Екінші Қажымұқан атанған Қашанбек
Бүгінде аты аңызға айналған тірі тұлғалар арамызда баршылық. 1980-1995 жылдары атағы ат спортынан жер жарған, қара күштің иесі меркілік Қашанбек Бердалыұлы биыл 74 жасқа толыпты. Ауылда жүріп-ақ бала кезден қара темір көтеріп және еңбекпен шыныққан шымыр атамыздың алдында белдесуден, күш сынасудан ешкім қарсы келе алмаған.
Алғаш аудан жұртын мойындатып, одан кейін облысқа есімі белгілі болған Қашанбек қазақтың ұлттық өнерінің бірі – аударыспақпен де халыққа кеңінен танылған. Ауыл тұрғындарының жиі аңыз қылып айтатын бір әңгімесі бар. Ауылда бір асау жылқыны сатып алуға келген адамдар тұяғымен жер тарпыған тұлпарды жүк көлігіне жабылып сала алмапты. Көлікке артпақ тұрмақ, шылбырынан ұстап жетектеудің өзі мұң болса керек. Сол жағдайдың үстінен түскен кейіпкеріміз жылқыны көлікке тиеу жөнінде әлгілермен бәстесіпті. «Бұл жылқыны жалғыз өзім-ақ көлікке көтеріп саламын» деп бір топ адамды елең еткізсе керек. Бұл сөзге сенбеген олар: «егер сөзіңде тұрсаң, осы жылқыны саған атаймыз», депті. Сол жерден қол алысып, іске кіріскен Қашанбек Бердалыұлы қасына кісі жуытпас тулап тұрған жылқыны екі құлағынан баса жерге алып ұрып, екі қолымен жылқының аяқтарын қапсыра ұстап, тырп еткізбестен екі иыққа артып, көкке көтерген күйде көлікке топ еткізіпті.
Аударыспақтан ауданда талай топ жарып, облыс мықтыларын да мойындатқан кезін біз бала кезде жасы үлкендерден талай естігенбіз. Сыпатай батырдың 210 жылдық мерейтойында республикалық ат спорты ойындары өткен болатын. 40 жасында сол спорттық ойындарда 13 облыстан келген шабандоздар арасындағы аударыспақта бағын сынап, бас жүлдені жеңіп алады. Ұлттық ат спортынан атағы дүркіреп тұрған шағында бұл кісінің шабандоздығы мен палуандығына талай адам бас иген деседі. Тіпті Заманбек Нұрқаділов пен Мақпал Жүнісоваға шаңырағынан дәм таттырыпты. Жерлесі Алтынбек Қоразбаев та оның көптеген аңыздарын бүгінге дейін айтып жүреді екен. Осы орайда біз кейіпкеріміздің кезінде досы болған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, мәдениет қайраткері Алтынбек Қоразбаевпен тілдестік.
– Қашекеңді аңыз деуге де болатын адам ғой. Егер жаугершілік заманда өмір сүргенде мен ол адамды Қабанбай, Бөгенбай батырлардың қатарына қояр едім. Спортты кәсіби деңгейде меңгеріп, оқи алмай қалды. Нағыз палуанның палуаны еді. Жуан темірлерді майыстырғанын көзіммен көрдім.
1984-85 жылдардың шамасы болу керек. Қазіргі қырғыз жеріндегі «Сусамыр» деген жайлауға бардым. Ол сонда мал бағады екен. Астында қырғыздардан алған «Танцор диско» деген жүйрік аты бар еді. Әлгі атты артқы аяғына тұрғызып билететін. Оны көрген ел таңғалушы еді. Сол кездерде қырғыздармен көкпар, аударыспақ ойыны болатын. Аталған жайлауда көкпар тартып, аударыспаққа шығып жүрген шағында-ақ халық оны жақсы таныды.
1992 жылы Сыпатай атаның үлкен торқалы тойында дүйім жүртқа өзінің шабандоздығын, палуандығын мойындатты. Аударыспақта алдына келгенін шақ келтірмеді. Қара күштің құдіреті шығар, қолының ұшымен-ақ қарсыласын бір-ақ тартып аттан жығатын, – дейді А.Қоразбаев.
1980-1990 жылдардағы бұзақылардың дәурені жүріп тұрған заманда да «мықтымын» деген білекті, жүректі жігіттер осы кісінің алдынан өтіп, сәлем берген екен. Ауылда жүріп-ақ атағы облысты шулатқан алып қара күш иесінің екінші Қажымұқан атануы да тегін емес. «Тас шайнап, құм түкірген» деген теңеу осы адамға қарата айтылғандай. Жұдырығын жұмса тас сынатын, алақаны тисе темір балқитын оқиғалары да ел аузында әлі күнге айтылып жүр.
Өзінің «Танцор диско» атты текті тұлпарымен облыс аймақтарында ұйымдастырылған жамбы ату, аударыспақ секілді ұлттық ат спорты ойындарында талай жеңімпаз атанған. Ол жеңістері кезінде бағаланғанымен қазір елеусіз қалып отыр. Сол кездегі аудан басшылығы аудандағы ат спортына бас бапкерлікке ұсыныстар жасаған екен. Ерлігін ел болып айта білмесек, ауылдағы асылдарымыздың бағасын кім білмек.
Қашанбек Бердалыұлымен кезінде жолдас болған, өңіріміздің мәдениетін талай жыл басқарған, бүгінде облыстық кәсіподақ ұйымына төрағалық етіп отырған Дүйсеналы Бықыбаевпен тілдестік.
– Мен Меркіге 1987 жылы Меркі аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болып бардым. Осы жылы жергілікті халықтың ұсынысымен, аудан басшылығының қолдауымен Сыпатай атамыздың кесенесін тұрғызу, тойын өткізу мәселесі қозғалған болатын. Сол кезде Қашекеңмен жақын таныстым. Қазақтың нағыз марқасқа, тұлғалы азаматы екен. 1992 жылы батыр атамыздың тойында аударыспақтан барлық өңірлерден келген мықтылардың бірін шақ келтірмеді. 40-тағы қылшылдаған кезі-ау деймін. Келгенін келгендей 1 минутқа жеткізбей аттан аударып тастай берді. Содан финалға өтіп, қырғыздың өзі сынды күшті, әккі палуанымен айқасқа шықты. Оны да жеңіп, республика чемпионы атанды.
Облысқа қызметке де шақырды. Бірақ өзі ауылда қарашаңыраққа иелік етіп отырған соң бас тартты. Дегенмен бұл азаматымыз ауылдан-ақ атағын ат спортымен шығарды.
Палуандығы мен шабандоздық өнеріне жұртшылық бас иеді. Өз заманының Қажымұқаны бола білді десем, артық айтқандығым емес. Құдай берген қара күшімен асау жылқыны жуасытып, қос иығына қойша көтеріп алғанын білемін. Осындай ауылдағы алып азаматтарымыздың палуандық ерліктерін біз айтпасақ бүгінгі ұрпақ қайдан білсін, – дейді Дүйсеналы Дыбысәліұлы.
Біздің сөз етіп отырғанымыз – Қашанбек Бердалыұлы жайлы ел аузындағы аңыз бен ақиқаты аралас әңгіме. Жалпы қазақ пен қырғыздың палуандары сайысқа түскенде ел намысын қорғаған бөріктілер қазақта аз болмаған. Ал оларды бойынан қайраты қайтқанда ұмыт қалдыру азаматтығымызға жат. Сондықтан осындай есті әңгімені сөз етіп, кейіпкерлерді жас ұрпаққа үлгі ету – бұл да бір патриоттық тәрбие. Өткені бұл елдің атын шығаратын ерлердің қатарының көбеюіне сеп болмақ .
Нұржан ӘЛІШ
Келесі мақала