ҒЫЛЫМҒА ҚАДАМ. ПРОФЕССОР МЕКЕРИЯ АТЫМОВ
Кім-кімнің де ғылымға келу жолы әртүрлі. Біреулері жоғары оқу орнын бітіре сала ғылымға келеді. Енді бірі біраз уақыт өмір тәжірибесінен өтіп барып ғылым есігін ашады. Қалай дегенде де ғылымға келетін адамның бойында құштарлық, табиғи талант болу керек деп білемін.
Менің ғылымға келу жолым – жоғары оқу орнын бітірген соң, 11-12 жыл шамасында болған екен. 1977 жылы қарашаңырақ – Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, елге тартып отырдық. Жаман болған жоқпыз. Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Қосжар елді мекенінде орталау мектеп ашылып, сол мектептің алғашқы мұғалімдері болдық. Мұғалімдері деген сөздің мәні бар. Жұбайым – Светлана Райымбекқызы да институтта бірге оқыған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі еді. Адам өмірі кезең-кезеңнен тұрады десек, шалқыған Қамбаш көлі жағасындағы Қосжарда өткен жылдарымыз бақытты кезіміз болды.
Бірақ мені әдебиетке, ғылымға деген құштарлық билеп алған-ды.
Иә, мақтанғаным емес, институтты бітіре сала ғылыммен айналысып кетуге мүмкіндік болды. Профессор Хасен Әдібаевтан қазіргі қазақ повестері жөнінде курстық жұмыс жазу жөнінде тапсырма алғанмын. Оралхан Бөкейдің «Мұзтау», тағы басқа екі автордың повестері жөнінде жаздым. Курстық жұмыс көңілінен шықты-ау деймін, кафедраға шақырып, біраз пікірлескені бар. Кейін бір-екі рет үйінде де болдым. Біраз тапсырмалар берді, шама-шарқымша орындап жүрдім. Диплом жұмысына «М.Мақатаевтың лирикасы» тақырыбын ұсынды. Бұл – 1976 жыл. Мұқағалидың қайтыс болған жылы. Арда ақын туралы аңыз студенттер арасында қызу жүріп жататын. Шындығы керек, қазіргі уақыттағыдай Мұқағали ақын туралы материалдар жоқ. Ә.Кекілбаевтың «Дәуірмен бетпе-бет» кітабында ақынның «Қарлығашым, келдің бе?» жыр жинағына жазылған кең көлемді мақаласы бар. Әбіш мақаласы – шіркін, шалқыған теңіз ғой. Қалам қарымы, ақын өлеңдерінің табиғатын тану тереңдігі – тек Әбіш әлеміне тән эстетикалық-аналитикалық дүниетаным. Екінші табан тіреген мақала – абыз ақын Әбділда Тәжібаевтың ақынның қайтыс болуына орай жазылып, «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Көшеді өлең, немесе өшеді өлең» атты аза-толғанысы. Әбділда ақын жан-жүректің шерін төге отырып, Мұқағали ақынның шығармашылығына талдау жасап, жоғары бағасын берген. Қазақ поэзиясында Қасым Аманжоловтан кейінгі екінші құбылыс деп бағалаған бірінші Әбділда ақын еді. Осы екі мақала Мұқағали ақын жөніндегі диплом жұмысымның қазығы болды. Шама-шарқымша жаздым, керемет еді деп айта алмаймын. Бірақ ақиық ақын жөніндегі алғашқы ғылыми жұмыстың басы болды-ау деп қазір ойлаймын. Бұл да менің пешенеме жазылған ерекше нәсіп шығар.
Институт бітірер алдында профессор Хасен Әдібаев кафедраға шақырды. «Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мынандай бөлмесіне барасың, мынандай кісіге жолығасың, сен жөнінде айтып қойдым, жұмысқа қабылдайды» деді. Оқуды бітіріп жатқан кезімізде бір жайсыз оқиға болып, топтың студент жігіттері күнде, кейде күнара тергеуге барып жүрдік. Тергеу бізді әбден ығыр етті. Таңертеңгі 9-да шақырады, тергеуші сағат 11-12-де қабылдайды. Ананы-мынаны айтып қайтарып жібереді, ертеңіне тағы сол – 9-да шақырып, екі-үш сағат байлап қояды. Ақыры мазамыз кетті. Ел қатарлы салтанатты жағдайда дипломымызды да ала алмадық. Алматыда қалмақ түгіл, тұра қашқандай күй кештік. Оның бер жағында Алматыда үй жоқ, күй жоқ. Арқа тірейтін аға-бауыр жоқ. Алыстағы Аралым, әке-шешемнің қасы – ұжмақ болып сезілді. Сөйтіп, студент жігіттер, қыздар туған ел-жерімізге қайтып жаттық. Қадыр ақын айтпақшы, «бір елдің басшысындай» бір-бірімізді қимай, пойызға шығарып саламыз.
Алматының «жыры» осымен тәмамдалып, ауылға келдік. Кеңестік кезеңнің артықшылығы сол, жұмысқа тұрдық, жағдайымыз жаман болмады. Бірақ қалай дегенде де әдебиетке, ғылымға деген құштарлық көңілде бәрібір қоздап жатты.
Арада екі-үш жыл салып, Алматыға, қарт ҚазПИ-ге бардым. Профессор Серік Қирабаевтың қабылдауында болдым. Ол кезде ағайымыз институттың проректоры еді. «Ағай, – дедім, – ғылыммен айналысқым келеді», деп ағымнан жарылдым. Үміт еттім. Шыны керек, басқа жағдайлар болды ма, оншалықты ыңғай білдірмеді. Лекциясын құмартып тыңдайтынбыз. ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы әдебиеттен лекция оқыды. Лекция сұрақтары жазылған емтихан билеті тәрізді тілік қағазды алдына қойып, дәрісін бастайды. Содан Сәкен әлемі... Бейімбет дарыны... Ілиястың ақындық қуаты... Жарықшақ үнді, бірқалыпты даусымен тың әлемге бастайды. Қажетті тұста Сәкеннің өлеңі түйдек-түйдегімен ағытылады. Бейімбеттің ақындық шеберлігін, өлеңдеріндегі диалог қуатын, заман шындығын алдыңа жайып салады. Ілияс поэзиясының кез келген тұсынан ұзақ-ұзақ үзінділер оқылады. Сол ағайымыз сессия емтиханы кезінде қызық мінез көрсеткен. Жауабы ұнамаған студенттерге қабағы салқын тартып, есеп кітапшасын алдына лақтырып жіберетін. Жақтырмағанның, көңілі толмағанның белгісі. Ал студенттің жауабы көңілінен шықса, оны әңгімеге тартып, сұрақ-жауаппен біраз пікірлесетін. Емтиханда ағаймен біраз «пікірлесіп» шықтым. Менің ыңғайыма орай, қазіргі қазақ повестерінің сұрақ болып келмесі бар ма? О.Бөкеевтің «Мұзтау» повесіндегі Ақтанды біраз әңгімеледім. Ағайым риза көңілде секілді. Кейін қазақ әдебиетінің мықты сыншысы болып танылған, бізден әлдеқайда ересек, армияға барып келген Рафат Әбдіғұлов екеуміз «бестік» алғанымыз бар. Міне, сол ағай салқын қабақтанып ыңғай білдірмей отыр. Алматыдан алыстағы Аралға мүжіліп, еңсем түсіп қайттым.
Бұдан кейін де Алматыға талай мәрте барған шығармын-ау, есімде жоқ. 1988 жылы Қосжардан Жамбылға көшіп келдім. Көңілімде ұшқын тағы да жарқ етті. Алматы мынау, тиіп тұрған жер. Түн пойызға мініп, күндіз Алматыда болып, түн қайтып ораласың. Бұдан артық не керек.
Жолым түсіп, академияға, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына бардым. Еңселі ғимарат. Тып-тыныш. Бөгде адамдар жоқ. Әр есіктің сыртқы жазуын оқимын. Мұнда жұмыс істейтін адамдар тым ерекше адамдар болып сезіледі. Емін-еркін емен есікті ашып-жабуға батылым жетер емес. Әр есіктің алдында толқып біраз тұрамын. Батылымды жиып, есікті енді тартып қалғанымда кей есік жабық тұрады. Одан келесі есікке барамын. «Қазақ әдебиеті» деген жазуы бар есікті ашсам, бөлменің төр жағында бір адам отыр екен. Есікті ашқан соң не кірерімді, не есікті жабарымды білмей, состиып тұрып қалдым.
– Кел, кел, бала, – деді биязы, жұмсақ үн. – Иә, жайша жүрсің бе?
– Ғылыммен айналысқым келеді, тақырып алайын деп едім, – деймін баяғы. Тәкаппарлығы жоқ жұмсақ үн баурап алды. Жетім баланың басын сипағандай көңілім елжіреді. Шындығы керек, маған кім болса да ғылыми тақырып алу аса қажет болатын.
– Мен Мекерия Атымов деген ағаң боламын, ғылым докторы, профессор, – деді өзін таныстырып. Содан әдебиеттің арғы-бергі жайы туралы сұрай бастады. Сөзінің аяғында:
– Қандай тақырып аласың? – деді.
– Маған бәрібір, – деймін. – Тақырып берсеңіз болды.
Тағы да біраз әңгіме тарқатып, бір уақытта айналып келіп:
– Жазушы Тахауи Ахтановтың прозасы жөнінде тақырып алсаң қалай болады? – дегені.
– Аламын, – дедім. Іштей тақырыптың төбесі көрінгеніне қуандым. Маған бәрібір тәрізді. Қандай тақырып болса да қопарып ала жөнелетін секілдімін. Мен асыққанмен, Мекерия ағам асықпады. Тік қайырылған бурыл шашын бір сипап қойып, шарасы кең, жасаураған, жиектері қызарған қой көзімен қарап, ойланып қалды.
– Бала, онда саған бір-екі ай уақыт беремін, Ахтановтың романдарын оқып, 30 беттің көлемінде реферат жазып келесің, – деді. – Сосын көрерміз...
Бір жарым айдың шамасында Ахтановтың прозасы бойынша реферат дайындап, ағаның алдына тағы бардым. Бір қызығы тағы оңаша жолығыстық. Апырай, осы академия қандай зәулім, кең болса да сапырылысып жатқан адамды байқамайсың. Әр есікті ашып қалсаң, еңселі бөлмеде бір-екі адам отырады.
Жарты сағаттың көлемінде рефератты қарады. Ақыры бір шешімге келді-ау деймін:
– Айдың аяғында өндірістік кеңес болады, соған кел. Т.Ахтановтың прозасы бойынша тақырып бекітеміз, қарсылық болса, басқа қосымша тақырып ойластырамыз, – деді. Құба-құп. Іштей бір күш, арман пайда болды. «Не болса да бір тақырыпқа іліксем екен-ау» болды ішкі түйсігім.
Институттың директоры профессор Серік Қирабаев ағайымыз екен. Өндірістік жиналыстың соңына қарай тақырып бекіту мәселесін қарастырды. Өңкей ығай мен сығай, әдебиеттану ғылымының корифейлері.
Мекерия аға мені қысқаша таныстыра келіп:
– Жазушы Тахауи Ахтановтың прозасы деген тақырыпты алсақ деп едік, – деп мән-жайды баяндады. Кеңес төрағасына жақын отырған академик М.Қаратаев даусын шығарар-шығармас күңк етті.
– Менің аспирантым Тахауи прозасынан диссертация жазып жатыр, – деді.
Кеңес мүшелері үнсіз қалды. Маңдайымыз тасқа соғылғандай есеңгіредік. Мекерия ағаның қан тасуы бар екен, бар қаны лап етіп бетіне тепті. Тіпті байқадым, қолы да еріксіз селкілдеп кеткендей. Сәлден соң өзіне келді. Бәсең, қажыңқы үнмен:
– Біз онда Тахауи Ахтановтың драматургиясын аламыз, – деді.
Кеңес мүшелері қолдады. Тақырып бекітілді. Мекерия ағам қалбалақтап, орнынан әзер тұрып, есікке беттеді. Қолтықтап алып, таксиге мінгізіп, үйіне шығарып салдым.
Мекерия ағам менің! Сол кезде қан тасуы күшейіп, ауырыңқырап жүрген кезі екен. Сырттай тып-тыныш, еңселі ғимараттың адамдары арасында психологиялық тартыстың күштілігін айтпаса да сезіндім. Сондай психологиялық күйзелістің бір жағында Мекерия аға да жүрген тәрізді. 1994 жылдың қаңтарында кандидаттық диссертацияны қорғағанда қорғау жұмысына қатыса алмады.
Профессор Мекерия Атымов мені ғылым жолына алып шықты. Ол кісі шын мәнінде ғалым, таза жүректі адам еді. «Қазақ романдарының поэтикасы» еңбегі кейін менің зерттеу жұмысымның темірқазығы болды. «Идея және композиция», «Ақ Жайық» және «Қан мен тер» романдарының стильдік ерекшеліктері», «Академик Қажым Жұмалиев», «М.О.Әуезовтің «Абай жолы» романының поэтикасы», «Шындық және шығарма» монографиялары ұлттық әдебиеттану ғылымына сүбелі үлес болып қосылды. 1994 жылы дүниеден озды. Сүйегі өзінің туған жері Маңғыстау облысы, Шетпедегі ата-баба зиратына қойылған. Шетпедегі бір мектеп ғалым есімімен аталады.
Рухың пейіште шалқысын, қадірлі аға! Мені ғылым жолына бастап шыққан алғашқы «Ақ кемем»!
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры
Келесі мақала