Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын»

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын»
ашық дереккөз
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын»
Тараз қаласының білім бөлімі мен «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы бірлесіп, осы жылдың 28 сәуірі мен 12 мамыр аралығында Тараз қаласында орналасқан білім беру мекемелерінде «Әке жолы – ізгі жол!» атты әкелердің мектептегі онкүндігін ұйымдастырды. Онкүндік мақсаты – бала тәрбиесіндегі әкелердің жауапкершілігін арттыру. Жасөспірімдер арасындағы бақылаусыздық пен құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарына әкелерді тарту да осы шараның басты мақсатының бірі. Іс-шара барысында бала бойында тәртіп, жауапкершілік, еңбекқорлық, шығармашылық қабілеттерді дамыту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда әкелермен тәжірибе алмасу, ой бөлісу көзделген. Әкелер институтын дамыту, әртүрлі салалар мен мамандық иелерінен құралған әкелерді бір диалог алаңында жинап, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылау жиынның негізгі мәйегінің бірі. Сондықтан да қоғамдағы зиянды әрекеттерден баланы қорғау, отбасы құндылықтарын насихаттау қолға алынып отыр. Онкүндік аясында өткізіліп жатқан іс-шараның бірі адамның қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауына қатысты болды. Мәселен, Тараз қаласының барлық мектептерінде оқушылар мен әкелердің қатысуымен тал егу іс-шарасы өтті. Игі іске №11 аумақтық округке қарасты Шөлдала ықшамауданындағы №59 орта мектеп ұжымы да белсене атсалысты. Аталған білім ордасында 5-6-сынып оқушыларынан жинақталған 20 ұл-қыз әкелерімен бірге мектеп ауласына тал екті. Мектеп директоры Медет Жантелиев бұл жерде ағаш отырғызу жұмыстары жақсы дәстүрге айналғандығын айтты. – Онкүндіктің жоспарына сәйкес мектебімізде тәрбиелік маңызы зор түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Бүгін мектебімізде өнер және экология күніне орай екі бірдей іс-шара өткізілуде. Бірі – оқушылардың әкелерінің қатысуымен «Менің әкем керемет» мерекелік концерті болса, екіншісі – мектеп ауласына шырша отырғызу шарасы. Ал ертең психология күнінде психологтардың қатысуымен «Әкелі бала – жаужүрек» семинар-тренингі өтеді. Дәл қазіргі сәтте біздің ғана емес, қаладағы 62 мектепте бір мезгілде «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын» атты акциясы өтіп жатыр. Бұл іс-шараның тәрбиелік мәні зор. Әкелерді тәрбие ісіне қатыстыра отырып, балалардың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілік, құрмет секілді жақсы қасиеттерді қалыптастыра аламыз. Бұл бірінші жыл ұйымдастырылып жатқан іс-шара емес. Жыл сайын дәстүрлі түрде тал-дарақ, гүлдер отырғызып, абаттандыру мәселесіне жіті көңіл бөліп тұрамыз. Әлібек Қонарбай есімді ата-ана әрі шөлдалалық тұрғын жыл сайын өз бақшасында еккен гүлзарлары мен жемістерін мектепке тарту етіп тұрады. Тағы бір айтарым, мұндай игілікті іс-шаралар Таразда ғана емес, республика бойынша өткізіліп тұруы тиіс. Сонда өлкеміздің көркеюіне әр жан өзінше үлес қоса алады, – дейді Медет Әскербекұлы. Өздері білім алатын мектеп ауласына әкелерімен бірге шырша ағаштарын отырғызған балалардың өз істерінен ләззат алғанын жүздеріндегі шынайы күлкіден аңғаруға болады. Әкелер жағы да осындай жақсы іске себепші болғандарына разы. Мәселен, ата-ананың бірі Хамит Исаұлы мұндай іс-шараларды бала мен әке арасындағы байланысты нығайта түседі деп санайды. – Осы мектепте қызым оқиды. Ол қазір бесінші сыныпта білім алып жүр. Өзім жеті баланың әкесімін. Барынша балаларымның өміріндегі маңызды оқиғалардан қалмауға тырысамын. Бар пенде күнкөрістің қамымен жұмысбасты болып, балаларымызға көңіл бөлуден қалған мына заманда мұндай іс-шаралардың болуы өте жақсы, – дейді ол. Айта кетейік, әкелер онкүндігіне сәйкес қаладағы мектептерде «Өз ұлтын сүю – өзге ұлтты жек көру емес», «Әкелердің мектептегі бір күні», «Әкеммен кітап оқыған қызықты», «Әке көрген – оқ жонар» әкелер шеберханасы, «Менің әкем керемет», қалалық «Әкеме хат» үздік эссе байқауы, қалалық «Әкеммен өткен бір күн» бейнероликтер байқауы өткізілуде. Акция соңында жоба ұйымдастырушылары белсенді мектептерді анықтап, байқау жеңімпаздарын марапаттайтын болады.

Aқтоты Бекенқызы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар