Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Мен кім болмадым?»

«Мен кім болмадым?»
ашық дереккөз
«Мен кім болмадым?»
Әп-әдемі азан шақырып қойған ныспыма лақап есімдер жабысқыш-ақ осы. Жалпы мен кім болмадым? Депутат, боксер, актер, сыған, Будулай, Дудаев та болдым. Есенқұл Жақыпбек ағамыздың қолынан «Заслуженный тамада КазССР» деген куәлік алып, «Заслуженный» деген лақап атты жаныма жапсырып алғаным тағы бар. Студент кезіміз. Сабырдың ұлы Қуаныш желкелеп отырып ЖенПИ-ге алып барды. Ниеті – ауылдас қыздарын мерекемен жақсылап құттықтамақ. Қуаныштың құттықтап келгеніне риза болған қыздардың қуанышында шек жоқ. «Ауылдас жігіттер келді» деп сол жатақханада тұратын жамбылдық қыздар түгел жиналды. Мен қыздарды, қыздар мені танымайды. Қулыққа басқан Қуаныш мені Серік Қонақбаевтың туған інісі Ерік Қонақбаев деп таныстырып жіберді. Содан қыздарда ес жоқ. «Сіз де Серік аға сияқты бокспен шұғылданасыз ба?» деп біреуі тосын сұрақты дүңк еткізді. Қуаныш «ал жауап беріп көр» дегендей миығынан күліп, маған қарап мәз болып отыр. «Қыздар, Серік екеуміз бала кезден бокспен айналысқанбыз. Әкем: «Бір үйге бір боксер жетеді. Жолыңды ағаңа бер», деген соң есейе келе тастап кеттім», деп бетім былш етпей өтірікті соғып жібердім. Енді қайтемін, Қуаныш бастаған спектакльді аяғына дейін ойнап шығуым керек қой. Қыздар бөлмелеріндегі сары майдай сақтағандарын түгел шығарып, дастарқанды жайнатып жіберді. Керемет кеш болып, кетерде қимай-қимай қоштастық. Арада шамалы уақыт өткен соң сол қыздардың бірі жатақханама іздеп келді. «Ағай, бүгін біздің бөлмедегі құрбымыздың туған күні еді, соған сізді арнайы шақыра келдім», деді. Күн сенбі болатын. Әртүрлі сылтау айтып көріп едім, болмады. Жерлес қарындас: «Егер сіз келмесеңіз туған күніміздің быт-шыты шығады. Міндетті түрде келіңіз», деп қиылып өтінді де бұрылып кете барды. Міне, қызық. «Мен бармасам ол туған күн неге быт-шыт болады? Ол быт-шытқа менің қатысым қанша?» деген сұрақтар мазалай бастады. «Әлде туған күнін жасайтын әлгі қыз маған ғашық болып қалды ма екен?» деген ой санада қылаң берді. Хош, сонымен шырттай киініп, «Шипр» деген әтірді үстіме аямай сеуіп ЖенПИ-ге тарттым. «Шампанның» қат кезі, «Игристое» деген шипучийдің біреуін, «Сказка» тортының біреуін алып қыздарға келдім. Танымайтын үш-төрт жігіт бар екен. Олардың түр-сипатына үңіліп қарап алдым да асабалықты қолға алып, туған күнді бастап кеттім. Үзіліс болды. Дискотека өтетін арнайы залға барып билеп жатырмыз. Бір кезде шам жарқ ете қалып, артынша бір қыз «ойбай, келе жатыр» деп айқай салды. Қыздар қонақ жігіттерін қалқалап би алаңынан жайлап жылыстай бастады. Қасымдағы қыздан «Кім келе жатыр?» деп сұрадым. Қолтығымнан қыса ұстаған қыз: «Кинг-Конг» келе жатыр. Жамбылдың жігіті, Киров зауытында істейді. «Контуженный» біреу, қазір енді рұқсатсыз кірген жігіттерді ұрып-соғатын болды ғой», деп қамыға жауап берді. Серік Қонақбаевтың інісімін. «Боксер» деген атым тағы бар. «Не істесем екен?» деп ойлап үлгергенше би залына «Кинг-Конг» кіріп келді. «Карелиннің» денесіндей тұлғасы бар шомбал қара біреу. Қасында бір топ нөкері бар. Жан-жағына барлап көз салған оның назары маған түсті. Ұзақ тесіле қарап тұрды да гүжілдеген даусымен «Братан» деп алшаң басып, маған қарай жақындады. Қасымдағы екі қыз қолтығымнан қыса ұстап дірілдей бастады. Әлгі дәу келген бойда мені қапсыра құшақтап, тік көтеріп алды. Мәссаған, осындай да сәйкестік болады екен-ау. Бүкіл ЖенПИ-ді шулатып жүрген «Кинг-Конг» ауылдасым, туған інімнің кластасы болып шықты. Ауған алапатынан аман шыққан кезі. «Кинг-Конг» інім екі аяғымды жерге тигізбей қыздардың бөлмесіне бірақ алып келді. Жандайшаптарын жан-жаққа жүгіртіп жіберді. Олар да жылдам екен, лып-лып еткізіп бір-бір «гранатадан» құшақтап жетіп келді. Бөлмедегі төбелеске тастүйін дайын тұрған қонақ жігіттер де жайланып сала берді. Сол түні сол жатақханада мамыражай түн болды. «Серік Қонақбаевтың інісі. Боксер» деген аспандағы абыройым әдірем қалды. Атышулы «Кинг-Конгтың» жерлесі деген атағым жұлдыздан да жоғарылап біраз жерді шарлап кетті. Сол күннен бастап ЖенПИ-дің кез келген жатақханасына рұқсатcыз кіру мәртебесіне ие болдым. О, шіркін, дәурен-ай!

Шоқан ШӨЖЕЕВ, тележурналист, «Jambyl» телеарнасындағы «Патриот» хабарының авторы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар