БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ – РУХАНИ ҚАЗЫНА
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Менеджмент академиясының профессоры Меңдібай Әбіловтың 65 жылдық мерейтойына орай «Балалар әдебиеті тарихының қалыптасуы және Жаңа Қазақстан дәуіріндегі филология ғылымының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға «Балдырған» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсен Мағлұмов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ахмет Өмірзақ, облыстық «АQ JOL» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының жетекшісі Хамит Есаман, облыстық «АR-AI» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тұрсынбек Сұлтанбеков, бірқатар ғалымдар, орта мектеп оқушылары, сондай-ақ институт ұжымы мен студенттер қатысты.
Ғылыми жиынды Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Марат Баяндин ашып, Меңлібай Әбілұлын мерейлі жасымен құттықтап, мерейтой иесінің ғылымға, балалар әдебиеті тарихын зерттеуде қосқан айрықша үлесіне тоқталды. Сөз соңында ол Халықаралық ақпараттық академиясының академигі төсбелгісін табыс етті.
«Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов та мерейтой иесіне ақ тілегін арнады.
– Меңдібай екеуміздің достығымыз 1990 жылдардан бері жалғасып келеді. Оның адамдық қасиеті, ғылым-білімге қосқан үлесі жайында айта берсең бір кітапқа арқау болады. Сондықтан ол жайлы созбалап айтып жату артық болар. Мен оның бір ғана қасиетіне тоқталып өтейін. Кезінде қазақ тарихын бірнеше кезеңге бөліп, қаншама ғылыми зерттеу еңбектер, тарихи романдар жазып, қазақ тарихына үлкен серпіліс әкелген Мұхтар Мағауин ағамыздың еңбегін ел ұмыта қойған жоқ. Меңдібай Әбілұлы да Мұхтар ағамыз секілді балалар ауыз әдебиетін тайпалық кезеңнен, ежелгі түркі дәуірінен бастап зерттеп, әдебиетке айтарлықтай үлес қосып жатыр. Меңдібайды мерейлі жасымен құттықтап, ісіне толағай табыс тілеймін, – дей келе, «Балдырған» балалар журналы ұжымының құттықтау хатын оқып берді.
Бұдан кейін Хамит Есаман мерейтой иесінің жазушылық, журналистік қырына тоқтала өтіп, Қазақстан Жазушылар одағының құттықтау хатын табыс етті. Мұнан соң аталған оқу орнының ғылым және коммерциялау жөніндегі ректордың кеңесшісі, профессор Серік Тажібаев пленарлық мәжілістің баяндамашыларына ақ жол тілеп, жұртшылықты ғылымдағы соңғы жаңалықтармен таныстырып өтті.
Халықаралық конференция «М.Әбілұлы және балалар әдебиеті тарихының қалыптасу, даму кезеңдері», «Филология ғылымы: кеше, бүгін, ертең», «Білім беру жүйесіндегі педагогтың инновациялық қызметі» атты үш бағыт бойынша жүргізілді.
Меңдібай Әбілұлының мерейтойына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға 150-ге жуық ғылыми мақалалар мен баяндамалар келіп түскен. Пленарлық мәжілісте 8 баяндама тыңдалды. Атап айтқанда, Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің докторанты Перхан Алламбергенова «Телевидения және балалар әдебиеті» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашылар қатарында Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ақын Махсет Алсейтов («Тереңнен бастау алатын балалар әдебиеті»), Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ізденушісі Болтаев Наффол Содикугли («Жаҳон болалар адабиёти ва унинг ўзбек радиосидаги тарғиботи»), М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Ұстаз» институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының» 1-курс студенті Нұрсұлу Саден («Меңдібай Әбілұлы – сықақшы жазушы»), Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның 7-сынып оқушысы, Камила Аязбай («Бердібек Соқпақбаев, Оралхан Бөкей шығармаларындағы жеткіншек бейнесі»), Меркі ауданы, Тұрар Рысқұлов атындағы №20 жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Назерке Айбас («Балалар әдебиетінің негізін қалаушылар») болды.
Сонымен қатар Ұлыбританиядағы Лидс қаласынан арнайы келген Лидс университетінің ағылшын тілін тіл тасымалдаушылармен оқыту орталығының мұғалім-тренері Мистер Моо «Ұлыбританиядағы балалар әдебиеті», Манчестер қаласы, Род-Айленд университетінің ағылшын тілін тіл тасымалдаушылармен оқыту орталығының мұғалім-тренері Миссис Алфредер «Меңдібай Әбілұлы және ежелгі дәуірдегі балалар ауыз әдебиеті» тақырыптарында баяндама жасады. Ұлыбританиялық ғалымдардың мақалаларында Ұлыбританиядағы балалар әдебиетінің өзекті мәселелері қарастырылып, Меңдібай Әбілұлының ғылыми еңбектеріне кеңінен талдау жасады.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Филология және журналистика» кафедрасының доценті Темірбай Мұқашев та «М.Әбілұлы және қазақ балалар әдебиеті» тақырыбында баяндама жасап, қазақтың балалар әдебиетінде де қазіргі кезде балалар да, үлкендер де тамсана оқитын «Сақина әміршісі», «Гарри Поттер» секілді шытырман оқиғалы небір шығармалар бар екендігін сөз етті.
Ғылыми конференцияда А.Гайдар атындағы №35 орта мектептің оқушылары Бақжан Иманқұл, Нұржан Иманқұл, Жансая Сейтжанқызы, Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының оқушысы Гулфайруз Құрманғазы, Ә.Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназиясының оқушылары Мағжан Меңдібай және Айерке Меңдібай қатысып, ақын М.Әбілұлының «Шабытты шақ» жинағынан өлең үзінділерін жатқа оқыды.
Пленарлық мәжіліске қатысқан зиялы қауым өкілдерін Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты педагогика факультетінің деканы Әдемі Ботабаева, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, доцент Рабиға Беркенова І дәрежелі дипломдармен, сертификаттармен марапаттады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала
ӘЛІБЕК ПЕН ӘЛІМДЕРДІҢ ӘЛЕГІ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024