Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚАРА БАТЫР

ҚАРА БАТЫР
ашық дереккөз
ҚАРА БАТЫР
Жақында ауылымыздың құймақұлақ, өзі ақын, өзі шешен қариясы Әбілхан Бәзіловпен кездесіп қалдым. Әбекең: – Сіз өлке тарихынан біраз хабарыңыз бар, зерделі кісісіз ғой. Мен өзіңізге көптен көкейде жүрген бір әңгімені айтайын деп едім. Ертеректе ауылдың қарияларынан естіп едім. Айтайын дегенім, біздің арғы атамыз, яғни 8-бабамыз Қара батыр жайлы еді. Бірінші сізге ауылдың іргесіндегі қорғанның орнын көрсетейін, әңгімемді одан кейін жалғастырамын, – деді. Содан екеуміз машинаға отырып, ауылға кіреберіс жердегі каналдың жағасына келіп тоқтадық. Көп ұзамай-ақ алдымыздан үйінділер, арықтар кездесе бастады. – Міне, мына жерде жоңғар шапқыншылығы кезінде біздің бабамыз Қара батыр 500-дей сарбазды басқарып, осы маңға 10 қорған салған екен. Соның бірі – Жаңақорған. Мұнда дәл осындай тағы біраз қорған бар. Міне, көріңіз, мына жерде дуал болған, мұнда арық болған. Әрбір қорған-бекіністе 60-тай аттылы сарбаз жауға қарсы бекініспен сақадай сай тұрған, – деп әңгімесін жалғастырды Әбілхан қария. Бұл қорған көнекөз қариялардың айтуы бойынша, шамамен 1715 жылы соғылған. Содан 1721 жылы Жоңғар қолы Ойыққа кіреді. Қазақтың қолы ішінде Төлеп батыр да бар болатын. Биғожаұлы Төлеп батыр – XVIII ғасырда өмір сүрген, Абылай ханның басқаруымен Бөгенбай, Қабанбай, Мәмбет, Саңырақ батырлармен тізе қосып, ыстының қолын, яғни 500 сарбазды бастаған батырлардың бірі. Екі жақтың қалың қолы Тайтөбе деген жерде кездеседі. Сол заманның соғыс шарты бойынша, ең әуелі жекпе-жек басталады. Жоңғардан бір жас батыр шығып, қазақ сарбаздарынан жекпе-жекке шығуын күтеді. Сонда Төлеп батыр қазақ жауынгерлерінен Қара батырды шығарады. Екі батыр айқаса кетеді. Екеуі бірін-бірі ала алмай түс ауғанға дейін шайқасады. Бір кезде оңтайына келді ме, Қара батыр қарсыласын аттан қағып түсіреді. Енді өлтірмекші болғанда әлгі қалмақ батыры дулығасын жұлып алып, басын сілкіп қалса, қолаң шашы тобығына түскен қыз екен. Қара батыр өжет қызды өлтіруге қимайды. Сол кезде қыз айтыпты: «Мен өзіме серт бердім. Кімде-кім жекпе-жекте мені жеңсе, соның жары боламын, соған тиемін. Мен жеңілдім, мен сендікпін, не айтсаң соған көнемін», депті. Қыздың тілін түсінбеген Қара батыр оны өз сарбаздарына алып келеді. Іштерінде жоңғар тілін білетін жауынгерден қыздың ниетін естіп білген батыр таңғалады. Қыздың есімі Құндызай екен. Жекпе-жекте өз батыры жеңілген жоңғар қолы кейін шегінеді. Қазақ сарбаздары жауды түре қуып, Шу маңында талқандаған екен. Қара батыр өз әкесіне олжа қызды бермек болады, бірақ әкесі қабылдамайды. Атасы Ерназар сол кезде алпыста екен, сол атасына қосыпты. Ерназардан сол жоңғар қызы үш ұл туыпты. Олар да батыр болып өсіпті. Сол бабамыздан тараған ұрпақпыз. Менің әкем Бәзілұлы Мұса жетінші ұрпағы. Әкем елге белгілі адам болған, колхоз төрағасы, басқа да жауапты қызметтерді атқарды. 1938 жылы Амангелді ауылына мектеп салды. Осы әкем жайлы да азын-аулақ әңгіме айтып берейін. Әкем 1938 жылы өз қаржысына керекті құрылыс заттарын алып, жиырма шақты ауыл жігіттерін ұйымдастырып, Амангелдіде үлкен мектеп салады. Сонда мектеп салып жатқанда ауылға ауданнан төрт милиционер келіпті. – Мына үйді кім салдыртып жатыр? – депті. Сонда кірпіш қалап жатқан Мұса: – Мен, – депті. – Сен бұл үйді не үшін салып жатсың, қаржыны қайдан алдың?! – дейді ғой милиция басшысы. Сонда Мұса: – Менің өз малым бар, соны сатып, мына ауылдағы елге хат танысын, оқысын деп мектеп салып жатырмыз, – депті. Ішіндегі шені жоғары бастық есі бар азамат екен. – Дұрыс! Бұның сауапты, жақсы іс екен, – деп қайтып кетіпті. Дегенмен көптеген кедергілер кездесіп, сол мектептің құрылысы 1952 жылы бітіпті. Мектепте талай ел атын шығарған белгілі азаматтар оқып бітірді. Бұл кісілердің біразының қазір де көзі тірі. Ауылда мынадай да әңгіме бар. – Мұса деген қандай кісі, – деп сауал тастайды ғой. Сонда ауыл қариясы: – Қараңғы үйде бір білте шам жанып тұрса, сол білте шам Мұса дер едім, – депті. Міне, тектілік деген. Кезінде жоңғарларды түре қуған қолбасшы Қара батырдың ұрпақтары осылай өсіп-өрбіп жатырмыз, – деп әңгімені түйді Әбілхан қария. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген халық даналығы бекерге айтылмаса керек. Әбілхан қарияның әңгімесінен мен осындай ой түйдім.

Пана РАХЫМАНБЕРДІҰЛЫ, Ойық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Талас ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар