Урологқа қаралу ұят емес
Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні ерлер денсаулығы, соның ішінде белсіздік, қуық асты безінің қабынуы, эректильді қызметінің бұзылуы, жыныстық жолмен жұғатын аурулар, қуық асты безі қатерлі ісігі аурулары уролог дәрігерлерді алаңдатып отыр.
Себебі өз еркімен аурудың бастапқы кезеңінде ертерек келіп емделетін ерлер қауымы аз болып тұр. Әбден асқындырып немесе жаны көзіне көрінген кезде ғана уролог-андролог дәрігерді іздей бастайды. Қазақта «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» деп қатты айтса да қалыс айтпапты. Бүгін ұят та болса осы тақырыпты қозғауды жөн көрдік. Себебі атқа қонған, үй ішінің тірегі, отбасының қорғаны болған ер-азаматтардың денсаулығы баршамыз үшін өзекті.
1970 жылдары демограф-ғалым Б.Урланстың «Еркектерді сақтаңыздар!?» деуінде үлкен мән жатыр. Дабыл қағарлықтай болған соң, біздіңше, бұл тақырып ұят емес. Ал енді не себепті ер-азаматтар қауымы дәрігерге көрінуді кешеуілдете береді десек, «белсіз деп айтады», «ауру жұқтырған дейді» деп ел-жұрттан ұялады екен. «Уролог дәрігерге өз аяғымен келудің өзі мұң», дейді қалалық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымов. Айтуынша, ерлер қауымының денсаулығына зор көңіл бөлу 2009 жылдан бастап Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының бас директоры, ҚР ДСҚМ бас урологы, ҚР Урологтар қауымдастығының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаевтың бастамасымен басталған екен. Сол уақыттың өзінде «Ерлер денсаулығы күндері» ұйымдастырылып, әр өңірдегі азаматтардың денсаулығын тегін түрде тексеру қолға алынған екен. 2014 жылы «Ерлер денсаулығы» орталықтары әр қалада ашылып, облыстағы ерлер көп жұмыс істейтін зауыт жұмысшыларын, ішкі істер, құқық қорғау, әскери қызметкерлерді жұмыс орындарына барып скринингтен өткізген екен. Тек біздің облыста ғана емес, еліміздің барлық қаласында ерлерді медициналық тексеруден өткізген. Сонда анықталғаны 2009-2012 жылдар аралығында «Ерлердің денсаулық күні» жобасын еліміздің 16 қаласында: Астанада, Алматыда, Шымкент, Өскемен қалаларында 2 реттен, Павлодар, Ақтау, Қызылорда, Тараз, Ақтөбе, Талдықорған, Қостанай, Атырау, Орал, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл қалаларында өткізген. Мұнда барлығы 4021 ересек ер мен ер балалар тексерілген. Тексерілген 3 569 азаматтың 2 934-інде, яғни 82,3 пайызында патология табылып, соның ішінде 1 206-сы, яғни 33,85 пайызы созылмалы простатит болып шыққан. Ал 2 035 пациенттің 759-ы, яғни 37,3 пайызында тестостерон жетіспеушілігі анықталған. Ең бір сорақысы, 1-16 жасқа дейінгі тексерілген 458 баланың 414-інде, яғни 90,3 пайызында патология табылған. Сонда 44 баланың, яғни 9,7 пайызының ғана дені сау болып шыққан.
– Жаңа отау құрған жастардан үйлене салысымен ата-ана да, туған-туыс та сәби күтеді. Уылжыған сәби иісін аңсаған ата-әже үшін бұл дұрыс та шығар. Алайда келін бала көтермесе кінәні содан көреміз, кінәнің өзегі күйеуінде болуы мүмкін. Қоғам жалпы бірдеңе болса әйелден көргенді жақсы көреді. Ер адамның шаһуатының пайызы аз болуы немесе жыныстық аурулары бар болуы мүмкін. Оны тексертпей жатып, кінәні басқадан іздемеу керек. 14-15 жасқа келіп, жетіле бастағаннан уролог дәрігерге көрсетіп, ерлер жылына екі рет келіп талдау тапсырып, емделіп тұруы керек, – дейді Хамит Саттарқұлұлы.
Қазақы болмысты қарапайым дәрігердің бұл тақырыпта айтары өте көп екен. Себебі өзі де уролог-андролог. Шешіліп сөйлеп, ерлер арасындағы кіші дәреттің тоқтамауы, яғни зәр ұстай алмауы жайын да айтты. Медицинаның дамығаны соншалық, отаның түр-түрін 2009 жылдан бастап Алматыға жібермей, Таразда жасай бастағандарын айтты.
Қолы жеңіл, елгезек дәрігерді арнайы іздеп келетін науқастар көп екен. Бір жағынан, басшылық қызметте отырса да мынаны жасап жатырмын, мына дүниені енгіздім деп дабырайтпай, жаны тыныштықты қалап, мақтангершілікті сүймейді екен.
– Сол іздеп келген науқастарға ең бірінші айтарым: «Сіз маған сенесіз бе? Сіз жазыласыз, тек мына дәрілерді үзбей ішуіңіз керек. Былай етуіміз қажет» деген секілді жылы сөзімді айтып, науқасты жазылатынына сендіремін, – дейді ол.
50 жастан асқан соң ерлерде қуаты азайып, еркектік гормондар төмендейді екен. Көбіне осындай жаста жыныстық жолда түйіндер пайда болады. 85 пайыз – қатерлі ісік, 15 пайыз қатерсіз ісік түрінде кездеседі екен. Профессор М.Алшынбаевтың өзі әр кез ер адамдарға қарын жіберіп, семіруге болмайтынын, яғни артық салмақ қоспай, жүйрік аттай болу керектігін, азаматтардың арақ-шарапқа құмар болмауын дәрігерлер жинала қалғанда жиі айтады екен. Қарап тұрсақ, уролог дәрігерлердің көбісі сымға тартқандай екен. Соған қарағанда «алтын қағиданы» жақсы ұстанатын болса керек.
Одан соң қаншама жанның бағына туған алтын қолды дәрігер-уролог, «Ерлер денсаулығы» орталығының меңгерушісі Болат Байтеленовтің кабинетіне бас сұқтық. Жанға шипа, сөзі емге қуат берген бұл дәрігерді көпшілік республика көлемінде жақсы таниды. «Ерлер денсаулығы» орталығы ашылғаннан бері бұл дәрігердің қолынан қаншама науқас сауығып шыққан. Келуші науқастар көп екен. Әйел адамдар бүйрек ауруымен, әйелдерде кездесетін урологиялық аурулармен келіп отырса, ерлердің жасы 40-тан асқандар екен. Қарап тұрмай Ербол Ерқасымов есімді науқаспен тілдестік.
– Айналайын-ау, сен қыз бала болған соң айтуға ұялып тұрмын. Құшақ-құшақ ауруды жиып алып жүрмін. Сол еркектердің мәселесі ғой, – деп, қысылғаны соншалық, терлеп кетті. – Жас күнімде ауруыма мән бермеппін. Жүре беріппіз. Қазақы менталитетімізге сай, ауырдық деуге көршіден, туыстан, ата-анадан ұялатынбыз, – деп қорытты ойын.
Қарап отырсақ, дәрігерлердің бастапқы айтқанын растап тұр.
– Алдыма науқастар екі жағдайда келеді. Жастар жағы белсіздік мәселесімен. Бұл ойнайтын нәрсе емес. Екіншісі – үлкен кісілер қуық асты безі, яғни аталық бездің қабынуы ауруларымен келеді. Қарапайым тілмен түсіндірсем, аталық бездің қабынуы дегеніміз – әйелдерде кездесетін миома сынды ісік. Аталық бездің қатерлі ісігі аталық безден асып кетпей тұрып анықталса, емделу деңгейі 99 пайызға жетеді. Егер ол лимфа түйіндеріне және дененің басқа бөліктеріне таралса да емдеу кезінде ұзақ мерзімді емдеу деңгейі 80 пайыздан 90 пайызға дейін болады. Ерте анықтау өте маңызды. Ай сайынғы тестикулярлық өзін-өзі тексеру – мұны істеудің бір жолы. Аталық безді өзін-өзі тексеру жылы ваннадан немесе душтан кейін, мойынның терісі босаңсыған кезде жүргізіледі. Егер алдыма келген науқастың жағдайы қатерлі ісікке күман тудырса, уақыт оздырмай онкологиялық орталыққа жіберемін. Біздің орталық кеңес беру орталығы болған соң ерлерден анализ алып, ем-дом тағайындаймыз. Кеңес береміз. Дұрыс диагноз – дұрыс емнің жартысы. Сондықтан біз нақты диагнозын қоямыз, – дейді «Ерлер денсаулығы» орталығының меңгерушісі Б.Байтеленов.
Орталық күніне «белден кеткен» он науқасты қабылдайды екен.
– Күлетін нәрсе емес, белсіздік – шаңырақтың шайқалуына әкелетін жағдай. Жалған намыс не керек, алдымызға келсін, тексерілсін. Бала күннен, сүндеттеле салысымен-ақ ер баланы тексерту қажет. Барлық талдаулар осы жерде алынады. Ерлер арасында белсіздіктің белең алуы жастардың сыраға құмарлығынан және жыныстық қатынаста жұқтырған түрлі инфекция салдарынан болып отыр, – дейді Болат Серікханұлы.
Ертерек қолға алынса да ерлер ауруы асқынып тұр екен. Мұны күту залында жайғасқан ерлер және дәрігерлер көрсеткен фактілер айқындап отыр.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА