Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Халыққа жақын әкім

Халыққа жақын әкім
ашық дереккөз
Халыққа жақын әкім
Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын өңірімізде боранды дауыл тұрып, облысымыздың түрлі автожолдарында күшті желдің салдарынан біраз көлік қар құрсауында қалған еді. Тіпті Сарысу, Талас аудандарында тұрғын үйлердің шатыры ұшып, электр бағаналары құлап, газ, жылу, электр энергиясы сөніп, төтенше жағдай жарияланғаны есте. Әсіресе далада қалған жолаушыларды іздеп табу, қауіпсіз жерге орналастыру құтқару қызметі үшін оңай болған жоқ. Сол бір қарлы боранда Тараз – Қаратау бағытындағы автожолда бірнеше көлік қар құрсауында қалып, 70 адамды Талас ауданындағы Берікқара ауылдық округінің әкімі Ербол Смайлов құтқарған болатын. Бұл жайында түрлі ақпарат құралдарында мәлімет лезде тарап, дауылда далада қалған жолаушыларға қол ұшын созған Е.Смайлов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының алғыс хатымен марапатталды. «Ауыл әкімімін» деп шіренбей, өз басын қатерге тіккен осындай мемлекеттік қызметкерді жалпақ жұртқа жария ету дәл бүгінгі қоғамға аса қажет-ақ. Біз Берікқара ауылдық округіне қарасты Майтөбе ауылының тұрғыны Қалмұханбет Байболатовқа хабарластық. Ондағы бар ойымыз – зейнетке шыққанға дейін аталған ауылдағы Амантай Дәулетбеков атындағы орта метепте ұзақ жыл директорлық қызмет атқарған, ауылдың жағдайын да, тұрғындарды да бес саусағындай білетін қариядан Е.Смайлов жайлы сұрап білу. Бізбен тілдесу барысында Қалмұханбет Идімұханбетұлы ауыл әкімі Майтөбенің төлтумасы, өзінің көз алдында өскен, жасынан бойында адамгершілік қасиеті басым болғанын сөз етті. – Сол кездегі ақтүтек боран әлі есімізде. Біреуді біреу құтқармақ тұрмақ, әп-сәтте дауылдан, қарлы бораннан табанымыздың астын көру мұң болып қалды. Ауа райының қолайсыздығынан электр жарығы сөніп, адамның үйден тысқа шығуы да мүмкін емес еді. Мұндайда далада қыбыр еткен жан болмайтыны белгілі. Біз де кейіннен білдік қой, жол бойында 35 автокөлік қалып қойыпты. Негізі Ербол Тамдыбекұлы сол кезде жолға Рәпілбек Дөңбаев есімді ауыл тұрғынының отбасын іздеп шыққан екен. Сол күні Рәпілбектің үлкен баласы екі ұлын ертіп, фазендасына бару үшін жолға шыққан. Олардың малды ауылға бармағанын білген Р.Дөңбаев та жолға жиналған. Алайда ауылдық округ әкімдігіне малды ауылға Рәпілбектің де, немересі мен баласының да жетпегені туралы мәлімет түскен. Ербол осыны ести сала ескі «Нива» көлігімен оларды іздеп шығады. Өзінің көлігі де қардан омбылап жүре алмай, жолда қалып қояды. Боранда далада қалғандарды іздеп жүріп, ауыл әкімі де далада түнеген. Таң атқан соң жаяу-жалпылап жол бойынан Жаңатас қаласына кетіп бара жатып жолда қалған екі жас жігітті, тағы басқаларды кезіктіріп, бір жерге топтастырған. Ауылдық округ әкімдігінің мамандарына, төтенше жағдайлар қызметіне, ауыл тұрғындарына хабарласып, арнайы техника шақыртқан. Барлығы бірігіп, табылған жолаушыларды ауылға тасып, елді мекендегі мектепке, мешітке орналастырған. Ауыл әкімінің қолқасымен тұрғындар жолаушыларға ас-су дайындап, оларға қамқорлық көрсеткен. Боран екі күн бойы тоқтамады. Ауыл тұрғындары әкімнің ұйытқы болуымен жолаушыларды үйлеріне бөліп әкетіп паналаттырды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының бірлескен қимылының арқасында автокөліктер қар құрсауынан шығарылып, боран басылғаннан кейін жолаушылар өз жөніне кетті, – деді Қ.Байболатов. Ардагер ұстаз кезінде Ерболға сабақ бергенін тілге тиек етті. Айтуынша, Ербол Тамдыбекұлы ауылдық округте маман ретінде еңбек жолын бастаған, қызметте барлық сатыдан өтіп, өз ауылына біліктілігінің, тәжірибесінің, абыройының арқасында әкім болған. Ерболды ауылдық округ әкімі етіп тұрғындар өзі сайлапты. Оның атағының жалпақ жұртқа жария болуына мінезінің біртоғалығы, үлкенге иіліп тұратын азаматтығы, мейірімділігі, қайсарлығы мен ақыл-парасаты себеп болған. Осыдан кейін біз боранда немерелері мен баласын іздеп шығып, өзі де жолда қалған Рәпілбек Дөңбаевпен сөйлестік. – Жасым 65-те. Сол күні дауыл болмай тұрып 2 және 5-сынып оқитын екі немереммен бірге үлкен ұлым қыстауға кеткен болатын. Майтөбеден фазендамыз 5-ақ шақырым қашықтықта еді. Олардың қыстауға жетпегенін ести сала жолға шықтым. Бірақ мен де діттеген жеріме жете алмадым. Балам да дауыл соққанда қарға адым жерді көре алмай тасжолдан шығып кетіп, қалың қарда көлігі жүрмей қалып қойыпты. Шүкір, сол кездегі алапат дауылда жолда қалсақ та Алланың, ауыл тұрғындарының арқасында отбасымызбен аман-есен қауыштық. Бізді өзімнің інім болып келетін Бауыржан деген жақыным бастаған тағы басқа ауыл тұрғындары, ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері тауып, көмек көрсетті. Ауыл әкіміне рақмет! Бізді іздеп шығып, өзі далада түнесе де өзге жолаушыларға қамқорлық таныта білді. Ауыл болып жолда қалғандарға қарайласу жұмысын лайықты ұйымдастыра білді, – деді Р.Дөңбаев. Ауылдық округ әкімі ауыл тұрғындары жолда қалғанын естігенде қарап отыра алмапты. Қаратау – Тараз автомагистралінің бойында тасжолда қар құрсауында қалған көліктерді іздеп жүріп, бір күн далаға түнегенде ертесіне оны ауылдық округтегі мамандар, тұрғындар, құтқарушылар тапқан. Жолаушылар боранды күні далада жатқанда ауыл әкімінің «Басқа ел не болса ол болсын, өзіміз аманбыз» деп жылы пештің түбінде отырмай, дала кезуі ар алдындағы жауапкершілігі болса керек. Негізінде қазақта «Үйінен қырық қадам ұзап шыққан жолаушы – мүсәпір» деген сөз бар. Ата-бабамыз боранда адасқандар тұрмақ, ауылының тұсынан өткен қаймананы үйіне ертіп келіп, ас-су берген. Ат-көлігін жайғап, алғысын алған. Ерболдың да азаматтығы – осында. Таңды далада атырып, ертесіне де ел қамымен жүргендегі ширақтығына 2004-2006 жылдар аралығында ҚР Қарулы Күштерінің қатарында аға сержант болып әскери борышын өтеу кезінде жинаған тәжірибесі сеп болғаны анық. Мемлекеттік қызметте 8 жыл еңбек өтілі бар. Бүгінде үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ауылдық округ әкімімен сөйлескенде біз Майтөбе ауылының тұрғындарының ұйымшылдығына, ауызбіршілігіне риза болдық. Берікқара ауылдық округінде 2 252 тұрғын бар болса, оның 1 772-сі округ орталығы – Майтөбе ауылында. Қалғаны округке қарасты Қожағаппар ауылында тұрады. Ауыл тұрғынының бәрі де еңбекқор әрі қонақжай. Е.Смайлов қиналғанға қол ұшын созу әр адамның азаматтық борышы екенін, мұндай қасиет адам бойында ата-ананың берген тәрбиесі арқылы қалыптасатынын айтады. – Осы ауылдық округте үш жылдан бері әкім болып қызмет етіп жүрмін. Әрбір мемлекеттік қызметші азаматтардың пікіріне барынша мұқият және мүдделілікпен қарауы, қай жерде және қандай себептен мәселе туындаса да оның алдын алуға міндетті. Мемлекеттік қызметте жүрген азаматқа қойылар талап көп. Байқасаңыз, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататын қасиет – қарапайымдылық және адами қарым-қатынас. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Мен халыққа жақын болуға барынша тырысып келемін, – дейді ол. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» деген сөз бар халық даналығында. Жасыратыны жоқ, қазір мемлекеттік қызметкерге деген халықтың сенімі жоғалған. Базбіреулер мемлекеттік қызметкер десе, көз алдына жемқорды, түк бітірмесе де бюджеттің ақшасымен шалқып өмір сүретін адамдарды елестететін жағдайға жеттік. Бәлкім, бұл халықтың қордаланған мәселелері жылдар бойы шешімін таппауынан, көтерілген мәселенің соңы сиырқұйымшақтанып, проблеманың оң шешім табуына кейбір заңнаманың кедергі болуы, әкім не басқа да лауазымды қызметкерлердің халыққа құрғақ уәде берумен шектелуі, үдеден шыға алмауы, халықпен мемлекеттік қызметші арасында жақын қарым-қатынастың болмауы себеп шығар. Дегенмен мемлекеттік қызметкердің барлығы бірдей менменсінгендер емес. Олардың арасында көп алдында өзін-өзі ұстау мәдениеті жоғары, қордаланған мәселені дер кезінде шеше алмағанымен, бірақ себептерін халыққа жалпақ тілмен жеткізе алатын артықшылығы, өз ісін кәсібилік, біліктілік және зор жауапкершілікпен атқара алатыны баршылық. Негізі «бәрі де елге болсын» деген ниетпен күн кешіп, қашанда халық арасынан табылатын мемлекеттік қызметкерлердің абыройы ел алдында асқақ болатыны баршаға мәлім. Сондай азаматтардың қатары көбейе түссе, оларға деген халықтың сенімі де күшейеді. Ал ондай мемлекеттік қызметшінің қатары көбеюіне Ербол Смайловтай халыққа жақын азаматтар үлгі бола алады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар