратқан мәліметінен бөлек, сан түрлі ақпаратқа басқа да жолмен қанығып отырған заман болып тұр. Бұл – кімнің қолында ұялы телефоны болса, соның оқиғаны лезде түсіріп, түрлі әлеуметтік желіде жариялауы. Яғни кәсіби журналистік мамандығы жоқ болғанымен, қандай да бір жағдайға байланысты кез келген әлеуметтік желі қолданушысы немесе қоғам белсендісі немесе блогер сол оқиғаны өз парақшасында жарияласа, ол жазба әп-сәтте шартарапты шарлайды. Ал ақпарат шынайы болмаса, мәселенің рас-өтірігі сараланбаса оның зардабын қоғам тартады. Сол үшін кез келген адам қандай да бір мәліметті көпшілікке таратуда қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек. Өйткені сол мәлімет қолында ғаламторға кіре алатын ұялы телефоны бар кез келген адамға қолжетімді. Егер ақпарат рас-өтірігі анықталмаған қауесет болса, оны көпшілікпен бөлісудің соңы әуреге түсіретіні ақиқат. Міне, халыққа ақпарат таратуда осыған баса мән берілуі керек.
Халыққа жалған ақпарат таратуда істің анық-қанығына көз жеткізбей жатып қоғамды дүрліктіретін, белгілі бір қаржылық мақсатта адамды бопсалайтын, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін блогерлерді жазалау жөнінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев мәселе көтергені белгілі. Анас Ахатұлы өз сөзінде: «Дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншауы денсаулығынан айырылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті. Олардың обалы кімге?
Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің әлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бәріңізге мәлім.
Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс. Ал мұның бәрі біздегі заңнамада блогер мәртебесі айқындалмағаннан. Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар, әрине, ойына келгенін істейді.
Көпке топырақ шашудан аулақпын. Халыққа шын жанашыр блогерлер де біздің елде жоқ емес. Көпбалалы жалғызбасты аналарға, мүгедек жандарға жәрдем беріп, әлеуметтік желі арқылы халыққа пайдасын тигізіп жүрген жерлестеріме тек бас иемін. Оқырманға қызықты әрі пайдалы ақпарат таратып, жеке блогын жүргізіп жүргендерге де айтар дауымыз жоқ.
Блогерде ешқандай жауапкершілік жоқ. Артын зерттеп, шындық па, жоқ па бастарын қатырмайды. Бастысы – шу. Бастысы – сөз. Кімнің болмасын алдында дікеңдеп, беттен алып, жеке басына тиіседі. Сөз бостандығы деген осы ма? Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз. Олардың білімі де, талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – әдепті, сондықтан да жұмыссыз.
Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деп тапсырған болатын. Алайда бұл заңның әлі дайын еместігін көріп отырмыз.
Ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінетін уақыт жетті. Бұл мәселені аталған заң жобасының аясында дереу қарастыруымыз қажет. Себебі жауапкершілікті түсіне алмайтын блогерлердің саны уақыт өткен сайын артып келе жатыр», – деген ол блогерлердің қоғамға тигізіп жатқан басқа да мәселелерін атады.
Осы орайда біз алдымен «Блогер деген кім?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік. «Google»-ге жүгінсек, блок ағылшынның «web log» сөзінен шыққан екен. Оны қазақша тәржімаласақ, бұл «желі журналы» деген ұғымды білдіреді. Әлеуметтік желіге танымал тұлғаларды, соңғы жаңалықтарды, қызықты оқиғаларды, кейде қызу талқыға сұранып тұрған бейнежазбалар мен фотосуреттерді жариялап, реті келсе көпшілікке сан түрлі сауал тастап, қызу пікірталас тудырып, осы арқылы өз парақшасына тіркелушілердің санын көбейтуді мақсат ететіндер, желі қолданушыларды қызықты әңгімеге елітіп, спорттық, әлеуметтік, тарихи, танымдық, тағылымдық жазбалар ұсынатындар – әлеуметтік желіні белсенді қолданушылар. Әлеуметтік желіні белсенді қолданушылардан блогердің айырмашылығы жазылушысының санына және сан мыңдаған адамды артына ілестіре алатынында. Олар өзінің көзқарасын, ойын айту арқылы қоғамдық ой-пікір қалыптастыруға қабілеті жететіндер. Ал олар қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіне ме? Осы сауал жетегімен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбайға хабарласып, пікіріне құлақ астық. Ол журналистің журналист деген мамандығы бар және жауапкершілікті сезінетін қоғам белсендісі екенін, ал блогердің қоғам алдындағы, заң алдындағы жауапкершілігі күмәнді екенін айтты.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кейінгі Жолдауында еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекелестігін арттыру мақсатында арнайы заң қабылдау керектігін айтқан еді. Содан кейін қолға алынған бұл заң жобасын қоғамда ең көп талқыға түскен «Масс-медиа туралы» заң жобасы деп айтуға болады. Оған уақытында барлық ұйымдар белсене қатысты. Ол журналистер ортасында да кеңінен талқыланды. Соның ішінде журналистерге баспасөз картасының берілуі туралы ұсыныс блогерлікке қатысты нақты шешімнің шығуына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Өйткені талапқа сай болмаған журналистің өзінен баспасөз картасы кері қайтарып алынса, оның өзі медиа саласында жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады. Бұл – журналистің мәртебесін анықтау. Осы арқылы журналист пен блогердің де аражігін ажыратуға мол мүмкіндік туады. 1990 жылдары дәрігер болса да қоғамда медициналық мамандығы жоқ емшілер қаптап кеткені есте. Қазіргі таңда журналистен бөлек, ақпарат тарататын блогерлердің де қарасы көбейді. Сол заманда халық дәрігерді емес, емшіні жағалады. Емшілер де адамды өз бетінше емдеп жатты. Бірақ олардың кім екені, адамды қалай емдегенін қоғам аражігін ажырата алмады. Бірақ уақыт өте келе қоғам дамып, адамдардың сауаты артқаннан кейін халық кімнің кім екенін ажырата алды. Егер «Масс-медиа туралы» Заң дұрыс қабылданып, журналистердің мәртебесі анықталса, блогердің де өз орны белгілі болады.
Қазіргі таңда жарнамамен айналысатын блогерлер көп. Ал сол жарнамаға сенген халық зардап шегуі мүмкін. Сондықтан блогер посттың коммерциялық мақсатта жазылғанын білдіріп, жазбасын таңбалауы (маркировка) керек. Мысалы, Германияда блогерлер мұндай жазбаны міндетті түрде таңбалайды. Олай етпеген блогер айыппұл төлейді, тіпті 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Осы тектес блогерді құқықтық тұрғыдан заңға тартатын жауапкершілік болуы керек.
Блогердің ең басты кемшілігі – негізсіз, фейк ақпарат таратуы. Сонымен қатар бұл тізімде адамның жеке басына тиісу, қорқытып-үркіту секілді мәселелер де бар. Бірақ бұл бойынша адамды жауапкершілікке тарту басқа заңдарда қарастырылған. Десе де біз блогерлердің осы заңдарды орындауын қадағалауды күшейтуіміз керек. Сол үшін белгілі бір жазылушылары бар адамдарды қадағалауымыз керек. Мәселен, кейбіреулер өзін көпке тарихшы ретінде таныстырып, санамызға сыймайтын дүниелерді жариялап жатыр. Ал оған тарихтан хабары жоқтар сеніп қалады. Сол үшін қоғамның, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін бір шектеу болуы керек.
Тағы бір айта кетер жайт, блогерлер қоғамда жалпы сауатсыздықтың белең алуына үлес қосып отыр. Осыған да қатысты тоқтам керек, – деді Б.Жексенбай.
Блогердің жауапкершілігін заңмен арттыруды оларға жасалған қысым деп қабылдайтындар бар. Мәселен, қоғам белсендісі Исламбек Дастан бұл сөз бостандығын шектеу деген пікірде.
– Менің ойымша, осы мәселені Мәжіліс мінберінде көтерген депутат Анас Баққожаев – өзі заң шығаратын органда жұмыс істеп отырып, заңнан мүлде бейхабар адам. Негізі заң бойынша, кез келген әлеуметтік желі бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірілген платформа болып есептеледі. Мысалы, газетте немесе әлеуметтік желіде жарияланған жазба жалған болса, екеуіне де артылатын жауапкершілік бірдей. Сондай-ақ әлеуметтік желіде біреуді орынсыз қаралау, дініне, нәсіліне қарап кемсіту немесе біреуді алдап-арбау, бопсалау, бір адам туралы қауесет тарату секілді кез келген адамшылыққа жат іс-әрекет сен блогерсің бе, журналиссің бе, жоқ әлде қарапайым адамсың ба, заң оған қарамайды. Кім заңды бұзды, сол жауапқа тартылады. Бұл жерде арнайы заң шығару – сөз бостандығын шектеу деген сөз. Әркім белгілі бір жайтқа қатысты өз пікірін білдіруге, қоғамдағы кем-кетікті нақты дәйекпен тиісті тарапқа жеткізуге құқылы. Ал осы шаруамен қоғамда блогерлер, қоғам белсенділері айналысып жүр. Оларға заңмен шектеу қою менің көңіліме қонбай тұр, – деді И.Дастан.
Біз көпшілікке кеңінен танымал блогер әрі жерлесіміз Өркен Кенжебектің де пікірін тыңдап көрдік.
– Блогтұғырда блогы, әлеуметтік желіні қолдануда белгілі бір мақсаты бар кез келген адамды блогер деп айтуға болады. Блогерлік – негізінде заңмен қорғалмаған журналистиканың бір тармағы. Блогерліктің сипатына келсек, блогерлер әр қилы болады. Бірі белгілі бір мекеме немесе бизнесмендермен келісіп, олардың жұмысын насихаттаса, келесі бірі олардың олқылығын, кері кеткен тірлігін сынай алады.
Блогердің жауапкершілігіне келсек, Қазақстанда «Блогердің, шахтердің, шопанның, мұғалімнің әлеуметтік желідегі жауапкершілігі» деп бөліп-жаруға болмайды. Елімізде 12 миллионнан астам адам интернетті қолданатын болса және солардың барлығы қандай да бір тақырыпқа пост жазса немесе пікір білдірсе, оның барлығын бірдей блогер деп айта алмайсың. Мысалы, біреу «Қазақстан Ресейге қосылуы керек» деп сепаратистікке жататын пост жарияласа немесе пікір жазса, ол адамның кейін шахтер екені белгілі болса, «мынау блогер емес, шахтер екен» деп соттамай қоймаймыз ғой. Сондықтан бұл жерде еліміздің Қылмыстық кодексінде, Әкімшілік кодексінде қарастырылған баптардың кез келген адамды жөнге салуына мүмкіндігі жетеді. Мысалы, ар-намысқа нұқсан келтіру, жала жабу, жалған ақпарат тарату, елді алдау-арбау секілді жайттар бойынша блогерді де, басқаны да жауапқа тартып, тезге салатын біздің тиісті заңдарымыз жұмыс істеп тұр. Ал енді блогерге қатысты бөлек заң шығарудың қаншалықты қажеттілігі барын, мен шынымды айтсам, түсіне алмадым, – деді Ө.Кенжебек.
Қоғамда блогердің жауапкершілігіне қатысты біржақты пікір жоқ. Әсілінде солай ғой, кез келген іс қолға алынғанда немесе белгілі бір бастамаға қатысты біржақты пікір еш уақытта болған емес. Блогердің жауапкершілігіне де қатысты заң қабылдаудың қажеттілігі бары не жоғы, ол да уақыт еншісінде. Бастысы блогер де, әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушы да әр айтқан сөзіне абай болуы керек. Себебі қазақ «Бір ауыз сөздің екі ауыз әлегі бар» деп тегін айтпаған.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ