Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«AR-AI» АРМАНЫМА ЖОЛ АШТЫ»

«AR-AI» АРМАНЫМА ЖОЛ АШТЫ»
ашық дереккөз
«AR-AI» АРМАНЫМА ЖОЛ АШТЫ»
Заманның сұранысына қарай пайда болатын жаңа мамандықтар бар. Кейінгі уақытта еңбек нарығында өрісін кеңінен жайған жаңа мамандықтың бірі – копирайтинг, SMM маманы. Қоғамда үлкен сұранысқа ие саланың тізгінін ұстап, еңбегінің жемісін жеп жүрген жастың бірі – Гүлнұр Науан. Бастапқыда журналист болуды мақсат еткен, қазіргі таңда әлеуметтік желінің игілігін көріп жүрген кейіпкеріміз «Арманыма «AR-AI» жол ашқан еді» дейді.  Облыс орталығынан шалғай жатқан шағын ауылда туып-өскен Гүлнұр Науанның мектеп бітіргеннен кейін журналистика мамандығы бойынша білім алуына мүмкіндігі болмапты. Тіпті кедергі де көп болған. Алайда көкейіндегі көздеген мақсатқа жетсем деген ұмтылыс талапты жасты облыстық «AR-AI» жастар газетіне жетелеп алып келген. – Туған жерім – Т.Рысқұлов ауданындағы Қызылшаруа ауылы. Әжемнің ерке қызы болып өстім. Білесіздер ғой, жасы үлкен кісілер журналистиканы қыз балаға қол көре бермейді. Оған қоса жоғары оқу орнына түсіп, қалада пәтер жалдап тұрып, білім алуға жағдай да келе қоймады. Әйтеуір кедергі көп кездесті. Мектепті тәмамдаған соң 2 жыл оқуға түсе алмай, үйдегі анама қолғабыс етіп жүрдім. Үйде жүрсем де көңілімнің түкпірінде армандаған мамандығыма деген қызығушылық, құлшыныс басылмады. Көптеген жамбылдық жастардың сүйікті басылымы «AR-AI»-дағы журналистердің жазған алуан тақырыптағы мақалалары, халыққа танымал азаматтармен, өнер жұлдыздарымен жүргізген сұхбаттары, жастардың әдеби туындылары қызықтыратыны соншалық, газеттің шығатын күнін асыға күтіп, ауылға келе салысымен іздеп жүріп оқитынбыз. Әлі де солай шығар деп ойлаймын. Бірде сол қызығушылығыммен сүйікті газетімнің «ARAI»-дың редакциясына барып, ондағы тілшілермен танысқым келді. Бір күнімді журналистермен бірге өткізіп, арманыма сәл де болса жақындасам деген ой болды. Сөйтіп үйдегілерді көндіріп, рұқсаттарын алып, сәті түскен бір күні газет редакциясына келдім. Журналистермен танысып, мақалалардың қалай жазылатынын, қажетті мәліметтерді қалай, қайдан алатындарын көрдім. Редакцияда өткен бір күнім журналистика мамандығына бұрынғыдан да бетер қызықтырды. Кейін арман қуып Алматыға барғаныммен, бірден еңбекке араласуға тура келді. Алып шаһардағы ресторан, кафелерде есепші, даяшы, әкімші болып еңбек еттім. Жұмыс істей жүріп, қайткенде де кәсіби білім алуды есімнен бір сәтке де шығармай, ізденіп, 2017 жылы Алматы қаласындағы «Өзін-өзі тану» Адамның Үйлесімді Дамуы гуманитарлық колледжіне түстім. Үш жыл білім алып, мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеші мамандығын меңгердім. Студент кездің өзінде қосымша табыс көзі ретінде үйге киюге арналған тоқыма аяқ киім тігіп, шардан гүлдер жасап, сулықтан (салфетка) көлемді әріп, сандар жасадым. Әрқайсысына «Instagram»-нан арнайы парақша ашып, сата бастадым. Ол кезде «SMM» деген термин Қазақстанға жаңадан келе бастаған. Жете түсінбесем де тауарларды сапалы суретке түсіріп, астына бағасын, құрамын жазып жүрдім. Соның өзінде 15 000–30 000 теңге табыс тауып үлгердім. Бір күні ресейлік SMM мамандардың менікі секілді тауар сатумен айналысатын парақшаны талдап жатқанын көріп қалдым да, парақшаны дұрыс жүргізіп жүрмегенімді, пост, визуал деген тақырыптарды үйрендім. Содан бастап «Instagram»-ды жақсылап жүргізсең, табыс көзіне айналдыруға болатынына көзім жетті. 2019 жылы оқуымды тәмамдап, диплом алдым. Тұңғышыма аяғым ауыр болатын. Қолыма дипломымды ала салысымен декреттік демалысқа шықтым. Қарап жатпай SMM-ді оқытатын арзан марафон, тегін сабақтар қарай бастадым. 2020 жылы наурызда әлемдік пандемия басталды. Сол кезде Қазақстанға «копирайтинг» ұғымы таралып, кәсіптің көбі онлайнға ауыса бастады. Негізі бұл копирайтинг – «copy» – мәтін, «writing» – жазу деген мағынада шыққан сөз. Яғни мәтіннің көмегімен белгілі бір міндеттерді атқарып, анығында жұртқа лайк басқызып, пікір жазғызып, қызметті, тауарды сатуға, курс, марафон, сабақ сатуға мүмкіндік жасау. Мейлінше көптеген адамдардың назарын өз қызметіңе аударту. Копирайтингтің бірнеше түрі бар. Тоқталып өтсем, жарнамалық (ТВ, радио, әлеуметтік желі, көшедегі баннердің жарнамалық текстері), нейминг (бренд өнімдерге, тауар, дүкендерге, курстарға атау қою), SEO немесе WЕВ копирайтинг (сайттардағы текст), рерайтинг (google, кітап, біреудің постын өз стиліне салып өңдеу, мағынаны сақтап, сөйлемдерді өзгерту), спичрайтинг (көпшіліктің алдында сөйлейтін диктор, жоғарғы лауазымды адАмдардың жұрт алдында сөйлейтін сөздері), е-mail копирайтинг (электронды поштада спам, жарнама текстері), SMM копирайтинг (таргет, оффер, публикация мәтіндері) секілді түрлері жақсы дамыған. Мен негізі осы соңғысын оқыдым, – дейді бойындағы бар қабілетін табыс көзіне айналдырған Гүлнұр Оңалбекқызы. Осылайша желіде босқа уақыт өткізбей «Instagram»-ның игілігін көруді мақсат еткен Гүлнұр Науан іске бел шеше кірісіп, білікті мамандардан дәріс алады. Шеберлігін шыңдайды. Сол дәрістерден алған білімін тәжірибемен ұштастырып, маркетолог Ильнура Алибековада 2 ай копирайтер, сексолог Анжела Бейсеновада 1 ай копирайтер, психолог Құралай Калиевада 9 ай, копирайтер-инста админ, «Дәулетті ханым» күнделігінің редакторы, @aqyret_kebyn парақшасында инста админ, копирайтер, @zhansaya.pm: контентмейкер, жасару тренері Гүлзада Жанбабайқызында копирайтер-инста админ, фудблогер Меруерт Ержанқызында копирайтер-контентмейкер болып қызмет етіп, айтарлықтай табыс тауыпты. Ізденіс, тәжірибе, еңбек нәтижесінде 2021 жылы «Жылдың үздік «Instagram» админстраторы» сертификатының иесі атанады. – Осы орайда қабілетімді танып, мектеп кезінен шығармашылық жарыстарға, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен олимпиадаларға апарып жүретін сынып жетекшім Үміт Оразқызына, қандай мақала, өлең жазсам да бағыт беріп, көмегін көрсеткен «АR-AI», «Құлан таңы», «Алтын шырақ» газеттерінің ұжымына мың алғыс айтамын. Қазіргі таңда эксперт мамандардың парақшасын жүргізген 4 жылдық тәжірибемді жинақтап, «Instagram» әліппесі» копирайтинг бойынша жеке сабақ өткізіп, 2 айдың ішінде 15 шәкірт оқыттым. Жартысы клиент парақшасын жүргізіп, пост жазып, табыстарын тауып та үлгерді, – дейді мақсатына жету жолында ізденістен шаршамайтын талапшыл келіншек. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, жамбылдық жастардың үнпарағы талай жас таланттарға жол ашқаны бүгінге дейін де айтылған еді. Солардың қатарын заманауи мамандықты меңгеріп, жеке кәсібін жүргізіп отырған Гүлнұр да толықтырып отыр. «AR-AI»-ға Алматыдан алғысын жаудырып хабарласқан «Іnsta»-жұлдызға сәттілік тілейміз.

Қамар ҚАРАСАЕВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар