Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

КӨКТЕМГІ ӘЛСІЗДІКТЕН ҚАЛАЙ АРЫЛАМЫЗ?

КӨКТЕМГІ ӘЛСІЗДІКТЕН ҚАЛАЙ АРЫЛАМЫЗ?
ашық дереккөз
КӨКТЕМГІ ӘЛСІЗДІКТЕН ҚАЛАЙ АРЫЛАМЫЗ?
Күн жылынып, көктем келісімен баршамызды жалқаулық қысып, әлсіздік басып, шаршаңқы күй билейді. Қазақ халқы «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезі, көкөзек шақ» деп көктемді бекерге атамаса керек. Тіршілік атаулы оянып, құлпырып жатқан шақта көпшілігіміз дәрумен жетіспеушілігінің кесірінен авитаминозға шалдығып жатамыз. Қар еріп, ауа райы өзгере бастағанда адамдар қан қысымының төмендеуі мен бас ауруларынан жиі зардап шегеді. Осы орайда неліктен адамның әлсірейтіндігі, дәрумендердің орнын қалай толықтыратынымызды, ағзаға қандай түрі жетіспейтінін анықтауға болатыны жайлы №8 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Айнұр Жақсынбеттен сұрадық. – Қыстан қиналмай шығып, көкке жеттік деп ата-бабаларымыз көктем шыққанда ағарған ішіп, көк-сөк жеп, дұрыс тамақтануға көп көңіл бөлген. Қыста көп қимылдай бермейтініміз жасырын емес. Сонымен қатар ет тағамдарын тұтынамыз. Қыстан ағзамыздың әлсіреп шығатынының себебі де сол, жылу сақтауға көп ресурс жұмсаймыз және жабық банкадағы өнім, сүрленген ет сияқты ұзақ уақыт сақтауға болатын, алайда қажет витамин көлемін толық қамтамасыз ете алмайтын тағам жейміз. Бұдан бөлек күннің көзі жылт етсе болды иммун жүйеміздің дайындалып үлгермегеніне қарамастан жеңіл киіне бастаймыз. Сондықтан күн жыли бастағанда жеміс пен көкөністі көп тұтыну қажет. Егер көктемгі әлсіздікке, шаршап-шалдығуға дұрыстап мән бермесеңіз, арты жүрек ауруына әкелуі мүмкін. Сол үшін көктем басталысымен жалпы қан анализін тапсыру қажет. Егер бас айналып, құлақ шуылдай берсе, онда В6 және Е дәрумендері  және марганец пен калийді көбірек тұтыну керек. Ал көзіңіз қызарса, қараңғы жерге бірден үйренісе алмасаңыз, А және В2 дәрумендері жетіспейді деген сөз. В12, В6, Р және селен жетіспесе, баста қайызғақ көбейіп кетеді. Шашыңыздың түсі солғын, ұштанғыш болса, В9, С витаминдеріне басымдық беру ұсынылады. С дәруменінің  жетіспейтінін дененің жеңіл ұрып алған жерінде де көгерген із қалып, оның көпке дейін кетпеуінен білуге болады. Ұйқы бұзылса, В тобының дәрумендерін  қабылдау керек. Себебі сау ағза баршамызға қажет, – дейді Айнұр Әмірбекқызы. Сондай-ақ маман реті келсе саумал, айран, сүт ішіп, құрт және жаңадан шыққан картоп, сәбіз, шпинат, орамжапырақ, жалпы көк-сөкті көп тұтыну қажеттігін айтады. Емханаға келген соң кезекте тұрған науқастармен де сөйлестік. Райма Абдрахманова есімді тұрғын көктемде басы айналып, әлсіздікті сезініп жүргенін, ұйқы қысып, ешнәрсеге зауқы соқпайтынын, жүйке жүйесі де сыр беріп, ашуланшақ болып кеткенін айтады. Мұның бәрі авитаминоз, яғни дәрумен жетіспеушілігі екенін жеткізді дәрігер. – Дұрыс ұйқы – денсаулық кепілі. Күніне кем дегенде 8 сағат ұйықтап, түс уақытында мүмкіндік болса бір мезгіл тынығып алғаныңыз дұрыс. Көктемгі әлсіздіктен құтылудың бір жолы – дәрілік шөптерді ішу. Мәселен, әлсіздіктен құтылу үшін өгейшөп, қалақай мен бақбақтың жас жапырақтарын 1 литр суда қайнатып, оны күніне жарты стақаннан ішіп жүрсеңіз, тәуліктік дәрумен мен микроэлементтердің орнын толтырасыз. Бұл – С дәрумені, кальций, темір, фосфорға бай тұнба. Сондай-ақ шаршап, бойыңызды енжарлық билесе қарағай қылқаны, шүйгіншөп, сасықшөп жапырақтарының қайнатындысы қосылған ванна қабылдау керек, – дейді Айнұр Әмірбекқызы.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар