ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ ИСЛАМ ДІНІН ҚАБЫЛДАДЫ
Алла Тағала қалаған құлын ғана тура жолға салады. Ол мейлі өзге ұлт өкілі немесе басқа дінді ұстанып жүрген адам болсын, Алла қаласа, барлығы бір мезетте өзгере алады. Осындай оқиға Рамазан айының тұсында облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде болды. Мешітке келген бірнеше өзге дін ұстанушы әрі өзге ұлт өкілдері өз еріктерімен ислам дінін қабылдады.
Рамазан айынан бірер күн бұрын облыстық мешітке келіп, ислам дінін қабылдағандардың оқиғалары да әртүрлі. Мәселен, Анна есімді тараздық келіншек өз туған күнінде мешітке аяқ басып, мұсылман болғысы келетінін жеткізеді. Аннамен «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің ұстазы Азамат Әбдірахманов тілдесіп, кәлима-шахадат айтқызды. Ислам діні, иман жайлы уағыз-насихат айтылып, сұрақтарына жауап берілді.
Анна Астана қаласына барған сапарында бас мешітке кіріп, аралаған екен. Келіншектің айтуынша, мұсылмандықтың көркем көрінісі толғандырып, сол сәтте Алла жүрегіне иман нұрын сеуіп, хидаят берген-ді. Мешітте тұрып Анна «Таразға оралсам, міндеті түрде исламды қабылдаймын» деп өзіне серт беріпті. Осылайша Таразға оралған соң туған күніне сыйлық жасап, хақ дінге қадам басыпты.
Және кейіпкеріміз бұл жағдаймен «ТikTok» әлеуметтік желіcіндегі парақшасында бөлісіп, «Мен жаңадан өмірге келдім» деп жазба қалдырыпты.
Сол секілді Руслан Әмиржанов, Тимурлан Сергейович, Руслан Серікқалиұлы сынды азаматтар да мешітке арнайы келіп, ислам дінін қабылдады.
Руслан Серікқалиұлының анасы орыс, әкесі қазақ. Алайда бала кезінде шешесінің діні христиандықпен тәрбиеленіп, нағашы апасы оны шіркеуге апарып шоқындырған екен. Ержетіп, иманды ортаға тап болған Руслан Алласын тауып, мұсылмандықты қабылдады. Сондай-ақ соңғы әрі хақиқи ислам дінімен қауышқандығына өте риза екендігін білдіріп, мешіт мамандарына алғыс айтты.
– Қасымдағы жүрген достарым мұсылмандар. Көпшілігі намаз оқиды. Олардың иманжүзділігіне қатты қызықтым. Сонан соң ислам жайлы ақпарат, білім жинай бастадым. Сөйтіп, жақсы ортаның себебімен исламды тани алдым. Осылайша өз қалауыммен, жан жүрегіммен мұсылман болғым келді. Осы ниетпен мешітке келдім, – дейді Руслан.
Қасиетті Рамазан айында асыл дініміз исламды қабылдауға бел буғандардың бірі Алексей есімді азамат. Алексейді облыстық мешіттің найб имамы Нұралы Бақытұлы қарсы алып, оның дінге келудегі мақсатын сұрап, ислам діні туралы уағыз айтты. Ислам діні жүрегіне жақын болып, өзінің шынайы мұсылман болуға деген талпынысы бар екенін байқаған Алексейге кәлима-шахадатты айтқызып, дініндегі бес парызды түсіндірді. Ислам дінін үлкен ықыласпен, зор қуанышпен қабылдаған Алексей де өз ризашылығын білдірді.
«Алла Тағала өзінің кеңшілігімен қалағанына һидаят береді және (өзінің кеңшілігімен) қалағанын (күнәлардан, адасудан) қорғаштайды», дейді имам Тахауи. Түрлі ағым мен жалған діндер көбейген уақытта қараңғыдағы шамшырақ – хақ ислам дінін табу пенденің маңдайына жазылған бақ десек, артық айтқандық емес.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала