Халыққа қызмет – қалтқысыз міндет
Халықтың күнделікті қарбаласқа толы тірлігі, әсіресе ауылдықтардың шаруасы бір сәтке де дамыл тапқан емес. Оның ішінде жұртшылықтың баласын балабақшаға кезекке қою, мектепке орналастырудан бастап өзі зейнетке шыққанға дейінгі өмірінде түрлі мәселелерге қатысты құжаттар жинау, заңдастыру секілді тағы да басқа жеке шаруасы жетерлік.
Бұрын осындай күйбең тіршіліктің соңында жүрген көпшілік мекемеден-мекеме жағалап, әр есіктің босағасына телмірумен күнін батыратын. Тілдей қағаз алу үшін ұзын сонар кезекте тұрып жүйкесі жұқаратын. Халыққа мемлекет тарапынан көрсетілетін қызмет түрлері «бір терезе» қағидаты бойынша барынша оңтайландырылғанына да біршама жылдың жүзі болды. Облыс тұрғындарына сапалы әрі жедел қызмет ұсынуда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы айтарлықтай шаруа тындырып отыр.
Десе де мұндай мекемеге әлдебір шаруамен қайырылған адамдарға сапалы қызмет ұсынып, алғысқа бөлену жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына, ондағы мамандардың елгезектігіне байланысты. Өз жұмысын кідіріссіз әрі сапалы атқарып келе жатқан орталықтың бірі – аталған филиалдың Жамбыл аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімі.
Жалпы бұл ауданда екі бірдей халыққа қызмет көрсету орталығы бар болса, оның бірі – Гродеков, екіншісі Аса ауылында орналасқан. Гродеков ауылындағы орталық сол ауылдық округ пен Тараз қаласы маңындағы Қызылқайнар, Полатқосшы ауылдық округтері тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді. Ал аудан халқының басым бөлігі Асадағы халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінеді.
Мұндағы орталықтың штаттық құрамында 24 қызметкер бар болса, қазіргі таңда 20 адам жұмыс істеп жатыр. Күнделікті ықпалдастырылған ақпарат жүйесі арқылы аудан тұрғындарынан 200-250 өтініш қабылданады екен.
– Жамбыл аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінде былтыр ықпалдастырылған ақпараттық жүйе арқылы 34 552 құжат қабылданса, осы жылдың қаңтар-ақпан айында 5 633 құжат қабылданды. «eGov.kz» порталы арқылы айына қабылданатын құжат саны 2 500-3 500 аралығында.
Қазіргі таңда мемлекетіміз цифрлық жүйеге көшкендіктен құжат қабылдауда тұрғындар қандай да бір төлем жасау үшін «Қазпошта» акционерлік қоғамының жергілікті филиалына сабылмай-ақ, орталықта «Kaspi bank», «Halyk bank» секілді екінші деңгейлі банктердің «QR» коды арқылы төлем жасап жүр. Түрлі анықтамалар, жылжымайтын мүлікті тіркеу, техпаспорт, жеке куәлік іспетті басқа да төлем алынатын құжаттар ұялы телефондағы банк қосымшасы арқылы үстемесіз жүргізіліп келеді. Жер телімі үшін кезекке тұру тәртібі де оңайлатылған. Бұл үшін тек электрондық кілт болса жеткілікті. Кез келген азамат мемлекеттен берілетін бірреттік 10 сотық жер алуы үшін кезекке «eGov.kz» арқылы тұра алады, – дейді аталған орталық директоры Әмірхан Айтқұлұлы.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ облыс бойынша филиалының халыққа қызмет көрсету бойынша аудандық бөлімінде 2007 жылдан бастап алыс шалғай елді мекендерде жылжымалы қызмет ұсынып келеді. Осы жүйе арқылы құжаттар қабылдап жүрген маман Бахтияр Байкатов өзінің міндеті аудандағы 34 елді мекеннің ішінде аудан орталығынан 45 шақырымнан асатын елді мекендермен байланысты екенін айтады.
– Біз аталған шақырымнан асатын қашықтағы шалғай ауылдарға арнайы барып қызмет көрсетеміз. Ол үшін тиісті көлік қарастырылған. Бөлім тарапынан өзім сол ауылдарға жауапты маман ретінде бекітіліп, жұмыс жүргізіп келемін. Өткен жылдың тамыз айынан бастап өзгеріс енгізіліп, елді мекендер саны қысқартылды. Қазіргі таңда Айшабибі, Қаратау, Әулиекөл, Тоғызтарау, Бесағаш елді мекендеріне жылжымалы жүйе бойынша қызмет көрсетіп жатырмыз.
Былтыр шалғай елді мекендерге жылжымалы ХҚКО арқылы шығып, ол бойынша қабылдаған құжаттар саны 2000-ға жуықтады. Әр айда бір елді мекенге екі рет барып құжат қабылдау жоспарланған. Себебі айдың басында құжат қабылданса, қабылданған құжаттың жауабын айдың соңына қарай кестеге сәйкес дайындап, құжатты иесіне қайтарамыз. Аталған ауылдарға бекітілген кесте бойынша қаңтар айында Айшабибі, Бесағаш елді мекеніне қызмет көрсетілді. Жоспар бойынша алдағы уақытта Қаратау, Әулиекөл ауылдарына барамыз. Кесте әр тоқсан сайын өзгереді. Ауыл тұрғындарының барлығы халыққа қызмет көрсету бөліміндегі көрсетілетін қызметтер бойынша барлық қызмет түрін және керекті кеңесін ала алады, – дейді Бахтияр Ерғалиұлы.
Шаруасы оңай біткеніне ризашылық білдіру үшін мекемеге арнайы қайырылатын тұрғындар да жоқ емес. Осындай ниет-тілектегі тұрғынның бірі – «Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы» Жамбыл аудандық филиалының президенті Сембек Шоқай. Ол Әмірхан Айтқұлұлы басқарып отырған мекеменің қызмет көрсету сапасы жылдан-жылға артып келе жатқанын сөз етті.
– Аудандағы осы бөлімге құжат алу үшін жиі жүгініп тұрамын. Бұрынғыдай емес, қазіргі заманда кез келген мекемедегі қағазға қатысты анша-мұнша шаруаны бір күнде бітіріп тастауға болады. Оның ішінде аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында бүгінде кезек күту уақыты азайған. Жұрт ең көп дегенде 10-15 минутын жұмсайды. ЕЦҚ кілтін және басқа да құжаттарды алу жеңіл әрі оңай. Мұндағы мамандар барынша сапалы қызмет көрсетіп жатыр, – дейді Сембек Шоқай.
Негізі «eGov.kz» порталы арқылы тұрғылықты мекенжай бойынша анықтаманы, атында жылжымайтын мүліктің бары не жоғы, бұрын сотты болғаны не болмағаны, жеке тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысы, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар), тіркелген заңды тұлға, филиал немесе өкілдік, заңды тұлғаның филиалдары мен өкілдіктерінің бар екендігі туралы сан түрлі анықтаманы жұрт бүгінде үйден шықпай-ақ алып жүр.
Жалпы халыққа қызмет көрсету орталығына барып немесе үйде отырып та құжат алудың жеңілдей түсуі – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жемісі. Соның нәтижесінде халықтың өмір сүру ауыртпашылығы жеңілдей түсті. Мұның жұртшылықтың жеке уақытын үнемдеуде де тигізіп отырған көмегі зор.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала