Вячеславтың «Темір-Батыры»
Қазіргідей жоғары технологияға толы өмірге баланы бейімдеудің тәсілдерінің бірі – робототехника саласын оқыту. Осы бағыт-бағдарда оқушылардың интеллектісін дамытып, ой-өрісін кеңейтуге арналған инновациялық үйірмелер өте көп. Сондықтан болар, өсіп келе жатқан жас буынмен бірге еліміздің робототехника саласы да қатар дамып келеді. Өңірімізде де робототехника саласына бейім, қоғамға пайдалы робот құрастырып, танылып жүрген өнертапқыш ұл-қыздар жетерлік. Солардың бірі – қаладағы №7 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Вячеслав Кузьмин.
Ерте жастан робот жасауға қызығушылығы да, бейімі де бар жасөспірім 5-сыныптан бастап мектептен тыс уақытта Тараз қалалық білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығында қосымша білім алады. Аталған жобаны орталықтағы тәлімгері Айнұр Сұраншиеваның жетекшілігімен жүзеге асырған.
Өнертапқыш жасөспірімнің айтуынша, робот өрт кезінде тілсіз жауды сөндіріп қана қоймай, қою түтіннің ішінен өрт құрсауында қалған адамдарды іздеп табатын мүмкіндікке де ие екен. «Темір-Батыр» авторын өңірде орын алған түрлі деңгейдегі ауыр апаттар әбден толғандырған. Әсіресе Байзақ ауданында болған жойқын жарылыс жас жігітке қатты әсер еткен. Сол күннен бері «Мұндай қайғылы апат болған жағдайда адам шығынын азайту үшін қиналған халыққа қалай көмектесе аламын», деген ойда жүреді. Осылайша «Оқыс оқиға кезінде адамдар басын бәйгеге тікпей, олардың орнына техникалар жұмыс істесе» деген ой-арманын жүзеге асыруға жедел кіріскен. Роботтың жұмысын оңтайландыру жолын әбден қарастырған. Біраз уақытқа созылған ізденістің арқасында тілсіз жаумен күресетін құрылғы пайда болды.
– Роботтың алдында жолай кедергі келтіретін заттарды жылжытуға арналған арнайы құрылғысы бар. Одан бөлек алдында орналастырылған арнайы камера арқылы сыртқы жағдайды бақылауға мүмкіндік мол. Роботтың ішіне екі бак орналастырылған. Оны жағдайға қарай көпіршікпен немесе сумен толтыруға болады. Бұл робот сұйықтықты кем дегенде 5 метр қашықтыққа шаша алады. Оны қашықтықтан басқару мүмкіндігі де қарастырылған. Сондай-ақ роботтың ультрадыбыстық қондырғысы бар екенін айта кеткен ләзім. Ол оттың ошағын табуға барынша көмектеседі. Әрине, әлі де жетпей тұрған бір қайнауын келтіру жолында аянбай тер төгіп жатқан жайымыз бар, – дейді Вячеслав Кузьмин.
Өнертапқыш оқушы өз жаңалығын әрмен қарай жетілдіре түсуге ниетті. Оның айтуынша, алдағы уақытта өрт сөндіруші құрылғысын дронмен байланыстыру жолдарын қарастырып көрмек.
– Роботты дронмен байланыстыру арқылы көпқабатты үйлерде өрт болған жағдайда жылдам әрі сапалы әрекет ету мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Бұл робот әзірге патенттелген жоқ. Алдағы уақытта осы бір еңбегімізді төтенше жағдайлар департаментінің мамандарына таныстыруды жоспарлап отырмыз. Бұйыртса, жақсы жаңалықтармен бөлісетін шығармыз, – дейді.
Айта кетейік, Вячеслав және оның достары техникалық шығармашылық орталықта бірнеше рет түрлі байқаулардың жеңімпаздары атанған. Атап айтсақ, 2021 жылы «Первый шаг великому изобретению» байқауында 2-орын, «КазРоботикс» федерациясының ұйымдастыруымен өткен республикалық жарыста 3-орын, «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен өткен облыстық «Зерде» жобасында I орын иеленген. Сонымен қатар былтыр «Зерде» республикалық жарысында II орынды, «IT Stars» атты халықаралық жоба жарысында I орынды, «Инновация – двигатель прогресса» халықаралық жарысында да I орынды жеңіп алды.
Кейіпкеріміз өзі жасап шығарған бұйымын көбіне робототехника мен робоспорт жобаларына қатыстыру үшін құрастырыпты. Осы уақытқа дейінгі жасап шығарған роботтарының ішіндегі ең ауқымды жобасы осы – «Темір- Батыр».
Жас өнертапқыш роботтарды құрастыру барысында түрлі қызықты әрі қиын жағдайларға тап болып жатады екен. Әсіресе өзі құрастырған роботтарымен бірге футбол ойнаған сәтін мақтаныш сезіммен баяндап берді. Ол нақты бір жаңа жобаны қолға алу ойында жоқ екенін айтты. Әзірге осы «Темір-Батыр» роботын толық жетілдіруді көздеп отыр.
Тапқыр жігіттің үлгі тұтар тұлғасы – өзі білім беретін аталған техникалық шығармашылық орталығының жетекшісі Айнұр Сұраншиева. Ұстазы да ұшқыр ойлы шәкіртімен мақтанады. Вячеславтың жетекшісінің айтуынша, соңғы айда барлық газет-журнал мен ақпарат агенттіктері жарыса жазып, жаңалықтарда айтылып жатқан «Темір-Батыр» бұрнағы жылы жасалған екен.
– Байзақта болған жойқын жарылыс жамбылдықтардың санасында әлі де жаңғырып тұр. Сол қайғылы оқиғадан кейін жаңа оқу жылында, қыркүйек айында орталыққа қайта келген Вячеслав екеуміздің көкейімізде «Мұндай жағдайда біз қалай көмектесе аламыз?» деген сұрақ тұрды. Ақылдаса келе, «өрт сөндірушілеріне пайдалы бір дүние жасап шығарайық» деп шешім қабылдадық. Осылай «Темір-Батыр» роботын құрастырып шығардық. Бұл жобамен қалалық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауларға қатысып, жүлдегер атанып жүрдік. Алайда дәл сол уақыттарда бұл роботқа ешкім қызығушылық таныта қоймады. Біздің ең басты тап болған қиындығымыз төтенше жағдайлар департаментінің мамандарынан тиісті кеңес ала алмағанымыз. Егер мамандар өрт сөндіруге қатысты ақылдарын айтса, роботтың кемшілігін көрсетсе, біз оны назарға алып, сол бағытта жұмыс істейтін едік. Керек деген функцияларын қосар едік. Алайда 9-сынып оқушысы үшін мұның өзі үлкен жетістік. Алдағы уақытта Вячеславтың аталмыш жобаны толықтыруға қатысты көптеген жоспарлары бар. Мен осындай халқына жанашыр шәкіртіммен мақтанамын.
Жалпы шығармашылық орталықтағы 6 топқа тәлімгерлік етемін. Әр топта 15 адамнан, барлығы 90 оқушыдан бар. Оқушыларым өте талантты. Олар әртүрлі платформаларда жұмыс істеп, көптеген жобалар жасауға қабілетті, – дейді А.Сұраншиева.
Тілсіз жаумен күресуге жарайтын робот құтқарушыны ойлап тапқан оқушы алдағы уақытта басқа да тың идеяларды жүзеге асыратындығына сенеміз. Болашақты уақыт көрсете жатар. Ең бастысы, шынашақтай ғана баланың жаңашылдыққа ұмтылысы көңіл қуантады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала