Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

НОҒАЙ ИШАН ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

НОҒАЙ ИШАН ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
ашық дереккөз
НОҒАЙ ИШАН ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Ноғай ишан кесенесі Талас ауданының Ойық ауылында 1920 жылдары бой көтерген. Ауыл адамдары кесене деп өте кете құлшылық жасаса да Ноғай ишан деген кім екенін, оның қандай құдіреті барын, кім болған кісі екенін ешкім біле бермейді. Интернет әлемі де бізге қажет ақпараттарды бере алмайды. Ноғай ишан зиратының сырын ашу үшін Ойық ауылының тұрғыны Жасыбеков Әбдікәрім Сәрсенбекұлымен сұхбат құрдым. Ноғай ишан кесенесі 1858-1921 жылдар арасында өмір сүрген Сапарғали Шайһы Ахметұлы атты әулие, қожа адамға көзі тірісінде тұрғызылған зират. Өзі ғана емес, ата-бабасы, тіпті өзінен тараған ұрпақтары да әулиелікпен елге аты жайылған адамдар болған. Сапарғали ишанды Созақ жерінен 1870 жылдары 13 жасында ойық руынан тараған сәтектен шүрегейге қожа етіп Пірімбет есімді шал алып келеді. Алғашында мұндағы басқа қожалардан қысым көрсе де елге сіңіп, осында шүрегей сәтектің қожасы болып қалады. – Сапарғали ишанды біз әулие деп мойындаймыз. Сол уақытта Әулиеата жерінен осы Ойық жеріне ауруына ем іздеп Сапарғали ишанға жолға шыққан 3 жолаушы жолда «әй, біздің бұлай жолға шыққанымызды қожа білмейді ғой, білсе, 1-1 тақиядан кигізсе» деп пендешілікпен айтқан екен. Ауылға жетіп, үйге түскенде түпкі бөлмеден шыққан ишан тігінші бейбішесіне 3 қонаққа  тақия тігіп беруін сұрайды. Сонда ишан әулиелігімен бұл кісілердің жолға шыққанын алдын ала білген екен. Кесенеге келер болсақ, ел оны кесене дегенімен, бұл – зират. Мұнда Сапарғали ишанның жамбасы тиген. Кеңес үкіметі орнаған заманда бұл зиратты бұзбақ болады. Сонда бір топ адам ишанның орнын ауыстырады. Алғашында сәтек руындағы Ырысжан есімді азаматтың қамбасы болып, кейіннен орнына осы зират салынады. Бұл аңыздарды жатқа білуімнің себебі, менің нағашы апам Ұлмекен зираттың шырақшысы болған. Әңгімені тікелей анамның өз аузынан естідім. Бір кездері мұны бұзып, дүкен етеді. Дүкенге қос қызы бар орыс әйел тұрған екен. Бірақ екі қызы бірдей шетінеп кеткен соң орыс әйел бұл жерден тайып тұрған екен. Одан кейін бұзауқора етеді. Дегенмен бұзаулар да шетінен қырыла бастайды. Сөйтіп, бұзаулар да бұл жерден көшіріледі.  Онан соң зират жанына мақта еккен. Мақталар керемет шығады. Бірақ мақта теруге барғандарды зират маңын мекен еткен жылан жолатпайды. Сонда нағашы апам Ұлмекен отырса ғана жұмысшылардың қабы толып қайтады екен, – дейді Әбдікәрім Сәрсенбекұлы. «Ишан» аты жалпы Сапарғали Шайһы Ахметұлының ата-бабасына берген атақ, лақап ат. «Ноғай» аты татар елінен келгендіктен қойылған. Сапарғали әулиеге ғана емес, оның әкесі Шайһы Ахметке де Ишан лақабы берілген. Ел арасында да Шайһы Ахметтің әулие болғаны тараған. Кезінде әулие үлкен мешіт салмақ болғанда ағаштың тапшылығы орнаған. Ағашы көп байдан ағаш сұрап барғанда Шайһы Ахметтен бала сұрайды. Жылдар бойы балалы бола алмаған байға 5 ұлды болатынын, бірақ бір баласы кем болатынын айтады. Әулие айтқандай, бай 5 ұлды болады, бір ұлының қолы кемдеу туады. Сапарғали ишанның Қастай, Мақира атты екі қызы болады. Ұрпағы, осы қыздар да ата-бабасының әулиелігін дәлелдейді. Ел арасында жүрген аңыздардан Ноғай ишан зиратының үстінде дегелектің ұясы болғанын білеміз. Бірақ сирек көзге көрінетін қасиетті құстың орнынан жоқ болып кетуіне ел сан алуан себеп айтады. Бірі зиратты бұзбақ болғандар ұясын құлатқан, ал құлатқан адам сол жерде мерт болған десе, кейбірі дегелектің сыңары тоққа түсіп өлгенін алға тартады. Осылайша ұзақ уақыт оралмаған дегелектің ұясы алынып тасталған екен, – дейді. 100 жылға жуық тұрған зираттың тұрқы әлі сол күйі. Алайда қабырғаларының құлағаны анық байқалады. Зираттың да құрылысы толық аяқталмаған. Айта кетейік, ауылымыздың белсенді жастарының бірі Әділет Дәулетбердіұлы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен ҚР Ақпарттық және қоғамдық даму министрлігінің және Маңғыстау облысы Азаматтық альянсының ұйымдастыруымен өткен шағын гранттар конкурсында жеңімпаз атанып, кесененің сыртқы қоршауын жаңартқан болатын.

Назира ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, Б.Әлменұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы, Талас ауданы, Ойық ауылы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар