Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жас мамандар жұмыспен қамтылуда

Жас мамандар жұмыспен қамтылуда
ашық дереккөз
Жас мамандар жұмыспен қамтылуда
Жақында Тараз қаласында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ұйымдастыруымен жоғары оқу орнын бітіруші түлектер үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. «Жас түлек-2023» бос жұмыс орындары» атты еңбек жәрмеңкесін өткізудегі басты мақсат – білім беру бағдарламалары бойынша жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру. Осы мәселелер бойынша түлектерге бос жұмыс орындарын ұсыну және мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру. Іс-шараға облыс әкімдігінің білім басқармасы, Тараз қалалық әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығы, қалалық білім бөлімі, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы, «Отбасы банкі» басшылары және 40-тан астам өзге де мекеме өкілдері қатысты. Университетте білім алып, оқуын бітіретін студенттерді жұмыспен қамту бойынша 280 жұмыс беруші мекемемен нақты келісімшарттар жасалған. Бос орындар жәрмеңкесінде жұмыс берушілер институт білімгерлерінің біліктіліктерін көріп, жетістіктерімен танысты. Әрбір мекеме басшылары жастар үшін ұйымдастырылып жатқан бағдарламалар мен жұмысқа орналасудағы құжаттар мен талаптарды нақты түсіндірді. Олар өз мекемелеріне қандай мамандық иесі қажет екенін атап, студенттерді бос ваканцияларға орналасуға шақырды. Бұл іс-шарада студенттер 4 жыл бойы алған білімдері мен тәжірибелерін жұмыс берушілерге байқатып, өз жаңашылдықтарын ұсынды. Еңбек жәрмеңкесіне қатысушыларға ректор Марат Баяндин институт және оның жетістіктері жайлы, жыл сайын өткізілетін осы іс-шараның мәні туралы айтып берді. Студенттерге өздерін қызықтыратын бос орындар туралы мәлімет алуға, ал жұмыс берушілер үшін талапкерлердің қасиеттерін бағалап, жас мамандарды өз мекемелеріне жұмысқа шақыруға үндеу жасады. Бүгінгі таңда 10 жылдық қана тарихы бар оқу орнының түлектері еліміздің әр аумағында жұмыс істеп жүр. Институтта 2022-2023 оқу жылында 6 000 білім алушыға 234 профессор-оқытушылар құрамы білім беруде. Жоғары оқу орнын бітірушілерді жұмысқа орналастыру бойынша 2020-2025 жылдар аралығына 7 бағыттан тұратын жол картасы бекітілген. Бұл жас мамандар үшін үлкен көмек. Себебі осы жәрмеңкеде түлектер үшін жұмысқа орналасу жайында жан-жақты мағлұмат берілді. Биыл институтта 822-ге жуық түлек оқуын аяқтайды. Оның ішінде студенттер 38 бакалавриат, 23 магистратура мамандықтары бойынша оқуын тәмамдағалы отыр. Болашақты жасайтын жастар. Демек, олар үшін барлық жолдар ашық болуы керек. Қазіргі таңда жастарға өз мамандығы бойынша жұмысқа тұру оңай емес. Бұл жұмыс іздеген жастардың еңбек жолында тәжірибесі жоқтығынан да болуы мүмкін. Ал осындай еңбек жәрмеңкесінің жастарға тигізер пайдасы зор. Әмина ЕСКЕРМЕС, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар