Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АС ТАРТУДЫҢ АСТАРЫ...

АС ТАРТУДЫҢ АСТАРЫ...
ашық дереккөз
АС ТАРТУДЫҢ АСТАРЫ...
«Еңбекпен тапқан нан тәтті» деп, қазақ қашанда өзінің алдындағы малына да адалдықпен қараған. Сондықтан да «адал ақ малым, маңдай терім» деп отырады. Әрі баққан малына құрмет көрсетіп, ұрмай-соқпай, жемшөбін уақытында беріп, есесіне семірген малын өз игілігіне пайдалануды мақтан еткен халықпыз. Малды сыйлағандықтан да оны сояр алдында жатқан малдың көзіне көрсетіп пышақ қайрамайды. Әрі бауыздалған малдың жаны шыққанша сөйлемейтіні де сол құрметтің бір белгісі. Дүниеде неше түрлі халық бар. Олардың көзқарасы да әртүрлі. Өйткені кейбір ұлттар малдың қолқасы мен жүрегін суырып алғанды жөн көрсе, кейбір елдер миын тоқпен ұрғызып сою әдісін қолданады. Ал қазекең «Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп малына деген құрметті ықыласын білдіріп, төрт аяғын тең байлап, ақсақалдан бата алғаннан соң өткір пышағымен «Алаһу акбар» деп тамағынан орып жібереді. Мұндай сойылған малдың да қаны толық сарқылады екен. Етінің дәмді болуы да содан. Жоғарыда айтқан сою әдістерінде малдың қаны денесіне ұйып қалады. Сондықтан тамырлардағы ұйыған қан адам организміне кері әсерін тигізетіні рас. Оның үстіне қазақ аса бір қажеттілік туындамаса малдың арығын және буазын немесе жас төлін соймаған. Обал болады деп жанашырлық танытқан. Қазіргі таңда жаңа туған төлдің еті ем болады деген жалаң түсінікпен қозының етін жегісі келіп тұратын сараңдар да жоқ емес. Бұл да болса ұлттық ұғымымыздың әлсірегендігінен болар. Әрі мал сойғанда баласының бәсіресіне, атасының атаулы малына сөз салмаған. Өйткені бәсіренің иесі басқа, ал атаулы мал құрбандыққа және басқа да мерекеге орай арнайы дайындалатын болғандықтан оған тиіспеген. Ал енді сойылған малдың өзінің жілігінің тартылатын орны болған. Егер кәделі жіліктер өз адамына тартылмаса, келген қонақ өкпелейтін жөні бар. Сондықтан сойған адам етті жіліктей білуі керек. Әрі әр жілікті жалаңаштамай, өз етімен бөліп-бөліп табаққа салуы тиіс. Егер етті дұрыс жіліктей алмаса, жігіттер үшін оның өзі сын болған. Мысалы, қой етін жіліктегенде 13 мүшеге бөлінеді. Оны артық немесе кем қылып бөлуге болмайды. Атап айтар болсақ, екі жамбас, екі ортан жілік, екі сүбе, бір бел омыртқа, екі асықты жілік, екі қабырға, бір төс, бір омыртқа, екі тоқпан жілік және екі жауырын, екі кәрі жілік, бір мойын, бір бұғана болып паршаланады. Міне, осылайша етті жіліктеп бөліп алғаннан кейін оны табақтарға үлестіріп салады. Әрине, бірінші орында бас табақ жүреді. Мұнда бас тартудың да өзіндік жөн-жосығы бар. Уақ малдың басын жағын айырып, тісін қағып алып асады да, піскен соң табаққа салып, маңдайын тіліп, төрдегі сыйлы қонаққа бата сұрап барып тартады. Ірі қараның басын екі-үшке бөліп, шекесін тартады. Әрі жылқының шекесін сыйлы қонаққа тартпайды. Бас келгесін оны алған адам аздап мүжіп, құлақ, таңдай, тілін сол үйде жүрген кішкене балаларға маңайындағы дастарқандастарға үлестіреді де, өзі мүжілген басты үй иесіне қайтарып береді. Міне, бұл басты алып келетін табақ бас табақ деп аталады. Еттің салынуына қарай табақтарда бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, бірінші табақ бас салынатын болғандықтан бас табақ аталса, екінші табақ қос табақ, үшінші табақ сый табақ, және күйеу табағы мен келін табағы болып бөлінеді. Жастарға арнайы жастар табағы дайындалса, көрші-қолаңдарға жай табақ дайындалатын болған. Сондай-ақ палуандармен, жыршылардың алдына тартатын төре табақ дейтін табақ тағы бар. Онда бір қойдың немесе бір қозының еті түгел болады. Сонымен қатар бас табаққа тек қана бас салынып, кісінің алдына келмейтіні анық. Сондықтан оның қасында қандай кәделі жіліктер жүреді дегенге келсек, оған бастан бөлек, жамбас, ортан жілік, белдеме, сүбе қабырға салынады. Қос табаққа келсек, ол көбіне ең сыйлы деген құда-құдағиларға тартылады. Оның ең бір кәделі мүшесі тоқпан жілік болып есептеледі. Сый табақта осымен пара-пар жасалады. Жастарға тартылатын табаққа кәделі жілік болып асықты жілік салынады. Егер оны күйеу жігіттің жолдасына тартса, онда төс қосады. Ал қыздың жеңгесіне тартса, онда оған жүрек қосады. Жаңағы көрші қолаңдарға тартылатын жай табаққа ортан жілік, жауырын, тоқпан жілік және қабырға мен омыртқа салынады. Ал енді кәрі жілік сияқты сыйлы адамдарға берілетін кәделі жіліктер бір бөлмеде отырған адамдардың бәріне емес, жасы немесе жолына қарай тек біреуіне ғана тартылған. Яғни сол бір жілік жеткілікті болып есептеледі. Міне, бұл біздің ата заманнан жалғасып келе жатқан ас тарту мәдениетіміз. Қазір заманның ағымына сай бұл дәстүрдің көбі жойылып барады. Сондықтан да көпшілік жиналған жиын-тойларда етті дастарқанға турап алып келіп қойғанды жөн санап жүрміз. Асылында, кәделі жілік тарту біздің қонаққа көрсететін ең жоғары дәрежедегі ұлттық сыйымыз болғандықтан қалпын сақтап қала алғанымыз абзал болар еді. Екінші бір жоғалып бара жатқан дәстүр – үлкендер жағының бас табақтан жастарға ет асатуы. Мұны жасы келген ата-әжелеріміз жастарға «менің жасыма келсін» деп ырымдап өзінің алдындағы табақтан ет асату арқылы жасайтын болған. Міне, осындай ас тарту мәдениеті біздің ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұғымының бір бөлшегіндей болып кеткен. Бір ғана ас тартудың айналасында ырымдар мен тыйымдарда сый мен сыйластықтың, өкпе мен реніштің де белгісі болады. Мысалы, ренжіп жүрген адамына бас тартатын болса, тісін қақпай береді. Мұны алған адамның өзі астан дәм тата отырып, өзіне деген сол үйдің ренішін біліп, өкпесін жазып, көңілін аулап кететін болған. Ал енді бас тартудан бөлек, бас ұсыну да бар. Оны мүжіп болған адам үй иесіне қайта ұсынады және сол бас мүшелерін де балаларға береді. Мысалы, құлақты бір-бірден кесіп алып, бір балаға бір ғана құлақ береді. Ал көзді бөлмей, яғни қос қолдап бір кісіге ұсынады. Сол сияқты тіл мен таңдайды да ұсынатын ырым бар. Әрбір ұсынған мүшенің өзінің астарында айтылмай-ақ өнеге беріп тұратын ақыл жатады. Мұның өзі де қазақтың ішкі мәдениетін, жастар мен үлкендердің арасындағы қарым-қатынастың айрықша белгісін көрсетсе керек. Міне, сыйластығын сый табақпен білдіретін біздің елдің өресі қашанда өз биігінен аласармасын десек, онда әр ұстанған салтымыздың сарқыны сарқылмауы керек екенін әрбір қазақ білгені абзал.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар