Ауа ластануының алдын алу – әр адамның парызы
Ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша облыс аумағында былтыр 157 стихиялық полигон анықталып, оның ішінде 120 стихиялық полигон, ал 37 ұйымдастырылған полигон, яғни қалдықтарды орналастыруға экологиялық рұқсаты бар орындар анықталған. Қазіргі уақытта рұқсат етілмеген полигондарды орналастырудың барлық анықталған нүктесі жойылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс бойынша экология департаментінің басшысы Арсен Латыпов айтты.
– Қазіргі уақытта полигон ретінде көрсетілген орындардың координаттарын растау үшін мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі басқармасына жүгініп, ғарыш мониторингінің геопорталынан Байзақ ауданында 9, Талас ауданында 3, Жуалы ауданында 3, Мойынқұмда 1 нүкте 100 пайыз тазартылды. Қалған орындарды геопорталдан алып тастау жұмыстары жүргізілуде, – деді ол.
Былтырғы жылы атқарған жұмыстың қорытындысы бойынша есеп берген Арсен Хасенұлы экология департаментінің атқарып жатқан жұмыстарының көп екенін айтып өтті. Облыстағы экологиялық мәселелердің бірнеше бағытына тоқталып, өңірдегі күрделі экологиялық проблемалардың бірі – облыс орталығынан шығатын кәріз суларын тазарту желілерінің жоқтығын атап өтті.
– Тараз қаласында ағынды суларды тазарту құрылыстарының болмауы Жамбыл ауданының жақын маңдағы елді мекендерінің тұрғындары үшін ауызсу сапасының нашарлауына, сондай-ақ ауылшаруашылығы алқаптарының батпақтануына және елді мекендердің су басуына әкеп соғады. 2019 жылы осы мәселе бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жобасы әзірленіп, «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қарауына жіберілді. Алайда тазарту құрылыстарын дамыту мен жаңғыртуға арналған жобалық құжаттаманы әзірлеуге уақытша мораторий жарияланды.
«Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорын техникалық-экономикалық негіздеме жобасын кері қайтарып алып, тазарту құрылыстарын дамыту мен жаңғыртудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде жобаны іске асыру мақсатында «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» акционерлік қоғамына ұсынылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы орталығының ақпараты бойынша, Тараз қаласында ағынды суларды тазарту құрылыстарын іске асырудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 53 жоба тізбеге енгізілген. Оның ішінде облыс бойынша 4 қала, бірінші кезекте былтыр Жаңатас қаласында, екінші кезекте Тараз қаласында, одан кейін Қаратау, Шу қалаларында іске қосылды, – деді ол.
Сондай-ақ зертханалық-талдамалық бақылау жұмыстары туралы да айтқан ол былтыр зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 10618,881 мың теңгеге жеткенін атап өтті.
Сонымен қатар атмосфералық ауаның және су ресурстарының ластануы мен топырақтың ластану көрсеткіштерін де тілге тиек етті. Алда экологиялық ортаның ластануының алдын алу және туындаған мәселелерді шешу бойынша дайындалған жол картасы турасында да тоқталды.
– Аталған жол картасы облысымыздың өзекті экологиялық мәселелерін қамтиды. Қазіргі таңда облысымыздың елді мекендерінде экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келетін полигондардың болмауы, қаламызда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытының жоқтығы біздің жасап жатқан табиғатымызға орасан зор зиянын тигізуде. Сондықтан біз алда осы жол картасы арқылы тәжірибеге Астана қаласының жасыл белдеулер мен инфрақұрылым құру жобасын көзге ұстай отырып, Тараз, Шу, Жаңатас, Қаратау қалаларының, ауылдық елді мекендердің айналасына жер учаскелерін бөлу қарастырылып отыр.
Сонымен қатар аталған өңірлерде 65 мың дана ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Алда біз арнайы рейдтер жүргізу арқылы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің көзін жоғалту бағытында жұмыс істейміз. Былтырғы жылдың маусым айынан бастап ғарыш мониторингінің нәтижелері бойынша облыс аумағында 157 стихиялық қоқыс үйінділері анықталды. Оның ішінде 120-сы жойылды. Қалған 37-сі ұйымдастырылған қоқыс үйінділері, яғни қалдықтарды орналастыруға рұқсаты бар деп танылған, – деді Арсен Латыпов.
Ақнұр ЖОРАБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
4-курс студенті
Келесі мақала