Аттестат та, диплом да қолда
Бүгінде жастардың қоғамдағы сұранысқа ие мамандықтарды, әсіресе кәсіптік білімді игеруге деген талпынысы артқан. Енді міне, жасөспірімдер мектеп қабырғасында жүріп-ақ кәсіптік мамандық иесі атанбақ. Яғни мектеп оқушыларына аттестатпен бірге дипломды қатар алуға мүмкіндік беріледі. Мәселенің анық-қанығын тарқатып айтсақ.
Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жүзеге асырылатын пилоттық жоба аясында 10-11-сынып оқушылары бір мезетте мектеп пен колледжде қатар оқи алады. Қос деңгейлі білім беру тәжірибесін экс-министр Асхат Аймағамбетов енгізген еді. Әзірге эксперимент 16 мамандық бойынша әр өңірде 2 колледжде жүргізіледі. Биыл 9-сыныпта оқып жатқан оқушылар келесі жылдан бастап аталған эксперименттік жобаға қатысып, бір уақытта диплом мен аттестатты бірдей алып шығады. Осылайша небәрі 17-18 жастағы жасөспірім арнайы орта білім алып, еңбек нарығына ерте қадам баспақ.
Оқу-ағарту министрлігі ұсынған жоба қаншалықты тиімді? Қос деңгейлі білім беруге біздің білім мекемелері дайын ба? Облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Алтынай Жайлышеваның сөзіне сүйенсек, қазір осы пилоттық жоба аясында Тараз сервис және технология, сондай-ақ Жамбыл политехникалық жоғары колледждерімен келісімшарт жасалыпты.
– ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 25 қарашада №478 бұйрығына сәйкес, мектептің 10-11 сынып оқушыларына жұмысшы біліктілігі бойынша эксперименттік білім беру бағдарламалары енгізіледі. Бағдарлама 2023-2024 оқу жылында жүзеге асырылады. Ал алдымыздағы қаңтар, ақпан айларында мектеп оқушыларына түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады. Оқушы 16 түрлі мамандықтың ішінен қалағанын таңдай алады. Атап айтқанда, оқушылардың графикалық және мультимедиялық дизайн, интерьер дизайны, киім дизайны, сәндік қолданбалы және халықтық кәсіпшілік өнері, дәнекерлеу ісі, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығын игеруіне мүмкіндігі бар. Сонымен қатар ауылшаруашылығын механикаландыру, нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі, жиһаз өндірісі, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, бақ-саябақ шаруашылығы, шаштараз өнері және тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығын да мектепте жүріп-ақ игере алады.
Эксперименттік білім беру бағдарламасы бойынша оқуға өтінім беру үшін талапкер құжаттарды қабылдау туралы өтінішін, білімі туралы құжаттың түпнұсқасын, өлшемі 3х4 сантиметр болатын 4 дана фотосуретін, №075-У нысанындағы медициналық анықтамасын, жеке басын куәландыратын құжатын техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымына немесе «Электрондық үкімет» (e.gov.kz) порталына тапсыра алады.
Білім беру бағдарламасын сәтті меңгерген және ТжКБ ұйымдарында қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушылар білікті маман болып, орта білім жөніндегі аттестатпен қоса, қосымша кәсіптік білім жөнінде мемлекеттік үлгідегі құжат алып шығады. Бұл жерде мектеп, колледж, ата-ана тарапынан үшжақты келісім жасалып, іс ерікті түрде жүзеге асырылады. Егер бала түске дейін мектепте оқитын болса, түстен кейін колледжде білім алуына болады. Колледждегі білім беру 4 сағаттан артық болмауы керек. Міндетті оқытуға арналған оқу уақытының көлемі кемінде 48 кредитті (1152 сағатты), оқу мерзімі 1 жыл 5 айды құрайды. Жалпы біз осы экспериментті екі арнаулы орта оқу орнында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бір колледж тігіншілерді дайындаса, екіншісі аспаздарды дайындайды. Бүгінде бұл мамандықтар сұранысқа ие. Колледждерде білім алушы жұмысшы біліктілігі бойынша білім беру бағдарламасын толық меңгеруі үшін барлық жағдай қарастырылады.
Білім алушы келісімшартта көрсетілген білім беру бағдарламасын меңгеріп, оқуды аяқтағаннан кейін біліктілік емтиханынан өтеді, – дейді А.Жайлышева.
Келісімшарт жасаған екі колледж директорлары да экспериментті жобаның жемісті боларына сенімді.
– Менің ойымша, бұл өте қызықты және болашағы зор жоба. 10-11 сыныпта оқитын оқушыларға бір уақытта колледжде оқуға, мамандық алуға мүмкіндік береді. Егер бірінші рет университетке түсе алмасаңыз, колледжде алған мамандығыңыз бойынша жұмыс тауып, келесі жылы тестілеуге асықпай дайындалуға мүмкіндік бар. Немесе мектепте қатар оқып жүрген мамандығы оқушы үшін еңбек жолындағы алғашқы баспалдағы болатын шығар, – дейді Тараз сервис және технология колледжінің директоры Бекбол Маймышев.
Білім саласындағы реформаны ата-аналар да жылы қабылдады. Тараз қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Лаура Аймаханова экспериментті білім беру оқушылар үшін тиімді жоба дейді.
– Бір уақытта мектепте де, коллежде де білім алған тиімді тәсіл. Бірақ мектеп пен колледжде бір мезетте білім алу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бірақ оқушыда оқимын деген ниет пен табандылық болса бәріне үлгереді. Есесіне диплом да, аттестат та қолда, – дейді ол.
Теңгенің екі жағы болатынындай, жобаға қатысты көкейде бірнеше сұрақ бар. Ауылды жерлердегі тұрғындар «Біздің балалар осы мүмкіндіктен құр қалып қалмайды ма? Бұл жағдай қала балалары мен ауыл мектептеріндегі оқушылардың бөлінуіне алып келмейді ме?» деп алаңдаулы. Өзекті сұрақты облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы А.Жайлышеваға қойып көрдік.
– Әрине, ата-аналардың бұл сауалы өте орынды. Бұл жерде бір нәрсені айтқым келеді. Ешқандай да қала немесе ауыл деп балаларды бөліп қарау жоқ. Аталған мүмкіндік облыстағы әр оқушы үшін қолжетімді. Министрліктен келген хатта «Әр өңірден екі колледж қатысуы тиіс» деп нақты көрсетілген. Жоба алғашқы жылы болғандықтан облыстағы оқушылар ең көп таңдайтын Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Тараз сервис және технологиялық колледжінен бастағанды жөн көрдік. Бұл – жоба жемісті болсын деген оймен қабылданған шешім. Алдағы уақытта экспериметті білім беру өз тиімділігін дәлелдеп жатса, Оқу-ағарту министрлігінің арнайы бұйрығымен жоба әр аудандарда іске асырылады. Біздің облыста әр ауданда колледж бар. Сондықтан білім саласындағы жаңашылдықтан ауыл оқушылары да құр қалмайды, – дейді бөлім басшысы.
Осылайша жауапты маман бұл жобаны ауыл колледждерінде де жүзеге асыруға мүмкіндік бар екенін айтып отыр. Яғни тек қана қала колледждерінде жүзеге асырылсын деген ұстаным жоқ
Білім беру бағдарламасын сәтті меңгерген, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушылар білікті маман болып, орта білім жөніндегі аттестатпен қоса, қосымша кәсіптік білім жөнінде мемлекеттік үлгідегі құжат алып шығады.
Экспериментальді білім беру алдағы екі оқу жылында тәжірибе ретінде жүргізіледі. Қазірдің өзінде жаңа жобаға Тараз қаласындағы №45, №48 мектеп-гимназияның оқушылары қызығушылық танытып жатыр. Не де болса бұл реформаның тиімділігін уақыт көрсетеді.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала