«Жұмыс істеймін деп оқудан қуыла жаздағанмын»
Біз Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында филология факультетінің «Қазақ тілі және қазақ әдебиеті» мамандығында оқығанбыз. Оқуға түскен 2010 жылы институттың сол кездегі ректоры Асқар Абдуалиевтің ректорлық грантының иегері болғанмын. Екінші курстың соңына қарай бір мектепте оқыған, институтта да бірге жүрген жақын досым Ерлан Асанов екеуіміз Ақтау қаласына жұмыс істеуге бардық. Маусым, шілде, тамыз айларында жұмыс істедік.
Еңбектің қызығына кіріп кеткеніміз соншалық, қыркүйек, қазанда да Ақтауда қалып қойдық. Солай алаңсыз жүргенімізде институттан «Тез жетіңдер, әйтпесе оқудан шығарыласыңдар» деп хабарласты. Не керек, алып-ұшып Ақтаудан пойызға мініп, үш күн жүріп Таразға жеттік. Келген бетімізде оқуға бардық. Жағдай шынымен-ақ қиын, насырға шауып кеткен екен. Досым Ерланды «Бір жарым ай себепсіз сабаққа қатыспадың» деп оқудан шығарып жіберді. Қолдан келер дәрмен, ақталатын себеп жоқ.
Мені деканатқа шақыртты. Қырсыққанда деканымыз да ауысып кеткен екен. Айсұлу Тұрарова әпкеміздің орнына Меруерт Көпбаева деген кісі келген. Жаңа деканымыз не үшін бір жарым ай сабаққа келмегенімді сұрады. Расында да өзімді ақтап алар нақты себеп жоқ. Амалсыз «Отбасы жағдайыммен Ақтауға барып жұмыс істеуіме тура келді» деп жағдайымды түсіндірдім. Меруерт апай тыңдап болғаннан кейін журналды ашып қарап, «Ректордың грантын алады екенсің», деді. Мен «Иә» деп жауап бердім. Ол кісі: «Ендеше былай етейік. Әлемдік жарыстан каратэ-до бойынша жеңімпаз болып келген қызымыз бар. Грантыңды соған бер. Сен оқуда қалып, біліміңді ары қарай жалғастыра бересің», деп ұсыныс жасады. Оқудан шығып қалғанша, гранттан қағылғаным жақсы. Қуана келістім. Әңгімеден кейін қырық минут өтті ме, өтпеді ме білмеймін, сабақта отырған жерімнен декан қайта шақыртты. Мына қызықты қараңыз, «Әр істің қайыры бар» демекші, ректор грантынан айырылсам да артында одан да үлкен қуаныш тұр екен. Деканымыз Меруерт апай: «Нұрболат, осы оқу жылында мемлекеттік грантқа іліккендердің тізіміне еніпсің. Екі айдан бері саған шәкіртақы түсіп тұрған», деді. Жұмыстың қызу ортасында жүргенімде оқуда не болып жатқанынан мүлдем хабарсыз қалыппын. Тіпті мемлекеттік шәкіртақы иегері атанғанымды да білмегенмін. Ай, қуанғаным-ай. «Басы қатты, аяғы тәтті» дегендей, «оқудан шығарыламын-ау» деген оймен қатты қобалжып барғанымда тек грантымнан қағылып құтылдым. Оған да іштей өкінгеніммен, артынша жоғары грантқа ие болдым. Осы шәкіртақымның алғашқы ақшасына әпкеме телефон алып беріп қуантқанмын. Несін жасырайын, осы мемлекеттік грантқа ректорымыз Асқар Абдуалиев ағамыздың арқасында іліктім. Шынымды айтайын, кейде оқығым келмей «Сырттай бөлімге ауысып жұмыс істей берсем бе екен? деп те ойлағанмын. Оған Асқар аға көнбеді. Мені үнемі ынталандырып, барынша ағалық қамқорлық танытты. Қандай жағдайда да қолынан келген көмегін көрсетті. Үлкен өмірге қадам басуыма себепкер болған да – сол жан. Қазір бір қызметтің тізгінін ұстап, өзім де лауазымды жан атандым. Бірақ ректорымның маған жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Үмітін ақтауға тырысып келемін.
Осылай жұмыс жасаймын деп оқудан қуыла жаздағаным бар.
Нұрболат САТЫМҚҰЛ, Қордай ауданы әкімі аппаратының басшысы
Келесі мақала