Ғаламтордан діни білім алу қауіпті
Қазіргі таңдағы технология мен әлеуметтік желінің жақсы дамуына байланысты ғаламтордан кез келген ақпаратты, жаңалықты, қалаған мәліметерді алуға болады. Өкініштісі, ғаламторды пайдалану мүмкіншілігі елімізде шексіз болғаннан бастап, халқымыз, әсіресе өсіп келе жатқан жастарымыз мазалаған сұрақтарына жауапты кітаптан іздемей, ғаламторға кіріп кетті.
Жастарымыз «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына» қарасты мешіт, медересе сияқты білім ордаларында оқымай, білім алмай, ғаламтордағы, әлеуметтік желідегі ақпаратқа жүгіне салуды жөн санап жүр.
Алайда абай болмасақ ғаламтор уақытымызды босқа кетіруі, жалған мәлімет беруі, діни экстремизмге, тіпті азғындыққа итермелеуі мүмкін екені жасырын емес.
Ғаламтор белгісіз виртуальді шейхтердің, құзырсыз радикалдық топ басшыларының үндеулеріне, өз білімсіздігіне, фанатизмдері мен ой-пікірлеріне толы. Жастарымыз ғаламторды білім негізі деп алса, соның салдарынан теріс мәліметтерге тап болып, психологиялық өзгерістерге ұшырайды. Экстремистік сайттар адам санасын улап, отбасы мүшелерінен теріс айналуға себепкер болып, өз идеологиясын таратып жатады.
Ғаламтордан қандай да діни сайттарды кездестірсеңіз, бірден қабылдамай, ол сайттың сенімділігіне, жазылған мәліметтердің қаншалықты дұрыс, растығына көз жеткізіңіз. Олай болмаған жағдайда зиянды ақпараттардың арты өкініш пен қайғыға ұласады
Қазіргі уақытта кез келген мәліметті, әсіресе дін тақырыбындағы мақалаларды оқығанда «Осы мәліметтің авторы кім?», «Оған сенім артуға бола ма?», «Мәлімет не мақсатпен жарияланды?», «Мәліметтің мазмұнымен бірден келісуге бола ма?», «Ол мәселеге біржақты қарап отырған жоқ па?», «Автор мәліметті қайдан алған?», «Бұл ескіріп қалған мәлімет емес пе?», «Мақалада негізге алынған ғалымдар кім?» деген сияқты сұрақтарды өзіңізге қойып, назар аударыңыз:
Бүгінде дін проблемаларын зерттеу орталығы «YouTube» видеохостингінде, «Вконтакте», «Одноклассники» әлеуметтік желілері мен интернет сайттардағы діни материалдарға діни экстремизм мен терроризмді насихаттау фактілерін анықтау және тиісті шара қолдану мақсатында мониторинг жұмыстарын күнделікті жүргізіп отыр.
Анықталған «Вконтакте» әлеуметтік желісінде деструктивті діни ағымы қауымдастықтарына тіркелушілерге басқарма түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, хабарламалар жолдап, нәтижесінде азаматтар сақ болуға тырысып, күмәнді топтардан бас тартуда. Сондай-ақ зерделеу жұмыстары барысында деструктивті діни ағымы қауымдастықтарына тіркелген азаматтардың мүлдем дінге қатыстылығы жоқ екендігі және білмей тіркелгендігі анықталған.
Көптеген жастар әлеуметтік желі арқылы келген түрлі жарнамаларды көру арқылы аталған күмәнді діни қауымдастықтарға тіркелгендіктерін аңғармай қалады.
Ендеше жастарға деструктивті діни ағымдардың торына байланбай, әр нәрсеге сыншыл санамен қарайтын ортаны қалыптастырып, оған тәуелді болып кетуден аулақ болайық дегім келеді.
Ғалымжан ТОЛҒАНБАЙ, облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының Меркі ауданы бойынша инспекторы
Келесі мақала